Дональд Трамп тағы да АҚШ президенті болып сайланды. Бұл Америкада ғана емес, бүкіл әлемде үлкен өзгеріс болатынын білдіреді. Өзінің болжап болмас шалт әрекетімен, елінде үстінен іс қозғалған шулы оқиғасымен танымал кәсіпкер әрі миллиардердің билікке келуінен Орталық Азия елдері не күтуі керек? Kazinform-ның АҚШ-тағы меншікті тілшісі бұл сұраққа жауап іздеп көрді.
«Atlantic Council» Еуразиялық орталығының штаттан тыс ғылыми қызметкері Марк Темницкий Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты ұстанымын түсіну үшін «республикалықтардың» жүргізіп отырған саясатына терең үңілу керек деп санайды.
Сарапшының айтуынша, бірінші президенттік мерзімі кезінде Трамп Байден әкімшілігіне қарағанда Орталық Азиямен өзгеше қарым-қатынаста болған.
Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бойынша бағдарламасына сай, «Трамп әкімшілігі Орталық Азияға жаңа саяси қадам жасауда сылбырлық танытқан».
Мысалы, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінде және АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінде Орталық Азия және Азияның өзге де өңірлеріне қатысты бірнеше жоғары және орта саяси лауазымдар бюджеттің қысқартылуына байланысты бос қалған. Сол себепті АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Орталық Азиядағы әріптестерімен кездеспеген, бұл өз кезегінде Американың біздің өңірмен ықпалдастығына кері әсер еткен.
Трамп әкімшілігі 2020 жылдың ақпанында ғана өзінің Орталық Азияға қатысты «Өңірлік ықпалдастықты арттыруға, адам құқықтары мен реформаларды дамытуға, АҚШ тарапынан дамуға көмек көрсету тұрғысынан инвестициямен қамтамасыз етуде жәрдемдесуге негізделген» стратегиясын жариялады.
Бұл Трамп әкімшілігінің Орталық Азиядағы қызметіне қатысты басым бағыттарын анықтап алғанын білдірді, алайда бұның қайшылықты тұсы да жоқ емес-ті. Атап айтқанда, Орталық Азиямен қарым-қатынасқа қатысты стратегия 2020 жылдың қарашасында өтетін президенттік сайлауға бірнеше ай қалғанда ғана жарияланды. Бұл кезде президент әкімшілігінің өңірлік саясат нұсқаларын даярлауға уақыты өте аз еді.
Жоспар сынға да ұшырады. «Voice of America» мәліметінше, Орталық Азияға қатысты жаңа стратегияның оның алдыңғы нұсқаларынан аса бір айырмашылығы болмаған. Былайша айтқанда, ол Американың Буш және Обама кезіндегі Орталық Азияға қатынасына ұқсас болған.
Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының мүшесі Пол Стронскидің атап өткеніндей, Трамптың Орталық Азияға қатысты жоспарының ең бір пайдалы тұсы «өңірге ешбір зиянының тимеуі» болды.
Шілде айында Милуокиде өткен республикалық ұлттық съезд кезінде Республикалық ұлттық комитет өзінің 2024 жылғы АҚШ президентінің сайлауына арналған партиялық тұғырнамасын жариялады. Құжатта Американың өзінің одақтастарымен және әріптестерімен қарым-қатынасын нығайту керектігі жайлы айтылмаған. Ресей тіптен аталмаған, сондай-ақ құжатта Қытай ықпалымен күресу үшін АҚШ өзге елдермен қалай ықпалдасуы керек деген мәселе қарастырылмаған.
Алайда, Энергетика, экономикалық өсім және қауіпсіздік бойынша халықаралық салықтық және инвестициялық орталықтың халықаралық бағдарламалар жетекшісі әрі бас сарапшысы Уэсли Александер Хилдің айтуынша, жаңа әкімшілік Қытайға «қырғидай» тимек.
Сарапшының пікірінше, Қытайды тежеу бойынша өнеркәсіптік, сауда және тарифтік саясатқа қатысты көптеген ортақ стратегиялар бар. Бұл өз кезегінде Орталық Азияға ықпалын тигізбей қоймайды.
- АҚШ Қытайдан сауда-саттықта, нысандар және инфрақұрылым салуда оза алмайтын шығар. Алайда америкалықтар білім беру, жергілікті экономикалық бастамаларды қолдау, іскерлік қарым-қатынас орнату және түрлі қызметтерді жүзеге асырушыларды іздеу саласында айтарлықтай басымдыққа ие, - дейді Уэсли Александер Хилл.
Вашингтондағы «The New Lines Institute for Strategy and Policy»-дың Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімі жоғары директоры Камран Бухаридің пікірінше, Орталық Азия АҚШ-тың кез келген жаңа әкімшілігі үшін стратегиялық маңызды өңір саналатын болады.
Сарапшының айтуынша, Обама әкімшілігі бастамашылық еткен «С5+1» тұғырнамасын Трамп әкімшілігі іліп әкетіп, одан кейін ол Байден әкімшілігі тұсында, 2023 жылдың қыркүйегінде өткен БҰҰ Бас ассамблеясы кезінде, мемлекет басшылары деңгейінде жалғасын тапқан. Бірақ бұл да жеткіліксіз.
Камран Бухаридің айтуынша, АҚШ Орталық Азияда іс-қимылын арттыруы керек, себебі бұл аймақ — әлемдегі АҚШ ықпалы ең төмен болған, алдыңғы президенттер әкімшілігі жеткілікті мән бермеген жалғыз өңір.
Маргарет Тэтчер атындағы «Heritage Foundation» бостандық орталығының ғылыми қызметкері Томас Дэнстің айтуынша, алдыңғы екі әкімшіліктің де Орталық Азияға қатысты саясатында айырмашылықтан көрі ұқсастық көп болған, бірақ өзегі бір — АҚШ-тың өңірге неғұрлым көбірек араласуы.
Сарапшының айтуынша, екі саяси партия да Қазақстанға «Тұрақты қалыпты сауда қарым-қатынасы» мәртебесін (PNTR) беру керек деген пікірде.
«Caspian Policy Center» қауіпсіздік және саясат бойынша бағдарламалар жетекшісі, елші Ричард Хогленд билікке қандай партия келсе де, АҚШ-тың сыртқы саясатына, соның ішінде Орталық Азияға да қатысты дәстүрлі ұстанымы өзгермейді деп санайды.
Елші жаңа президент міндетті түрде Орталық Азияға мемлекеттік сапармен баруы қажет, сондай-ақ министрлер кабинеті деңгейінде тұрақты сапарлар ұйымдастырып, одан бөлек өңірдегі жоғарғы басшыларды Ақ үйге ресми кездесулерге шақыруы керек деп атап өтті.
Ричард Хогленд АҚШ президенті ешқашан Орталық Азияға бармағанын атап өтті. Тек 1993 жылы Билл Клинтон тұсындағы АҚШ-тың 45-ші вице-президенті Альберт Гор Қазақстанға сапарлаған.
Тағы бір болжам бойынша, Трамптың жаңа әкімшілігі мүлде күтпеген жүріс жасауы мүмкін. Трамптың сыртқы саясаты, әдетте, дер уақытында жасалатын келісімдерге қол жеткізуге негізделген бетпе-бет келіссөздерге сүйенеді. Ол АҚШ-қа лезде әрі көзге көрінетіндей пайда бермейтін міндеттемелерді жүктейтін ұзақмерзімді альянстардан қашқақтайды. Атап айтқанда, Трамп Ресейде Владимир Путин, Мажарстанда Виктор Орбан, Түркияда Реджеп Тайип Эрдоған секілді билікті мықтап ұстаған басшылармен жұмыс істегенді жөн көреді.
Осы тұрғыдан алғанда, Трамп Ресеймен бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы Украинадағы шиеленісті тоқтатуға талпынып көреді деген жорамал бар. Ол Ресеймен қарым-қатынасты реттеп алып, Қытай және Иранмен текетіреске ден қоймақ.
АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленіс азайса, Орталық Азия елдері де үйлесімді саясат ұстануға мүмкіндік алады. Алайда, Американың Бейжің мен Тегеранға деген қысымы Орталық Азия елдерінің осы өңірлердегі мүддесіне әсерін тигізбей қоймайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамптың АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткенін хабарлаған едік.