Бүгінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша әртүрлі пікір айтылуда. Бірқатары елде энергия тапшылығы күн сайын артып келе жатқандықтан бұл аса қажеттілік екенін алға тартса, енді кейбіреулері Қазақстан бұл станцияны салуға әлі дайын еместігін айтуда. Осы тұста бейбіт атомның жаңартылған энергия көздерінен ерекшеліктері туралы сала сарапшысы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС сыртқы стейкхолдерлермен жұмыс департаментінің директоры Тельман Шуриевпен әңгімелестік.
–Тельман Хамзаұлы, электр энергиясының тапшылығы проблемасын шешу үшін Қазақстанда атом электр станциясын салудың негізгі артықшылықтары қандай? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Қазақстан уран өндіру бойынша – бірінші, ал әлемдегі қорлары бойынша екінші орында. Елімізде уран өндірудің өзіндік құны төмен, ал табиғи уранды алудың басқа әдістерімен салыстырғанда бұл тәсіл экологиялық таза. Осы істің жалғасы атом электр станциясының құрылысы болып табылады. Қазақстан ондаған жылдар бойы әлемдік атом державаларымен (Қытай, Корея, Ресей, АҚШ, Франция, Жапония) жақын әріптестік қарым-қатынаста болды және біздің мамандар осы елдердің АЭС бойынша іске асырылып жатқан жобаларына қол жеткізе алады.
Екіншіден, АЭС жыл бойы жұмыс істейді, ал жаңартылатын энергетика нысандары (ЖЭК) ауа райы мен тәулік уақытына өте тәуелді. Мысалы, АЭС-тің белгіленген қуатын пайдалану коэффициенті – 90%-дан астам, ЖЭК-те 25-35%-дан аспайды. Осылайша, атом электр энергиясын өндірудің тұрақты қабілеті тиімділік пен сенімділікті көрсетеді.
Бұл ретте АЭС энергетика саласындағы барлық проблемалардың жалғыз шешімі ретінде қарастырылмайды. Бірақ атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Атом электр станциялары энергетиканы әртараптандырудың негізгі элементі, бұл импорттық энергия көздеріне тәуелділікті азайтады және елдің энергиямен жабдықтау тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Үшіншіден, 2020 жылғы желтоқсанда климаттың өзгеруіне байланысты өршіл міндеттер қабылдау жөніндегі саммитте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж келісімі бойынша міндеттемелерді растай отырып, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі туралы жаңа мақсат туралы жариялады. Ал жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында 6 қазанда осы мәселе бойынша референдум өтетінін атап айтты.
Айта кету керек, атом энергетикасынан шығатын парниктік газдар шығарындылары көмірден – 135, газдан 73 есе төмен.
–АЭС салу мәселесінде ең алдымен қандай талапқа назар аудару қажет?
–Сұрағыңыз өте орынды. Бұл тұста алдымен халықаралық тәжірибеге назар аудару керек. Қазір дүние жүзінде 31 ел атом электр станцияларын пайдалануда. Әлемдік энергетикалық дағдарыс жағдайында бірқатар жетекші ел ядролық-энергетикалық бағдарламаларды қайта бастау туралы шешім қабылдады. Мәселен, Францияда 6-дан 14-ке дейін жаңа реакторлар салу жоспарлануда, олардың біріншісі 2035 жылға қарай іске қосылады. Атом энергетикасына Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Беларусь, Бангладеш, Египет сияқты елдер атом электр станцияларын салу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Былтыр АЭС салынатын ауданды таңдау бойынша жүргізілген зерттеулерді бағалау үшін Қазақстанға халықаралық деңгейдегі мамандар келді. Барлық материалдарды зерделеп, сондай-ақ Балқаш көліне барған сарапшылар АЭС-ті Балқаш маңында орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ деген қорытындыға келді. Алайда АЭС орналасқан жерді неғұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлерді, оның ішінде ықтимал жер сілкінісін қарастыра отырып, инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Атом электр станцияларына кәдімгі станциялардан артық су қажет емес. Суды мүлдем пайдаланбайтын құрғақ салқындатқыш мұнара технологиясы қарастырылуда. Табиғи су айдындарының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі барлық жерде кездеседі және әлемдегі бірде-бір ел станцияның су айдынына теріс әсер ету факторларына тап болған жоқ.
