Өңірде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, халықаралық білім беру деңгейі жаңа белеске көтерілді. Қазіргі уақытта Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті КеАҚ базасында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен қытайлық «Jingshi» институтының филиалы табысты жұмыс атқаруда. Бүгінде студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» бағыты бойынша білім алып жатыр. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов мәлімдеді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сонымен қатар білім беру туризмін дамыту және халықаралық серіктестік аясындағы ірі жобалардың бірқатары іске асырылуда. Өңір оқытушылары мен студенттерін халықаралық деңгейде алмастыру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Студенттер жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламалар аясында мемлекеттік бюджет есебінен АҚШ, Польша және Әзербайжан университеттерінде білім алуда. Бұл бастамалар студенттердің кәсіби білімдерін тереңдетуге, халықаралық тәжірибе жинақтауға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жобалар аясында қос диплом бағдарламаларын ТМД және алыс шетел университеттерімен жүзеге асыру, шетелдік студенттердің үлесін арттыру, «Болашақ» стипендиясын және халықаралық гранттарды иеленушілер санын көбейту мен шетелдік серіктес университеттермен бірлесіп мамандандырылған курстар дайындау жоспарлануда.