Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«ЕРКІН ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ХАЛЕЛ

Бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауы өткен ғасырлардан басталады. 1918 – 1919 жылдар аралығында қазақ халқының тұңғыш Ұлттық үкіметі аталған Алашорда өмір сүрді. 1918 жылдың 18-21 мамыры аралығында Жымпиты қаласында Орал өңірі қазақтарының кезекті IV съезінде Қазақстанның бүкіл батысына ықпал етерлік ұлттық-территорялық құрылым – «Ойыл уәләятының Уақытша үкіметі» (Батыс Алашорда) жарияланды. Осы шешімді мақұлдаған кеңес үкіметіне қарсы күштердің қолдауына ие болған олар тездетіп әскер құру, оны қаруландыру, Ұлттық банкі ашады, баспахана ұйымдастырады, үкіметтің саясатын насихаттайтын газетін шығаруға шешім қабылданады.

Бірақ төртен бір нұсқасы жоқ тек әдемі қиял бесігінде «құндақтаулы» сәби үкіметтің газет шығаруға деген мұршасы болмады. Бұл жұмысқа тек алашордашыл Халел Досмұхамедов пен Ахмет Мәметов жанкешті бел буады.

 Олар 1919 жылығы 10 қаңтарда Қаратөбеде өткен облыстық земство жиналысының қаулысына сай газет шығаруды қолға алады. Сөйтіп 1919 жылдың 26  қыркүйегінде Ойылда Батыс Алашорда көсемдерінің табанды қаракетінің арқасында тұңғыш тәуелсіз қазақ газеті жарық көрді. Газет «Еркін қазақ» деп аталды. 1997 жылы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Бисенбай Байғалиев газеттің 1 нөмірін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты қорынан тауып алып, жариялайды.

   Бірінші нөмірінде астына «Бөкейлік баласы» деп бүркеншек атпен қол қойған Ахмет Мәметовтың жүрек кернеген қуанышы бар өлеңі және Халел Досмұхамедовтың басылымды шығарудың мақсаты мен сол жолда бастан кешкен хикаяттары баяндалады.  (Ескерту: газеттің түп нұсқасы осы жолдардың авторының сұрауымен арабшадан Республикалық Орталық кітапхананың жауапты қызметкері Толқын Замзаева аударды – Қ.С.):

 ЕРКІН ҚАЗАҚ

Адресъ: г. Уилъ

редакция газеты «Еркн-Казак».

1919-ншы жыл 26-ншы мизан.

Жұма

Бірінші нөмір

Жазылу бағасы

Үш айға       20 сом. Екі айға       15 сом. Бір айға       10 сом. Бір нөмір      2 сом

***

                                      Еркелеп «Еркін қазақ» алашына.

                                      Жайылған Сары арқаның даласына.

                                      Жер-жерге сәлем беріп таралуға тұр –

                                      Жалықпай, жалпы қазақ арасына.

                                      Тарамай ел ішіне жеті сайын.

                                       Қолға алып заманның түрлі жайын.

                                      Алаштың ар-намысын тұтқан жолы –

                                      Алалап айырмастан жарлы, байын.

                                      Ағарту, алғасу біреу алаш аян

                                      Көрсетіп келіспеген кейбір жерін.

                                      Көз, құлақ алашыма боламын деп.

                                      Белсеніп шықты бикен буып Баян.

                                      Орынды жалтақтамай айтар сөзін.

                                      Көтермес еш адамның көріп көзін.

                                      Жағыну, жалбақтауға үйір болмай

                                      Танытар ашық сөзбен халыққа өзін.

Бөкейлік баласы.

