Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халықты қажытқан жарық пен ауыз су

Аудандағы ең үлкен округ саналатын Сағыз ауылдық округі әкімінің есеп беру жиыны өткен аптаның бейсенбісі күні «Шұғыла» мәдениет үйінде өтті.

Оған аудан әкімі Арман Баженов, аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов және басқа да бөлім, мекеме басшылары қатысты. Аудан басшылары мен ауыл тұрғындары алдында өзінің есептік баяндамасын оқыған округ әкімі Қуанай Ізмағамбетов 2018 жылы тұрғындардан 111 өтініш түсіп, 211 тұрғын қабылдауға келгенін жеткізді. Сондай-ақ, бюджет түсімі де жоспарға сай орындалып, түскен қаржыға округ ішін жарықтандару, көшелерді безендіруге жұмсалды. Сонымен қатар, Сағыз ауылының солтүстік бетінен 160 тұрғын үйге арналған жер телімі белгіленіп, инфрақұрылым тартылды. Округке қарасты Былқылдақты, Кенбай, Қоңыраулы елді мекендеріне газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, сараптамадан өтті. Ауылда 6800 метр болатын ауылішілік автокөлік жолының құрылысы қарқынды жүруде. Өткен жылы округ бойынша 4 қылмыстық іс тіркеліп, 53 адам профилактикалық бақылауға алынса, тазалық айлығы кезінде округтің №3 ауылындағы бұрынғы қоқыс алаңы күреліп, тегістеліп, тазаланды.

Округ бойынша жасалған жұмыстарды сала-сала бойынша айтып шыққан округ әкімі кезекті одан әрі жарыссөзге берді. Алдымен мінбеге көтерілген Сағыз ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бектұрлы Төрәлі округ бойынша жер кезегінде 700 адам тұрғандығын, сол себептен инфрақұрылым тартылған жерлерді көбейту керектігін жеткізсе, Сағыз орта мектебінің директоры Өтепберген Әділов ауылды көгалдандыру үшін ауыл халқы үйлерінің маңына тал егіп, жастарды тәрбиелеу мәселесіне ауылдың ақсақалдары араласып, халықтың санасын ояту үшін жұмыстану қажет деген пікір білдірді. Жарыссөз аяқталған соң ауыл үлкендері атынан Аманғали Есберген, Құлмағамбет Қоданов, Аманжол Қалиев, Бағила Жолмұханова, Ізім Таспановтар сөз алып, жарық пен ауызсу, өнер мектебін салу, қыстақтарға газ тарту, мал су ішетін су көздерін табу, ауыр жүк көліктерінің ауыл іші жолдарын бүлдіріп жатқандығы, Былқылдақтыдағы бұлақтың ластана бастауы сияқты бірқатар мәселелерді қозғады. Жиын соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов:

–  Айтылған ұсыныстардың барлығы орынды. Осылардың ішінде ең өзектісі жарық пен ауызсу. Ауызсу мәселесін шешу мақсатында «Кереген» су қорынан жаңадан 3 ұңғыма қазу жоспарланып отыр. Бұл жобаның қажетті құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі көп жерлерде бағаналар мен электр сымдары тозғандықтан халықты электр энергиясымен қамту қиын болып тұрғаны белгілі. Бұл тығырықтан шығу үшін №3 ауылдағы электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүреді. Оның жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, қаржысына сұраныс беріп қойдық. Ауылдың орталығынан 200 орындық өнер мектебін салу үшін арнайы орын белгіленді. Көп ұзамай оның да құрылысы басталып қалар. Мал жайылатын жерлерді суландыру жалғыз Сағыз емес аудан бойынша өзекті болып отыр. Сондықтан, бұл мәселені ойласып шешуіміз керек. Алда бұдан да үлкен жұмыстар атқарылады. Сондай кезде ауыл үлкендері мен ақсақалдары демеу болып, қасымыздан табылса, ісіміз де оңға басары сөзсіз, – деп, жиынды қорытындылады.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521