Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Балаңыз асық атудан неге алыстады?

Аудандық «Қызылқоға» газетінің №44 санында жарияланған Дулат Ғұбайдуллиннің «Бүгінгі баланы не қызықтырады?» деген тақырыптағы мақаласына орай өз ойымды білдіргенді жөн көрдім.

Бұл өзекті тақырып, автордың жан айқайындай мақала. Оқыған кез келген газет оқырманын бей-жай қалдырмауы керек деп ойлаймын.

Мұның бәріне алдымен әке-шеше немесе ата-әже барынша жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Себебі, өз ұрпағы тәрбиелі, білімді, дені сау болып өссін десе, бала тәрбиесіне селқос қарамауы керек. Жазды күндері күніне уақыт белгілеп, аула ішінде немесе көрші балалармен бірлестіре мақалада көрсетілгендей бәріміз бала кезімізде ойнаған ойындарға дағдыландыруға, қыстың күні шанамен, конькимен ойнайтын ойындарға бейімдеуге әрекеттенуі керек. Бала бақшада, мектептің бастауыш сыныптарында да топтасып ойнайтын ойындарды, «мак», «асық ату», «қуыспақ», «тығылыспақ», «алты қаңылтыр», «туды жеңіп алу», «бес тас», «жіппен секіру» және тағы да басқа көптеген ойындарды ойнатса баланың бойының да ойының да өсуіне жақсы әсері болатыны сөзсіз.

Жалпы, менің байқағаным балалар «апай айтты», – деп балабақшада да, мектепте де тәрбиешілерін, мұғалімдерін тыңдайды. Олардың айтқанын ата-анасына орындатуға тырысады. Сондықтан да бала тәрбиесінде әке-шешеден кейін ұстаздардың алатын орны зор. Бала ойнаумен қатар, алған тәрбиелерін, тыңдаған ертегілерін, тақпақтарын әрі қарай жетілдіруі үшін балалар кітапханасына барғаны жөн. Онда балаларға арналған журналдармен қатар, балалар ақын-жазушыларының шағын өлеңдерін жаттап өссе, оның ішінде, батырлар жырын, мақал-мәтелдер, жұмбақ жаттап, ауыз әдебиетінің тереңіне бойласа нұр үстіне нұр емес пе?! Осы жерде айта кететінім, балалар кітапханасына топтасып келіп жүрген балғын балаларды кітап оқуға қызықтырып, оқырман ретінде қалыптастыруға кітапханашы саны жетіспейтіні өкінішті. Осы жағдайда зейнет жасындағы ерікті әжелер тобы құрылып кезекпен балалар кітапханасының оқу залынан табылып, балаларға ертегі айтып, қызықты балалар журналын оқып берсе деген ойымда жүрген ұсынысым бар. Балалар кітапханасынан осылайша қалыптасқан оқырман өз бетімен және үлкендер кітапханасынан өз керегін тауып оқитыны сөзсіз. Ол үшін ата-аналар мен ұстаздар үнемі болмағанмен де уақытына қарай қадағалап, қандай кітап оқып жүргенін бақыласа, әдеби кештер, сайыстар өткізілгені қандай жақсы?! Осылай жалғасқан тәрбие білім баспалдағымен биік белестерге жетелей берер еді.

Мен өзім балалар кітапханасында қызмет етіп жүргенде байқағаным, көптеген әдебиетке құштар, ертегі қойылымдарына қатысып жүрген балалар есейе келе спорттық секцияларға бет бұрып, кітап оқуды мүлдем үзіп алады. Кітап оқу деген еш уақытта қалмауы керек. Қолыңа алып жүріп, кез келген жерде отырып оқи беруге болады. Себебі, кітап – жан азығы, сырға берік сырлас, жаны жомарт жолдас, ұлағаты мол ұлы ұстаз. Бала кезінен кітап оқуға қалыптасқан адам ешуақытта ештеңеден кем болмайды. Сонымен қатар, мектептерде жоғары сынып оқушыларына да қосымша жүктемелер беріп, оны тек интернеттен емес кітапханадан орындап келу тапсырылса ізденіс болар еді. Қазіргі уақытта сыныбымен кітапханамен бірлесе жұмыс жасап жүрген ұстаздар бар. Алайда, солардың саны арта түссе, бұл қуанарлық әрекет болар еді.

Қазіргі ата-аналар бала болашағына немқұрайлы қарамай жыламасын деп смартфон бере салудан аулақ болуы керек. Себебі, жаңа өсіп, жетіліп келе жатқан ми талшықтарын өлтіріп, ақыл-ойдың жетілуіне үлкен кедергі жасайтын құрылғылармен, өз ұрпағымызды өзіміз құртып жатырғанымызды білуіміз қажет. Ата-ананың айтқанын тыңдамайтын бала болмайды. Ол үшін ата-ананың өзі үлгі болуы керек. Менің балаларымның мектепте оқитын кезінде теледидардан тәрбиелік мәні болмаса да, баланы еліктіретін ұзын-сонар сериалдар берілетін, құр уақыт өткізбесін деп, оны көруге үзілді-кесілді тыйым салғанмын. Одан жаман болған жоқ. Бос уақытында саз мектебінен білім алып, мектепте жүріп-ақ мамандыққа машықтанып шықты. Бала денсаулығына зиянды тағамдар мен сусындарды немесе құлаққап сияқты зиянды құрылғылар туралы баспасөз беттеріне шыққан деректерді оқып беру арқылы бас тартуына қол жеткіздім.

Мақалаға қосымша берілген пікірдегідей балаға бастың құлағын ұсынғанда «Балам, жақсы сөз, ғибратты әңгімені көкірегіне құйып алатын құйма құлақ болсын деп, құлақ бердім, естігеніңді халқыңа жеткізетін шешен болсын деп, тіл бердім» деген сияқты әңгімелерді айта отырғаны абзал. Бала кезімде әкеммен бірге жүріп, үлкен кісілердің қолынан құлақты да, тіл, таңдайды да осылай алып жегенбіз. Мақаланың басында айтылғандай балалар «смартфон алып бер» деп жыламас үшін мектеп ережесіне бағынып, смартфонды мектепте ұстатпауымыз керек. Оның орнына кітап оқуға үйде де, балабақша, мектепте де әрекет етуіміз керек. Айналып келгенде қай мамандық иесі болса да кітаптан алар ғибраттың әсері зор екендігін айтқым келеді. Осы тұста, «Кітап оқитын балалар компьютерде отыратын балаларды басқаратын болады» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың да қанатты сөзі бар. Сондай-ақ, «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай адам баласы кітапты өмір бойы оқып, оқығанды көкейге тоқып, кітап оқымаған адамнан әлдеқайда озық болары сөзсіз.

Гүлжан АЙСАҒАЛИЕВА,

кітапханашы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT