Әрине, ауылда қар жауып, қыс түскенімен көліктерін қысқа дайындап үлгермегендер жетерлік.
Себебі, бүгінгі күннің атына айналған темір тұлпардың жүрісі сыр бермеу үшін оның табанына таға қаққандай етіп шегелі дөңгелектермен ауыстыру қажет. Ол көлік жүргізушілерінің жол жүру қауіпсіздігін сақтай білуіндегі ерекше қасиетіне айналуы тиіс.
Ауданымызда екінші желтоқсаннан бастап қар түскені белгілі. Ал, бұл өз кезегінде жаздық дөңгелекпен жүрген көліктер үшін аса қауіпті. Сол себепті барлық көліктер жаздық дөңгелекті шегелі дөңгелекке ауыстыруы қажет. Біз де осы тұрғыда рейдтік тексерістерге шығып, аудандағы көліктерді бақылайтын боламыз. Егер де, көліктер дөңгелектерін ауыстырмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Десек те, біздің ең басты мақсатымыз - көлік жүргізушілеріне айыппұл салып қорқыту емес, өзінің де өзгенің де қауіпсіздігін сақтауға тәрбиелеу екендігін әрбір азамат есінен шығармауы тиіс,-дейді аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызмет аға инспекторы Руслан Бекназаров.
Статистикалық мәліметтер бойынша қыс мезгілінде шегелі дөңгелек таққан көліктің апатқа ұшырау көрсеткіші төмен.
Ендеше, жол ережесін сақтай білу өзімізге де өзгеге де тиімді болатыны сөзсіз.
Айымгүл ЖАЛҒАСҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден