Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғалық математик жетістікке жетудің сырымен бөлісті

Бүгінде білімді де білікті, жалынды да жігерлі жастығымен көпшілікке танымал болып, шәкірт тәрбиелеу жолында еселі еңбек сіңіріп келе жатқан ұстаздардың бірі – Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, белгілі академик Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті Есболат Бағдаров. Қашанда, жас таланттарды елге танытуды мақсат ететін біз аталмыш азаматпен қазіргі таңдағы білім мен ғылымның дамуы, жетістікке жетудің құпиясы бағытында сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Есболат Әлібекұлы, математика ғылымдардың арасында ең күрделісі әрі қиыны. Осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды, бала кездегі басты арманыңыз қандай еді?

– Мен 1992 жылдың 21 маусымында Миялы ауылында дүниеге келіп, 2010 жылы Б.Аманшин атындағы орта мектепті бітірдім. Бастауыш сыныпта сынып жетекшіміз Сұлушаш апай үйреткен сандарды қосу, алу, көбейту сынды қарапайым тәсілдерді меңгеріп, математикадағы алғашқы іргетасымды қаладым. Ал, бесінші сыныпқа келгенде Азия Бақтыгерей апайдан алгебра, геомтерия пәндерінің қыр-сырын үйрендім. Сөйтіп, бұл пәндерге қызығушылығым артып, есеп әлеміне түбегейлі кіріп кеттім. Кейіннен мектепішілік, аудандық олимпиадаларға қатысып, өзімді шыңдай бердім. 11-сыныпта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастырған олимпиадаға қатысып, математика ғылымы бойынша бірінші орынды иелендім. Сол сәттен бастап өзімнің болашағым осы саламен тығыз байланысты екендігін түсіндім. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне инженерлік математика мамандығы бойынша оқуға түстім.

2010-2014 жылдары бакалавр, 2014-2016 жылдары магистратура оқыдым.

– Қазір ер балалардың ішінде көбі тәуекел етіп математика саласына оқуға түсе бермейді. Ал, сіз осы бағытты таңдадаңыз. Жалпы математик болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Университетте сабақ берген Мұстафа Манат деген ағайымыз бізге «Математик болуы үшін оны сүю керек» деп үйретті. Одан бөлек адамның бойында қабілет, ынта болуы тиіс. Жалпы математик болатын адам оқушы кезінен бастап көріне бастайды. Мен мысалы бала кезімде жерге сызып ойнайтын «Мак» ойынын көп ойнадым. Сол ойынды ойнарда жерге пішінін сызғанда көз алдыма математикалық есептер келетін. Одан бөлек өзім дойбы, шахмат ойнағанды жақсы көрдім. Бала кезімнен кез-келген нәрсені санап, есептей беретін болыппын. Осылардың барлығы мені математик қылып шығарды десе де болады. Сонымен қатар математик болатын адам ғұмыр бойы ізденіп өтуі тиіс.

Себебі, математика сан тараулы ғылым. Мысалы, мектепте бізге тек қана алгебра мен геометрияны үйретті. Яғни, базалық білім берілді. Ал, шын мәнінде математиканың ол екеуінен бөлек комбинаторика, дефур сынды жүзден аса бөлімі бар. Сондықтан математика ғылымымен айналысамын деген адам осы салалардағы әрбір жаңалықтан хабардар болып отыруы қажет. Себебі, математика саласында да күн сайын жаңалықтар ашылып, ғылымға енгізіліп жатады. Қысқасы математик болатын адамға есепке жүйрік болу жеткіліксіз, шыдамды, төзімді болуың керек.

– Сіз белгілі ғалым, академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаевтан білім алған бірден бір шәкіртсіз. «Жақсыдан шарапат» дегендей ол кісіден қандай тәлім алдыңыз, не үйрендіңіз?

– Кез-келген адам баласының өмірде қол жеткізген жетістігі, мақтанатын дүниесі болады ғой. Ал, менің өмірімдегі зор табысым – Асқар ағайдан білім алып, қасына еріп шәкірт болуым. Себебі, ол кісіден дәріс алуға еліміздегі жоғары оқу орындарының көптеген студенттері кезекке тұратын ерекше тұлға. Бізге бірінші курстан бастап сабақ берді. Ең алғаш сабақ бергенде ол кісінің айтқан сөзін тез арада жазып үлгере алмайтынбыз. Тез сөйлейді. Біздерді баураған ең басты қасиеті – қандай да бір күрделі есептерді ауызекі, жалпақ тілмен түсіндіретін. Сондай-ақ, Асқар ағай өте қатал әрі талапшыл болды. Тапсырма бергенде үйіп-төгіп беретін. Сенің шамаң келе ме, келмей ме оған қарамайды. Мұнысын бізге қыран құстың мысалымен түсіндірді. Қыран өзінің балапанын баулығанда биікке дейін ұшырып алып барып, төмен қарай тастап жібереді екен. Балапанның қанаты қатайса әрі қарай ұшып кетеді, ал, әлсіз болса амал жоқ өледі. Табиғаттың осы бір қатігез заңдылығы бізге үлкен сабақ болды.

