Мұқыр ауылында екі сайлау учаскесі бар. Соның бірі – Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты ғимаратта орналасқан №159 сайлау учаскесі.
– Сайлау учаскесінде дауыс беруге құқылы 610 сайлаушы бар. Ауданның келешегін ойлаған сайлаушылар ертемен келіп, қалаған үміткерлеріне дауыс беруде. Солардың бірі - теміржол саласының ардагері Қуандық Нұрболғанов таңғы сағат жетіде келіп дауыс берді. Сондай-ақ, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жұмысшылары да белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. №159 сайлау учаскесіне кіретін Тасқұдық елді мекенінде 28 сайлаушы бар. Оларға комиссия мүшелері сайлау жәшігін алып кетті, - дейді сайлау учаскесінің төрағасы Сафура Сәрсенғалиева.
Ал, Мұқыр орта мектебіндегі №160 сайлау учаскесінде денсаулық саласының ардагері Ақниет Сақиев бірінші болып дауыс берсе, ерлі-зайыпты Василий мен Жібек Есқалиевтар, жас отбасы Сергей Оңғарбаев пен Бағыт Мадияровалар ертемен келіп өз таңдауларын жасады. Қайнарлық мұнайшылар да сайлауға ауызбіршілікпен қатысып, үлгі болуда. Үйден дауыс беруге 24 адам өтініш берген. Үш сағатта учаскеге тіркелген 1389 сайлаушының 381-і, яғни 27,4 пайызы дауыс берді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