***

26-ншы мизан. Ойыл

1917-нші жыл, 27-нші хұт өзгерісі болғаннан бері қарай қазақ тілінде бір газета шығармақ Орал зиялы азаматтары ауызында болған. Өткен 18-нші жылда бір қатар халық жұмыстарын басқарып земстволарды құрып болғаннан кейін областной земствоға арнап Текеден 20 мыңға бір баспахана алынды. Бұл баспахананы алып Жемпиті қаласына әкеліп құрды. Бір қатар керек-жарақтары да төгелденді. Іс басталды. Осылай айтып енді газета да шығарамыз тұрған кезде Текені большевиктер келіп алып, Жемпитіға да қорқыныш кіре бастады. Қыс ішінде земство һәм басқа мекемелер кеңселерін ......трек[1] болған Қызылқоға жағына қарап көшірді. Осы көшудің артынан жазға салым баспахананы да Ойылға көшірді. Баспахананы көшірген уақытта жолда бір қатар нәрселері жоғалып Ойылға келген соңыда бір ай шамасында әзер құрылып болды. ...........................................................[2] жұмыскерлерінің барлығы бірдей Ойылға келмей қайтадан Текеге кетіп қалды. Бұрын баспаханада тұрып, қызмет еткен жұмыстарының жөн, жосықтарын білетұғын үш-ақ адам бірге Ойылға келді. Міне осы уақытқа дейін сол үш адаммен баспахана түрлі мекемелердің заказдарын атқарып келді. Бұл баспахананың үлкен жұмысының біреуі қазақ тілінде бір газета басып таратпақ еді. Бұл газета шығару туралы былтыр баспахананы алғаннан бері қарай сөз болып келді. Жемпитіда баспахана құрылып енді іс басталады деп тұрған кезде жоғары айтылған көшу оқиғасы болып қалды. Ойылға келген соң шығара бастауға мұсылманша наборщик болмады. Наборщик секілді бұрын баспаханада қызмет еткен адамдарды тауып алатын жерлер мен осы күнгі болып жатқан оқиғалар себепті қатынасу мүмкін болмады. Соныменен газета шығару жұмысы бұл уақытқа дейін тоқталып келді. Қазірде де наборщик табылған жоқ, сонда да наборщиктікке үйреніп жатқан қазақ балаларыменен шығармақ болып тұрмыз. Жоғарыда жазылған көшу оқиғалары болмағанда, бұрын баспаханада қызмет етіп жұмыстарының ретін білетін асылған адамдар табылып тұрғанда бұл газета былтыр күзден басталып шықпақ еді. Бұл газета туралы өткен 10-ншы қаңтарда болған земский собранияда сөз болып тұрған. Зорлығы қандай болу керек. Айына неше рет шығару керек боларының барлығында белгіленген еді. Бұл уақытқа дейін шыға алмай тұрғанына не нәрсе есебеп болғандығы жоғарыда жазылды. Енді осы бірінші нөмірін үйреніп жатқан бала наборщиктерменен шығарып қараймыз. Бұл балалардың қолдарынан үлгіре алатын шамалары болса жиды жұлдызынан бастап жұма сайын қалдырмай айына төрт рет шығарып тұрмақпыз. Оның бір жағында Теке, Орынбор секілді үлкен қалаларға жол ашылып қатынасу мүмкін бола қалса ол уақытта тағы да керекті баспахана жұмыскерлерін тауып алуға областной управа тырыса-шақ. Бұл шығарған нөмір бірінші тәжірибе һәм алдағы істердің басы болашақ. Заман тынышталып, тағы да олай, бұлай істерден халық аман, ел тыныш, жер босаңшылық болып тұрса бұл газетада түрлі осы күнгі Россияда болып жатқан оқиғалардың хабарлары земство істері һәм земствоның не нәрсе екендігі, Алаш орда һәм оның бастан аяқ тарихтары жазылып тұрмақ. Бұл уақытта газета шығару жұмысы өте қиын жұмыстардың бірі. Себебі: бұрынғыдай сарлап жүріп тұрған пошта жоқ, бір сағатта дүниенің ұшытындегі хабарларды пошта да жеткізетін телеграмма жоқ. Пошта сайын түрлі жерлерден құшақ, құшақ келіп тұрған газеталар және жоқ. Өзіңмен іргелес елдердің ішінде болып жатқан оқиғаларды айдың бас аяғында дерлік азар, азар талып естіледі шет елдер, алыс жерлер хабарлары болса жылдың басы аяғында ғана алу серіп зорға естіледі. Онда да тең жартысы я көбірек өтірік болып шығады. Бұл хабарларда газетада жазылған, я телеграмдағы емес. Көбі ауыздан уызға көшіріліп жүрген алып қашты хабарлар. Бұл газетада мұндай алып қашты хабарларға көп орын берілмей халден келгенше хабарлардың тазалары ғана жазылып тұруға тырысыла-шақ. Қысқасы алаш елін пайдалы деген іске қарап басуға, пайдасыз істен қашуға демдеп қолдан келгенше ел үшін көз, құлақ болып тұрмақ. Міне бұл секілді істермен алаш баласымын деген зиялы азаматтардың барлығына тегі міндет. Соның үшін газета шыға бастаған соң әр азамат қолдарынан келгенше қалам жәрдемдерін беріп тұрулары керек. Сонда ғана газета бола-шақ, сонда ғана басталған іс тасталмай іс болып шыға-шақ. Бегіренде қазіргі заманда.

Областной управа бастығы

Халел Досмұхамедұлы».

Осылайша беташар мақаласын жазған облыстық земство басқармасының бастығы Халел Досмұхамедұлы газеттің алғашқы нөмірін шығарудың жайын толық ашып көрсетіп береді.

1919 жылы күзінде «Ойыл уәлаяты» үкіметі шабуылын үдеткен Қызыл Армиямен астыртын байланыс жасайды да, қаруларын тастап беріледі. Кирвоенкомның 1920 жылғы  5 наурыздағы қаулысымен Күнбатыс Алашордасын таратады, осыған орай бұл газет жабылады. «Жаңа арқа» газетінің 1929 жылғы 17 санындағы «Газет-журналдарымыз» деген мақалада, «Еркін қазақ» газеті, 1919 жылы 26 қыркүйектен бастап Ойылда шыққан, біраз саны шығып тоқтаған. Ұлтшыл –  алашордашыл газеті» деп баға берілді».

«Еркін қазақ» газетін алашордашыл-контреволюшыл делініп тоталитарлық тәртіптің уағызшысына айналған «коммунистік идеология» қанша рет жерлесе де, большевизмге қарсы тұрған Батыс Қазақстандағы, оның ішінде Атырау және Ақтөбе жеріндегі  тұңғыш басылым екенін мақтаныш тұрғысынан айтуға болады.

                                                                                  Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

                                               «Атырау обысы білім және ғылым қызметкерлерінің                                                        кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих                                                    ғылымдарының кандидаты, Қазақ журналистикасының                                                 қайраткері.

            Суреттерде: 2017 жылы 31-4 тамыз аралығында «Ақжол» демократиялық партиясы Атырау филиалының ұйымдастыруымен «Алаш жолымен» атты, құрамында белгілі мәдениет қайраткері Әбілхан Сейтімұлы, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы және «Қызылқоға» аудандық газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов бар  ғылыми экспедиция Қызылқоға ауданындағы Халел ставкасы мен аудандық тарихи-өлке тану музейін аралады. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Сырым аудандарында және Орал қаласында жұртшылықпен кездесіп, дөңгелек үстелдерге қатысты. Батыс Алашорда тарихына қатысты тарихи орындар мен ғимараттарда болды. Ойыл ауданында Алаш Орда юнкерлер мектебі, байланыс бөлімшесі, мешіт, атақты Көкжар базары ғимараттарының тарихымен тереңірек танысты. Қаратөбедегі Батыс Алашорда съезі өткен ғимаратқа арнап қойылған белгі басында болып, аудандық өлке тарихи музейінде кездесулер ұйымдастырды.

Автор

 

[1] Жөнді көрінбейді, тігілген жерде қалып қойды.

[2] Қағазға түспей қалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT