Лудомания - бұл адамның ойындарға шамадан тыс әуестігі. Бұл мінез-құлық адамды ойындарға эмоционалды және қаржылық жағынан тәуелді етіп, өмірдің басқа салаларынан елеусіз қалдыруына әкеледі.
Елімізде құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Осыған сәйкес, 2024 жылы Мемлекет басшысы ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Атап айтқанда, құмар ойындарға бас тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі айқындалды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне толықтырулар енгізіліп, сәйкесінше, мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан тартынуға міндетті.
Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемелерінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу, сол сияқты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге сол үшін бөлінбеген орындарда қатысу немесе телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалану арқылы өткізілетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылданады. Осыған сәйкес, құмар ойынға мемлекет шектеу қойғанымен, біз өзімізді өзіміз шектемесек мәселе шешілмейтінін ұмытпайық! Құмар ойын - жамандықпен сыңар ойын, жарға апарып жығар ойын екенін ескерейік.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті