Қазақстанда жыл басынан бері көпбалалы аналар мемлекеттен 93,9 миллиард теңге жәрдемақы алды.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қаңтар—мамыр аралығында орта есеппен 387,2 мың көпбалалы отбасыға 93,9 млрд. теңге мемлекеттік жәрдемақы төленгенсе, мамыр айында 396,5 мың отбасы жалпы сомасы 20,4 млрд. теңге жәрдемақы алған.
Биыл көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 191,1 млрд. теңге бөлу көзделген. Қазақстанда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасылар жаңа мемлекеттік жәрдемақы алуды бастаған еді. Бұл жәрдемақы табысына қарамастан кәмелетке толмаған 4 және одан көп бірге тұратын немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көпбалалы отбасыларға беріледі.
Төлем мөлшері 44 532 теңгеден (4 бала) 77 951 теңгеге дейін (7 бала) құрайды, 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін сараланған түрде 4 АЕК мөлшерінде төленеді.
8 баласы бар отбасыларға – 88 896 теңге,
9 балаға – 100 008 теңге,
10 балаға – 111 120 теңге,
11 балаға – 122 232 теңге,
12 балаға – 133 344 теңге,
13 балаға – 144 456 теңге,
14 балаға – 155 568 теңге,
15 балаға – 166 680 теңге,
16 балаға – 177 792 теңге.
Қазақстан президенті кәмелетке толмаған 8 және одан көп баласы бар отбасыларға жаңа жәрдемақы бекітетін заңға 13 мамырда қол қойған еді. Бұған дейін олардың жәрдемақысы жеті баламен, яғни 77 мың теңгемен шектелген болатын. Заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді, осыған байланысты 8 және одан көп баласы бар жанұяларға берілетін жәрдемақы мөлшері төлем тағайындалған кезден бастап қайта есептеледі.
Осылайша, төленбеген сома осы жылдың шілде айында аударылады.
Дереккөз: Batys.info