Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ НЕГЕ БЕРІЛЕДІ?

Бүгінгі таңда аудандағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Ойыл өзенінің тағдырына алаңдаулы. Өйткені, өмір бойы балығын аулап, суын ішіп отырған өзеннің тасымай, арнасының кеуіп қалғанына да біраз болды.

Бастауын Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданынан алатын Ойыл өзенінің Қызылқоға жеріне жетпеуінің ең негізгі себебі өзенге құятын шағын өзендер мен сай-жыралардың бөгелуі.

2020 жылдың шілде айында еріктілер тобының бастамасымен Ойыл мен Қиыл өзендерінің бойын жағалап, бастауына дейін барған алғашқы экспедициядан кейін де бірнеше рет экспедиция  ұйымдастырылып, анықталған әр түрлі нысандағы 57 гидротехникалық құрылыстардың тізіміҚазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жіберілді. Аталмыш министрліктенАқтөбе облысының әкімдігіне «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалымен бірге Ақтөбе облысына қарасты үш ауданның (Ойыл, Темір, Мұғажар) аумағындағы 34 иесіз бөгетті, қолдан тұрғызылған 1 көпір-өткелді, 1 көтерме жолды, 2 көпірді бұзып, өзен-сай арналарын және бұлақ көздерін тазалау керектігі туралы іс-шаралар жоспары жолданды. «Ойыл өзені» қоғамдық қоры мүшелерінің анықталған заңсыз бөгеттерді бұзу таралы қайта-қайта жазған талап-арыздарының нәтижесінде қыркүйек айында қабылданған бұл іс-шаралар атүсті орындалды десек те болады. Өйткені, тапсырма бойынша заңсыз бөгеттер мен көпірлерді бұзу, өзен арналарын, бұлақтарды тазалау жұмыстары қыркүйек-қараша айларында іске асыру қажет болса, осы уақытта бар болғаны екі бөгет қана бұзылған. Ал,Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ойыл өзенінің жанашыры Есенбай Нұровқа 6 бөгеттің бұзылғандығы туралы 10 қазан күні №05-29/ЖТ-Н-871 санды хат жібереді. Онда «Ақтөбе облыстық«Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ ұсынған ақпаратқа сәйкес, Мұғалжар ауданындағы «Тәй-тәй Қаракесек» бөгеті, Темір ауданы Жарлы өзенінің бастауындағы бөгет, Шығырлықұм өзеніндегі бөгет, Шілікті шатқалындағы №2 бөгет, Ойыл ауданы Ақшатау шатқалы жанындағы бөгет және Ашықбай шатқалындағы №2 бөгет бұзылып, Мұғалжар ауданының Талдысай және Шибұлақ бұлақтары тазартылды» деп жазылған. Ал, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары С.Сүлейменовтың биылғы жылдың 11 ақпанында Есенбай Нұровқа жіберген хаттың мазмұны мынадай: «Ақшатау шатқалындағы «Ащысай» сайы бойындағы бөгет 2021 жылы бұзылды. Ойыл өзені арнасында қолдан жасалған өткел (көпір) өткен жылы өр суы кезінде толықтай бұзылды».

Бұл ақпараттардың жалғандығын таяуда аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков, «Қазақстан», «Атырау» телеарналарының тілшілері Жандос Темірғали, Жәнібек Ғалым және Ойыл жанашыры Есенбай Нұровпен бірге жақын маңдағы бөгеттерді аралағанда көзбен көрдік.

Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың мамыр айындағы экспедиция кезінде «Тәй-тәй Қаракесек» шаруа қожалығының Ойыл өзені арнасына қатынас үшін салған өткел бөгетінің тұрбалары алынып, енді топырағын тазалау жұмыстары қалғанын көзбен көрсек, Ойыл өзеніне құятын Шығырлықұм және Шілікті өзені бойындағы екі бөгетті бұзып жатқандығы туралы теледидардан көрсетті. Ал, аталмыш топпен бірге жоғарыдағы хатта бұзылды деп көрсетілген Ақшатау баурайындағы «Ащысай» сайына бардық. «Бұзылды» деген аты болмаса  бөгет сол қалпында тұр деуге болады. Ұзындығы 600 метр, биіктігі 5 метрдей бөгеттің бестен үш бөлігі ғана бұзылғандығын көрдік. Яғни, жер бетіндегі үйілген топырақты алған да, сай бойындағы топырақ сол күйінде жатыр. Көктемде жоғарыдағы қар суы ерігенде сайдың негізгі арнасы бітеулі тұрғандықтан кедергіге тіреліп бәрібір төмен қарай ақпайды.

Бұдан кейін Қарасу елді мекеніне жақын өзен арнасында салынған өткелге (көпір) бардық. Бұл өткел де сол күйінде жұмыс жасап тұр.

Негізінде бұл бөгет Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген тапсырмасына сәйкес транзиттік режимге көшірілуі, ал өткел бұзылуы тиіс. Бірақ, аталмыш министірлік пен Ойыл ауданы әкімдігінің берген хаты бойынша бөгет пен өткел толықтай бұзылған. Алайда, жалған ақпарат беріліп отыр. Көзіміз көріп отырғандай олар бөгетті бұзғанда көзбояушылыққа барып, жартылай ғана бұзған. Ал, «өткел бұзылды» деп берген ақпараттары да жалған. Мұрты бұзылмай әлі сол күйінде тұр, - дейді Ойыл жанашыры Есенбай Нұров. 

Іссапар кезінде «Ащысай» сайындағы бөгет пен өзен арнасына салынған өткелдің бұзылғандығы туралы ақпардың шындыққа жанаспайтындығын көрген соң бұдан басқа хаттта көрсетілген «Ашықбай шатқалындағы №2 бөгеттің бұзылып, Мұғалжар ауданының Талдысай және Шибұлақ бұлақтары тазартылды» деген жауапқа күмәнмен қарадық.

Қар қалың болғанымен астымызда жол талғамайтын «Урал» автокөлігі болған соң сапар барысында жергілікті тұрғындар «Шыпыр» деп атап кеткен Ащыойыл арнасындағы бірінші бөгетке де бардық. Бұл бөгет те сол қалпында тұр. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетовтің жетекшілігімен шыққан экспедициялық топтың жасаған мәліметінде көрсетілгендей бөгет «Қазсушар» РМК-ға қарасты Тамдыкөл көлтабандап суару жүйесіне қарасты делінгенмен бұл негізінде ешқандай құжаты көрсетілмей ауызекі айтылған әңгіме секілді. Өйткені, бөгет қатынас үшін ғана қолдан салынған. Үйінді астында су өткізу үшін тұрба қалдырылған. Сондықтан, бұл бөгет те бұзылуға жатады немесе транзиттік режимге көшірілуі тиіс.

Сайып келгенде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Ойыл аудандық әкімдігі бұзылуға тиісті бөгеттер мен өткелді бұзылды деп жалған ақпарат беріп, халықты алдап отыр. Осы істерімен олар Қазақстан Республикасы Су Кодексіндегі заң талаптарын белден басып, қызылқоғалықтарға қиянат жасауда. Міне, санаулы күндерден соң қыс мезгілі де аяқталып, көктем келеді. Даладағы қар еріп, су тасығанда әлі бұзылмаған бөгеттер кедергі келтіруі ықтимал. Қалай болғанда да жуық арада кедергілерді жою бағытында пәрменді шараларқабылдануы тиіс.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

 

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521