Бір қызығы – мен бірінші курста Асқар ағайдың ғана сабағынан үшке шықтым. Сол үшім өзіме қамшы болып, жатпай-тұрмай дайындалдым. Соның арқасында қалған курстарда ағайдың көңілінен шыққан шәкірттердің бірі болдым. Кейіннен дипломдық жұмысыма жетекшілік етті. Ағай бізге тек қана мамандықты үйреткен жоқ, азаматтыққа да тәрбиеледі. Адамдармен қарым-қатынас, көпшілік ортада өзіңді мәдениетті ұстау, тапсырманы жедел орындау, тұлға болып қалыптасу жолдарын үйретті. Мысалы, ол кісі әлі күнге дейін ұялы телефон ұстамайды. Ағайдың маған жасаған тағы бір жақсылығы – өзінің қасына кіші ғылыми қызметкер есебінде жұмысқа алып, жалақы төледі. Ертіп жүріп біраз нәрсе үйретті. Оқу бітіргесін қасына қызметкер болып қалуыма да болатын еді. Алайда, отбасы жағдайыма байланысты елге келдім. Бірақ, Атырауда болсам да Асқар ағайдың берген тәлімі менің өмірлік ұстанымым болып қалыптасты.

– Қазір Сіз Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстазсыз. Осы орайда, еліміздегі ең іргелі мектептің жұмыс методикасы қалай, жай мектептен айырмашылығы қаншалықты?

– Алматы қаласынан университеттің магистратурасын бітірген соң алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – Алматыда қалып Асқар ағайдың қасында ғылыммен айналысу, екіншісі – елге келіп оқушыларға сабақ беру. Алғашында өзімді сынап көру үшін Алматыдағы мектептердің бірінде сабақ беріп жүрдім де, кейіннен түпкілікті шешім қабылдап ауылға келдім. Ауылда ең бірінші Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназияда, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте сабақ бердім. Сөйтіп туған жерімде екі жылдай қызмет етіп, Атырау қаласына қоныс аудардым. Барғаннан кейін тәуекел етіп Назарбаев зияткерлік мектебінің конкурсына қатысу үшін құжат тапсырдым. Конкурс талабы да ондай қиын болмады. 25 сұрақтың 13-не жауап берсең жұмысқа алынасың. Ол сынақтан сүрінбей өтіп, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап аталмыш мектепке жұмысқа тұрдым. Бұл мектептің ерекшелігі – оқушыға да, ұстазға да барлық жағдай жасалған. Күніне он сабақ өтеді. Бір қарағанда он сабақ көп болып көрінуі мүмкін.

Алайда, одан шошудың қажеті жоқ. Оның ішінде негізгі сабақ, қосымша сабақ, өнер үйірмелері бәрі кіреді. Сол жерде сабақ оқып жүріп оқушылар күніне бес мезгіл тамақтанады, спортпен шұғылданады. Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде болады. Ал, тоқсан соңындағы, жыл соңындағы қорытынды емтихандар тест түрінде емес ауызша немесе жазбаша өтеді. Яғни, оқушының білімі шынайы бағаланады. Сосын бұл мектеп 12 жылдық. Әрі түлектер ұлттық бірыңғай тест тапсырмайды. Мектеп ішінде қорытынды емтихан тапсырып, қалаған оқу орнына түсе алады. Және 12 сыныпты бітіргендіктен университетте оқуды екінші курстан бастап оқиды. Осындай ерекше мектепте сабақ беріп жүргеніме қуаныштымын. Тағы бір қуанышты жаңалық – бұл мектепте мен жалғыз емеспін. Осында ауданның біраз оқушысы оқиды. Солардың ішінде Бекарыс, Меруерт, Надежда есімді білімді оқушылар бар. Осы орайда, ата-аналарға құлаққағыс айта кетейін, 20-21 маусым күндері Назарбаев мектебіне іріктеу өтеді. Оған 5-6 сынып оқушылары қатыса алады.

– Абай ақынның «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген сөзі біршама уақыт өтсе де өз құндылығын жойған емес. Алайда, соңғы жылдары елімізде өнер мен спорт саласынының үздіктері ғана ұлығыланып, білім мен ғылым саласы аса көп насихатталмай келе жатқан сияқты. Сіздің ойыңызша бұл олқылықтың орнын қалай толтыруға болады?

– Жалпы ғылым өзі аса бір дабыра мен дақпыртты қаламайтын, тек іздену мен оқуды ғана басты мақсат ететін ерекше сала ғой. Ал, әншілер мен спортшылар өздерінің сәл жетістіккке жеткенін әлеуметтік желіге салып, насихаттауды шебер меңгеріп алған. Алайда, білім мен ғылым қоғам дамуының қозғаушы күші болып қала береді. Мысалы, қазіргі жаман індеттің жағдайын алайық. Күллі әлемді осы ауру дүрліктіргенде халық әншілерді іздеген жоқ ғалымдарды іздеді. «Бұл не ауру, ғалымдар зерттемей ме, вакцина ойлап таппай ма?» деген сауалдар қарша жауды. Ал, балаларын үйден оқытып жатқан ата-аналар мұғалімдердің қадірін түсініп, бағасын біліп жатты. Меніңше осы оқиғадан кейін әлемде де, елімізде де ғылым саласына қайтадан көңіл бөлініп, жас ғалымдарды көтермелеу қолға алынуы тиіс. Білімді оқушыларға шәкіртақы, ғылыммен айналысатын студенттерге гранттар бөлінуі керек. Сонда ғана еліміз өркендеп, дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылары хақ.

– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан,

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT