Таяуда Орал қаласында дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өз жалауын желбіретті. Жылдың басты додасына еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан барлығы 871 балуан қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Бұл сында облыс намысын қорғаған жерлестер арасында сағыздық Дамир Асылбекұлының мерейі үстем болды. 60 келіде бақ сынаған ол алғашқы белдесулерінде Шымкент қаласы мен Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарының балуандарынан басым түсті.
Алайда, жартылай финалда түркістандық қарсыласына есе жіберіп алды. Кейін үшінші орын үшін болған бәсекеде қызылордалық балуаннан айласын асырып, жарыстың қола жүлдегері атанды. Дамирді аталмыш жарысқа дайындаған бапкері Сәлімгерей Нұрболғанов:
– Дамир ел чемпионатына осымен төртінші рет қатысып отыр. Жыл сайын жүлдеге қол созым қалғанда ұтылып қалып жүрді. 2021 жылы өткен ел біріншілігінде қола жүлде үшін таласта тағы бір шәкіртім Жеңіс Ниязғалимен шығып, ауылдасына есе жіберген еді. Дамирдің осы жарыстағы күресі өте әдемі болды. Тіпті топтық кезеңде жарыс фовариті болған шымкенттік балуанды жеңіп кетті. Жартылай финалда шаршаңқы күресіп, қарсыласына жол бергенімен, соңғы белдесуінде өзін сенімді ұстап, ақыры қола жүлдегер атанды. Енді Дамир ел құрамасына алынып, алдағы уақытта Азия, Еуропа чемпионаттарында ел намысын қорғайды, - дейді.
Дамир соңғы үш жылда ел чемпионатынан жүлдегер атанып отырған Сәлімгерей Нұрболғановтың үшінші шәкірті. Бұған дейін Ерхан Мұрат ел чемпионы атанса, Жеңіс Ниязғали қола жүлдеге қол жеткізген еді. Ендеше, сағыздық сайыпқырандардың алдағы додаларына сәттілік тілейміз.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН