Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қосылған құн салығын көтеру халыққа қалай әсер етпек?

Үкімет қосылған құн салығының мөлшері мен оны төлеушілер қатарын көбейтуді ұсынды. Былтыр салықты өсіруге қарсы болған президент биыл қолдау білдіріп, жылдамырақ енгізуді тапсырды. Сарапшылар салық ауыртпашылығы қарапайым тұтынушыға, салықты төлейтін бизнес иелеріне түседі дейді.

БЮДЖЕТ ЖЫРТЫҒЫН ЖАМАУ

28 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған аса маңызды әрі бүкіл халықтың тұрмысына әсер ететін мәселенің бірі – салық жүйесін реформалау жайлы болды.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілетінін айтты.

Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Жұманғариннің сөзінше, елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы – қосылған құн салығы. "Бірақ бұл тым аз" деді экономика министрі. Бұған дейін үкімет жетекшісі салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан. Жұманғарин "салық нақты қаншаға ұлғаятыны ақпан айының ортасында белгілі болады" деді.

– Бізде даму бюджетінің деңгейі төмен күйінде қалып отыр, оның себебі салықтан жиналатын қаржының аздығына байланысты. Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20 пайыз. Республикалық бюджеттегі үлесі одан да аз – 10,8 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады, – деді ұлттық экономика министрі.

Жұманғариннің сөзінше, қазір елде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің 137 700-і қосылған ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуде тұр.

– Тіркелген 2,3 млн салық төлеушінің іс жүзінде 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екендігі себеп. Яғни, салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 78 млн теңгеден асатын тұлғалар ғана төлейді. Біз осы шекті мөлшерді 15 млн теңгеге түсіруді ұсынамыз. Елдегі шағын және орта бизнестің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр, – деді Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрінің сөзінше, қазір бизнеске түскетін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40 пайызға дейін жетіп отыр, бұл жайт тауардың өзіндік құнына әсер етеді.

"ҚҚС мөлшерін көтеретін болсақ, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады", – деді ол.

Егер үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр.

Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығына байланысты ұсынысын қолдады. "Салық саясатында реформа керек екені даусыз" деген президент үкіметке ол жұмысты созбай, жедел әрекет етуге, салық өзгерістерін биыл енгізуге тапсырма берді.

Былтыр ақпанда үкімет дәл осындай кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру мәселесін талқылағанда Тоқаев салықты көбейтуге қарсы болған.

"Салықты арттыру – барлық мәселені шешетін сиқырлы тәсіл емес" деген еді президент. Ол мұндай қадам қымбатшылықты күшейтіп, көлеңкелі экономиканы арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын азайтуы мүмкін деген уәж айтқан болатын.

Арада бір жыл өткенде Тоқаев қосылған құн салығын көтеру мәселесі жайлы пікірі неге өзгергенін түсіндірген жоқ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT