Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында Атыраудағы №7 сайлау учаскесіне тіркелген тұрғындар таңғы сағат 7:00-ден бері үздіксіз дауыс беріп жатыр. Олардың арасында жазушы, композитор,«Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері Ілия Жақанов бар, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ілия Жақанов жұбайы Тыйыш Алтаевамен бірге өз таңдауын жасады.
- Бүгін үлкен оқиға, жауапты науқан - сайлау күні. Міне, осы сайлауда өзіміз білетін, сенетін, жауапты жұмыстар мен үлкен істердің басы-қасынан табыла білетін, қоғамда өзінің ерекше орны бар, өзімізге ұнайтын маңдайы жарқыраған депутатқа дауыс бердік. Жаңа Қазақстандағы үлкен серпінді тірлікте қайратты, іскер, адал, әділетті қоғамды жасайтын, жігерлі, білікті, білімді адамдардың сайлауда жұлдызы жанғанына қуанып, соған тілектес болып отырмыз. Еліміз сәулелі, еркін болып, тәуелсіздіктің ырысы мен бақыты келер ұрпаққа жайлы болса екен деген тілектеміз,-деді І.Жақанов.
Атыраудағы №7 сайлау учаскесінде 2 314 сайлаушы тіркелген.