Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТЫЛ МАЙДАНЫНЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ

Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл.

Бұл ретте, алғы шепте шыбын жанын шүберекке түйе шайқасқан соғыс солдаты қаншалықты үлес қосса, тылдағы ауыр жұмысқа жегілген еңбектеген бала мен еңкейген қарияның да өлшеусіз еңбегінің бар екені белгілі. Бұған Физика-математика ғылымдарының кандидаты Жолдымұрат Әлиевтің құрастыруымен 2005 жылы жарық көрген «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» деген энциклопедиялық кітаптағы мынадай деректер дәлел: «Жауды талқандауға республикамыздың малшылар қауымы да қыруар үлес қосты. 1942 жылы малшылардың адал бейнетінің арқасында қоғамдық меншіктегі қойдың саны 2 миллионға өсті. Колхоздар мен совхоздар 1941 жылмен салыстырғанда мемлекетке 44 тонна етті көп тапсырды.

1943 жылдың сәуірінде Совнаркомның шешімімен мал шаруашылығы саласы бойынша бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болып біздің республикамыз танылды. Соның нәтижесінде ауыспалы Қызыл Ту мен бірінші сыйақыға ие болды. Соғыс жылдарында мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын Гурьев облысының малшылары 6 мәрте жеңіп алды. Бұған республикамыздың майдан шептеріне жіберген, құйрық-жалы төгілген 110 мың жылқысын тағы қосыңыз». Міне, сондай Ұлы Отан соғысы кезінде тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің бірі – Қожық Әлшенов. Ол 1928 жылы Сағыз ауылдық округінде дүниеге келген. 1943 жылдан бастап колхозшы, 1946-47 жылдары тәбілші санақшы, 1948-1949 жылдары колхоз төрағасының орынбасары, 1949-1952 жылдары ферма меңгеруші, 1956 жылдан бастап колхоз басқармасы, совхозда ферма меңгерушісі болып зейнеткерлікке шыққанша жұмыс жасады. Колхоз, совхоз кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін ВДНХ-ның күміс медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдары кезіндегі тылдағы еңбегі үшін», «Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Осы орайда, бірнеше жыл бұрын Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, полковник Кенжебек Тұманбайұлының республикалық «Айқын» газетінде жазған «Дала академигі» деген мақаласында: «Балалық шағым Атырау облысының таза мал шаруашылығымен айналысатын Қызылқоға ауданының Аққұдық деген ауылында өтті. Ақтылы қой өсірген біздің ауылда омырауы орденге толы қарапайым шалдар сирек болса да кездесетін. Кеңес өкіметінің«Жоспар, жоспар» деп алқымыңнан алып жатқан алашапқын кезінде, біздің ауылдың адамдары «жоғары жақ марапат берсе, сый-құрметке бөленермін» деген дәмемен жұмыс істеген жоқ. Шіліңгір шілде мен ақырған ақпанда да бұлданбастан, міндетсінбестен бала-шағаның қамы үшін таңның атысы, күннің батысы тырбанып жұмыс жасаған сол кездің адамдарына ақ-адал бейнеттері үшін де көлкөсір рахмет айтуымыз керек. Келіндері «Герой қайынаға» деп алдынан кесе-көлденең өтпеген, қалған замандастары «Әлшеке, Әлшеке»деп төрге шығарған ауылдың берекесіндей болған Социалистік Еңбек Ері Әлшен Төлепов ақсақал еске алуға тұрарлық майталман жан еді. Кейінгі жылдары Ақтөбе қаласына қоныс аударған Әлшекеңнің ел сыйлаған ұлы Қожық әкемізбен өткен жолы кездесіп, бірталай әңгіме-дүкен құрғанбыз. Әкем марқұмды анау алпысыншы жылдары Түрікменстаннан көшіріп әкелуге көп ықпал жасаған, мал шаруашылығының өркендеуіне ұзақ жылдар елеулі үлес қосқан Қожекеңнің адалдығы мен әділдігінің өзі бір бөлек әңгіме» деп тебіренгені еске түседі. Расында да, Қожық Әлшенұлы тылда табан тоздырып, бала жастан еңбек еткен қадірменді ақсақалдардың бірітұғын.