–АЭС республика экономикасына нақты қандай пайда әкеледі?
–АЭС салу елге үлкен мультипликативті әсер әкеледі. Осы бағытты дамыту жаңа заманауи тұрғын үй нысандарын, сондай-ақ жол, кеңсе, мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымды, оның ішінде балалар білім беру мекемелерін, тамақтану және басқа да ғимараттарды қайта жаңғыртуды және салуды қамтиды.
Түрлі тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, оқу-жаттығу орталығы, қоғамдық ақпарат орталығы, дүкендер, базар кешені, бөлшек сауда нүктелері мен қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары, тұрмыстық қызмет көрсету пункттері, демалыс орындары, мектептер мен балабақшалар салынатын болады. Фитнес, спорт және сауықтыру орталықтары, медициналық орталық, мәдени орталықтар, 1000 адамға арналған қонақ үй пайда болады. Сонымен қатар-ландшафттық кешендер, жолдар мен автотұрақтар желісі, инженерлік коммуникациялар жаңарып, экономикаға жаңа серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, инвесторлар тартылады, салық түсімдері де көбейетіні анық.
– Ал Қазақстанда атом энергетикасы үшін білікті кадрларды даярлау мәселесі қалай шешіледі?
– Біздің елдің АЭС пайдалану үшін кадрлық әлеуеті бар. Қазақстанның атом саласына 20 мыңнан астам адам жұмылдырылды, оның ішінде көптеген мамандар Ұлттық ядролық орталық пен ядролық физика институтында жұмыс істейді. Онда ондаған жылдар бойы атом реакторлары сәтті пайдаланылып келеді, сондай-ақ ядролық энергетикалық қондырғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар атқарылуда.
–Көршілес Өзбекстан биыл күзде АЭС құрылысын салуды жоспарлады. Бұл батыл шешім жөнінде сіздің ойыңыз қандай?
– Иә, «Қазақстанда АЭС қажет пе, жоқ па?» деп талқылап жатқан кезде көршілеріміз осы жылдың күзінде оның құрылысын бастауды жоспарлап-ақ тастады.
Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Өзбекстанның электр энергиясына деген қажеттілігі 2 есеге артады.
–Көпшілік арасында «АЭС салынса, қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтар таратылады» деген ұғым қалыптасқан. Бұл жөнінде маман ретінде қандай пікір айтасыз?
–Осы мәселеге байланысты табиғи су айдындарының жағасында атом электр станцияларын салу тәжірибесі барлық жерде кездеседі және әлемдегі бірде-бір ел станцияның су айдынына теріс әсер ету факторларына тап болмағанын тағы да атап айтқым келеді.
АЭС-тің салқындатқыш тоғандарында балықтың ондаған түрі өсіріледі, тіпті балық аулау бойынша халықаралық чемпионаттар ұйымдастыруға әбден болады. Бұл да шетелдік тәжірибеде бар. Ал радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін АЭС инфрақұрылымы шеңберінде арнайы зауыттар салынады. 1-1,5 миллион халқы бар қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алатын АЭС 60 жыл ішінде 50 текше метр радиоактивті қалдықтар шығарады. Бірақ радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, оны арнайы қоймаларда тұрақты түрде сақталуы мүмкін.
Әрбір заманауи атом электр станциясында ядролық реактордың қорғаныш қабығы, станциядағы апаттық жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы болады. АЭС-тің қоршаған ортаға және тұрғындарға теріс әсер етпейтіні арнайы нормативтік құжаттармен реттелетінін әр адам дұрыс түсінуі керек.
–Сұхбатыңызға бек рақмет!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА