Алдағы екі жылда елімізде 32 заманауи көпбейінді аудандық аурухана пайдалануға беріледі. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігінен ҚазАқпараттың ресми сауалына орай мәлім етті.
«Ұлттық жобада тиісті бөлімшелерді (инсульттік және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері) аша отырып, сонымен қатар оларды күрделі жөндеу, ғимараттарды жаңарту (немесе жапсарлас ғимарат салу), медициналық құралдармен жабдықтау арқылы 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастыру жоспарланған. Аталған жаңартылған 32 нысанды пайдалануға беру 2024-2025 жылдарға көзделіп отыр», - деп атап өтті министрліктен.
Ведомство мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстардың аясында республикалық және жергілікті бюджеттен 5 нысанды (Ақмола облысында – 1, Қостанай облысында – 1, СҚО-да – 1, Түркістан облысында - 2) күрделі жөндеуге қаражат бөлінген. Оның ішінде Түркістан облысындағы 2 нысанды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ал қалған үш облыста құрылыс-монтаждау жұмыстарын мердігер ұйымдарды анықтауға бағытталған конкурстық рәсім аяқталғаннан кейін бастау жоспарланып отыр.
«Мұнан бөлек, бүгінде тағы 4 нысанды (Алматы облысында – 1, ШҚО-да – 1, Жамбыл облысында – 1, Қарағанды облысында - 1) күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ал 10 нысанның (Жамбыл облысында – 2, Қарағанды облысында – 1, Қызылорда облысында – 4, Абай облысында – 2, Алматы облысында - 1) жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп жатыр. Қалған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде», - деп атап өтеді министрліктен.