Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Әке таяғын ұстаған жасқайраттық Әділжан

 «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші адал еңбегімен күнелтіп, ауданымызда мал басын көбейтуде сүбелі үлес қосып, әке таяғын ұстап, ата-баба кәсібін жалғастырып жүрген жандардың бірі – жасқайраттық Әділжан Қаленов десек қателеспеспіз.

Миялы ауылынан күнбатысқа қарай 35 шақырымдай қашықтықтағы «Асқар» деген жерде орналасқан ақ шаңқан үй бүгінгі күні жастайынан төрт түліктің жайын жетік меңгерген Әділжанның құтты мекені.

Әке таяғы демекші Әділжанның әкесі Олжабай Қаленов 1939 жылы дүниеге келіп, мектепте бітірген соң «Қызыл ту» кеңшарында мал бағуға қалады. Жастайынан жұмыс жасап, еңбектің дәмін татып өскен Олжабай ақсақал үш жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң да ешқайда бармай, кеңшардың қойын бағады. Көздіғаралық Ұлмаш Сидақовамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген соң кеңшар басшылығы жас отбасына сенім артып бір отар саулық қойды алдарына салып береді. 1972 жылдан Тайсойған құмындағы «Әлміш» деген жерде қой малын баққан отбасы 1986 жылы Ойтаң алқабындағы «Беріштам» қыстағына қоныстанады.

Әрине, қойдың соңында жүру түсінген адамға нағыз қиын жұмыс. Оның қыр-сыры, қиындығы жетерлік. Бірақ жастайынан шаруаға қанық Олжекең жұмыс басында кездескен бар қиындықты жеңе білді. Кеңшар тарағанда өзіне тиесілі үлесін алып, аталмыш қыстақта жеке малын бағып отыра берді. Ұлы Әділжан екеуі төрт түлікті өрбітіп, өрісті малға толтырды. Отырған жерін заңдастырғысы келгенімен сынақ алаңы болғандықтан рұқсат етілмейді. Ойтаң алқабы қанша шұрайлы болғанымен 2008 жылы «Дауылбай» шаруа қожалығын құрады да Ойыл округіне қарасты «Асқар» деген жерден 3000 гектар жайылымдық жер алады. Үй тұрғызып, қора-жайын сайлаған соң 2010 жылы сол жерге қоныс аударады. Қазір бұл жерде әке таяғын ұстап ұлы Әділжан отыр.

1997 жылы құлсарылық Кәмшатпен отау құрған Әділжан қара шаңырақты шайқалтпай, әке аманатын орындауда. Үлкен ұлы Теміржан Тараз қаласында Отан алдындағы борышын өтеуде. Келетін уақыты болғанымен елге келген індеттің кесірінен әскер қатарынан кейінірек босатылады. Атырау қаласындағы медициналық колледжінің І курсында оқып жатқан қызы Раушан мен 4 сыныпта оқитын ұлы Мейіржан да пандемия салдарынан оқуларын үйде жалғастыруда. Қолдары босағанда шаруаның қасынан табылады. Қазір шаруашылықта 800 бас қой-ешкі, үш үйір жылқы, төлімен 70 шақты мүйізді ірі қара малы бар. Отағасы таңмен қойды өріске айдаса, Кәмшат сиыр саууды қолға алады. Қазір отыз шамалы сиыр туып тұр. Бірақ олардың барлығын сауып алу мүмкін емес.

– Барлық шаруашылықтардағыдай бізде де мал бағатын адам жоқ. Қайта өткен жылдың күз айынан бері немере інім Бауыржан қой бағуға келіп, қолғабыс беруде. Сондай-ақ, техника бар, механизатор жоқ. Механизатор келмегесін шөпті сатып алуға тура келіп тұр. Сиыр саууға да ешкімнің келгісі жоқ. Малымызды пұлдағанмен жүн-тері өтпей, далаға төгіліп жатыр. Тағы бір мәселе, көршілес «Жасқайрат» ЖШС-нің малы жеріме жайылады. Серіктестік басшылығына, ауыл әкіміне айтылғанымен әзірге шешімін таппай тұр, - дейді Әділжан.

Оның айтуынша, ауыз суға құдықты пайдаланып отыр. Суы тұп-тұщы. Малды да құдықтан, кейде Ойылдан суарады. Өткен жылы күзде күн панелін қондырып, рахатын көруде. Телефизор көріп, тоңазытқыш қосып отыр. Ұялы байланыс екібастан бар. Енді мүмкіндік болса ұңғыма құдық (скважина) қаздыруды қолға алмақ. Облыстың, жергілікті жердің жаңалықтарынан хабардар болу үшін баспасөзге жазылғысы келгенімен қыстағы округ орталығынан қашықта орналасқандықтан газеттің келуі екіталай.

Міне, алыс жайылымда отырып, ауданда мал шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосып отырған шаруагердің айтар мәселелесі осындай. Мұны тиісті орындар қаперіне алар деген ойдамыз. «Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Бұл тұрғыда, қысты күннің ызғары мен қарлы боранына, жаздың ми қайнатар аптап ыстығына қарамай алдындағы малының бабын тауып жүрген Әділжандай шаруагерлердің қорасында мал басы көбейетіні анық. Ендеше, отбасымен ата кәсібін жалғастырып жүрген шаруагердің еңбегі жанып, бағары көбейсін дейміз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521