Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов №16 мектепте орналасқан №10 учаскеде дауыс берді.
Ол сағат 7.00-де келіп, дауысын берді. - Мен бүгін жол жүретіндіктен ертемен келіп азаматтық міндетімді орындауға шешім қабылдадым. Бізідң ұйым мүшелері де мұндай мемлекетіміз үшін маңызды науқанға белсенді атсалысып келеді. Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Біздің өңірде бірнеше партияның сайлауға түсіп жатқаны қуантады. Сондай-ақ, аға буын өкілі ретінде жергілікті мәселелерді көтеріп жүрген жастардың да белсенділігіне сүйсініп отырмыз. Біз, аға ұрпақ ашық үкімет, айқын экономика, таза экология, заманауи медицина, отандық ғылым, халықты әлеуметтік қолдау секілді қасиетті ата-жеріміздің басты мәселелерінің қолға алынып жатқанына ризамыз. Біздің Отанымыздың алдағы уақытта дүниежүзілік тұғырдан өз орнын аларына сенімдіміз. Сол үшін де ардагерлер бүгін ертемен келіп, маңызды науқанға қолдау білдіруде. Біздің басты мақсатымыз – елдің бірлігі мен қоғам тұрақтылығының шегедей мығым болуы тиістігін, ұлт бірлігінің – ұлы байлық екендігін жас ұрпаққа ұғындыру. Қалай болғанда да, бұл сайлау алдағы ел өмірін жарқын ете түседі деген сенім мол. Ендеше, сайлау нәтижелі болып, әділ және ашық істердің бастамасы болғай! - деді Мұрат Сақтайұлы. Аталған сайлау учаскесіне келушілерге барлық жағдай жасалған. Сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ғимарат ішінде әсем әуен әуелеп тұр.