Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында осы жолы агроғылымды дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын бұл жолы қандай бағыттарға басымдық берер екен деп күтетініміз бар. Осы жолы Президент көптің көкейінде жүрген ауыл шаруашылығы саласының ғылымның көмегінсіз дами алмайтынын нақты мысалдармен айтты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет», – деді Мемлекет басшысы.Президент ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек деді.«Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату қажет. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде техниканың алатын орны ерекше. Егін де, мал шаруашылығы да техника күшімен атқарылады. Президент машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын алға тартты. Бұл тақырып осы кезге дейін ашық қозғалып талқыланбаған болатын. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы мәселені тікесінен қойып, оны нақты шешу жолдарына тоқталды.
«Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, ауыл шаруашылығы саласы дамыса, азық-түлік мол болады. Өңірлер өркендеп, елдің табысы арта түсетіні анық.
Дүйсембек Құлжанов,
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің
профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы