Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасы Парламент Мәжілісіне биылғы 23 мамырда енгізілді. Оған Парламент депутаттары бастамашылық етті. 14 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Құжатта Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызын балаларға 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аудару ескерілген. Заң жобасының негізгі мақсатында балалардың 18 жасқа толғанға дейін нысаналы жинақтаушы шоттарында ақшалай жинақ түрінде мемлекеттен алғашқы көмек алуы қамтылған. Сонымен қатар құжатта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе жинақтау арқылы білім алуға мүмкіндік беру талаптары қарастырылған», - деді депутат Берік Бейсенғалиев.
Айтуынша, бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және ҚР Ұлттық банкі қаржатты инвестициялауды жалғастырады.
«Барлық балаларға тең тәсіл қамтамасыз етіледі, яғни баланың туған күнінен бастап немесе баланың Қазақстан Республикасының азаматтығын алған күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оның бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін әрбір баланың шотына бірдей сома аударылатын болады. Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалану мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар төленетін қаражат салық салудан босатылады», - деді депутат.
Заң жобасын қарау барысында жұмыс тобының отырыстарында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзетулер қабылданды, оның ішінде:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарының құзыреті, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдар мен нысаналы жинақтарды есепке жазуды, есепке алуды, төлеуді және қайтаруды жүзеге асыратын ұйымдардың құзыреті нақтыланды;
- нысаналы жинақтар мен олардың төлемдерін тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу жөніндегі шаралар нақтыланды;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының нысаналы талаптарды есепке алуды жүргізу тәртібін бақылауды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзыреті нақтыланды;
- кәмелетке толмағандар мен кәмелетке толғандардың нысаналы жинақтарға қатысып, кейіннен төлемдерді алу, сондай-ақ осы төлемдерді алу құқығын тоқтату құқықтары нақтыланды;
- нысаналы жинақтарға қатысушы немесе алушы қайтыс болған немесе соттың шешімі бойынша қайтыс болды деп танылған жағдайда, мұрагерлердің нысаналы жинақ төлемдерін алу құқықтары нақтыланды.