Біз бұл кісімен талай рет әңгімелестік. Сонда ол өзі туып-өскен жерінің тарихымен абзал азаматтары, соғыс жылдары өзімен бірге жанқиярлықпен еңбек еткен замандастары хақында үлкен тебіреніспен былайша сыр шертіп еді: «1943 жылы наурызда маман оқытушылардың барлығы майданға кетіп, орталау мектеп бастауыш мектепке айналды. Ұлы Отан соғысына дейін «Ақшелек» ұжымшары аудан бойынша колхозшылардың ерен еңбегінің арқасында мал басын өсіруден бірінші орынды иеленіп жүрді. Ұлы Отан соғысы басталған соң 18-50 жастың арасындағы барлық ер азаматтар 1941-1942 жылдары майданға аттанып кетті. Ұжымшардың барлық шаруашылығы қарттарға, әйелдерге, 18-ге толмаған мектептегі балаларға жүктелді. Сұрапыл соғыс жылдарында таң атпай ерте тұрып, қараңғы түскенше жан қиярлықпен қызмет етіп, аш-жалаңаш жүрсе де күндіз-түні еңбек еткен Шомпай Әшіров, Әлшен Төлепов, Әбишан Бектурлиев, Тайжан Қойшығұлов, Қали Тілеубергенов, Жәкен Бахонов, Әлжан Ботақараев, Кірбас Такешов, Бекқұлы Соқыров, Бекқұлы Мұрынов, Өскінбай Тәпенов, Ізқара Сарбөпиев, Қарабатыр Баспақов, Сәдікуәр Әшіров, Түркістан Дүкенов, Қатпа Өскінбаев, Әбдірахман Қореков сынды колхозшыларды айтуға болады. Ұлы Отан соғысы кезінде ерлермен бірге еңбек еткен Қама Тілеубергенова, Шаршаған Дәулеткереева, Мақпал Әшірова, Разия Құрманғазиева, Тәжібай Шыңбаева, Балапаш Тілегенова, Макет Жаманғараева, Мүйіз Соқырова, Дәлихан Қыңырқаева, Шолпан Сақтағанова, Зиядан Төкешова, Сұлухан Дүзжасарова және тағы да басқа абзал аналардың еңбегі ерен. Біз олардың жанқиярлық еңбегін көзімізбен көріп, бала болсақта ауыр жұмыстарына көмектестік. Әрдайым, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерін жас ұрпақ ұмытпауы керек.» Әлбетте, Қожық қарт туралы әңгіме қозғағанда, оның әкесі Әлшен туралы да әңгіме тиегін ағытпай кете алмаймыз. Себебі, Әлшен Төлепов аудандағы санаулы «Социалистік Еңбек Ері» атағын иеленген еңбек майталмандарының бірі. Осы тұрғыда, Әлшен Төлепұлының жоғары көрсеткіштеріне назар аударар болсақ, қылшық жүнді қазақы қойдың әр басынан 3 келіден асырып жүн алса, күзде етке тапсырған қозының салмағын 49 келіге жеткізеді. Бүгіндері қозы түгілі, сақа қойдың өзінің 49 келі тартатыны сирек. 1945 жылы 460 бас қазақы саулықтан 561 қозы алса, 1946 жылы 500 саулықтың әр жүзінен 120 қозыдан, ал 1947 жылы 460 саулықтан 560 қозы өсірді. Осынау ерен еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен Әлшен Төлеповке Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Алтын Жұлдыз медалі мен Ленин ордені қоса тапсырылады. 1948 жылы 600 саулықтан 706 қозы алса, бұл көрсеткішті 1949 жылы 712 қозыға жеткізеді.

Осы тұста, тағы да Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, полковник Кенжебек Тұманбайұлының республикалық «Айқын» газетінде жарияланған мақаласына жүгінейік. Онда Әлшен Төлепұлының тәжірибесі мол маман екендігін айғақтайтын мынадай дерек бар: «Әкем кезінде Әлшекеңнен қозы алудан жоғары көрсеткішке жетуінің сырын сұрағанында былайша жауап алыпты. «Біріншіден, саулық қойларды күзгі шағылысқа барынша семіртіп апару керек. Екіншіден, күзде қозыларды саулықтарынан айырғанда, егіздің сыңары болған ұрғашы қозыларды басқа отарға жібермей, түгелімен өзіңде алып қалған дұрыс. Себебі, еділбай қойларында тұқым қуалаушылық қасиет басым. Оларды келесі жылғы шағылысқа күйлі етіп апарсаң, енесі секілді қайтадан егіз туады. Егіздің сыңары болған еркек қозылардың ірісін етке тапсырмай, отарымда алып қалып, тұқымдық қошқар етуге жоспарлаймын. Оларды күзгі шағылысқа дейін бөлек бағу керек. Үшіншіден, күзгі шағылыста қошқарды отарға қосқаннан кейін, күні-түні жайып, мезгіл-мезгіл суарып отырған жөн. Оларды екіге бөліп, бір бөлігін демалтып, келесі бөлігін отарға қосып отыру керек. Келесі күні демалған бөлікті отарға қосып, екіншісін демалтқан жөн. Бұл әдіс қошқарлардың тынығып, өздерін сергек ұстау үшін тиімді. Ең соңғы әдісім мынау. Аула салғанда саулық қойлардың жататын жерінің алды дөңестеу болғанын ескеру керек. Себебі, «Ұлы сөзде ұят жоқ»демекші, қошқардан бөлінген шауқат саулықтың жатырының мойнында біразға дейін тұрады. Саулықтың жатыры екі бөлек болады. Күнұзағына жайылған саулық алды дөң жерде жатқанда қошқардың шауқатымен араласып, жатырдың екі бөлігіне бөлініп баруы әбден мүмкін». Арнайы оқу орнын бітіріп, табақтай дипломы болмаса да, қой төлдетудің өзіндік әдісін ойлап тапқан жарықтық Әлшекеңдердің осыдан кейін қалайша «Даланың академигі» демейсің. 1945-1949 жылдардың аралығында Әлшекең қолданған осы әдісті колхоз басшыларын былай қойғанда, аудан, облыс көлеміндегі атқамінерлер барынша қолдап, басқа шаруашылықтың үлгі ретінде ұсынған көрінеді. «Тың жаңалық» деп бағаланған бұл әдіс жайлы аудан, облыс қала берді, республикалық газеттерде бірнеше дүркін мақалалар да жарияланған екен».

- Асыра мақтағаным емес, әкем секілді еңбекқор жанды күні бүгінге дейін сирек кездестірдім. Еңбекқор адамдар туралы айтқанда «Таңның атысы, күннің батысы тыным таппайды» деп жатады ғой. Ал, әкем болса жаз, күз мезгілдерінде түнгі салқынмен таң атқанша отарын жайып, өз жұмысын асқан жауапкершілікпен атқаратын. Малшының жұмысы қайбір жеңіл дейсің. Шипажай сияқты сауықтыру орындарына жылына бір мәрте барып денсаулықтарын түзеуге уақыттарының жоқтығын айтпағанның өзінде, аптасына бір келетін сенбі, жексенбінің не екенін білмей, тыным таппастан жұмыс жасаған малшылар қауымының адал еңбегі қоғамымызда өзінің әділ бағасын әлі ала алмай келеді. Әкем мал екеш малға да асқан мейірімділікпен қарап, оларды күтіп-баптауға келгенде ерекше ықыласты болатын. Әкемнің өнегесін өрісті етуге барынша тырыстым. Тәжірибесін қызмет бабында талай рет пайдаландым. Шүкір, абыройсыз болдым деп айта алмаймын. Ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйдім. Адал еңбегіммен елдің құрметіне бөлендім. Еселі еңбегіме орай, бірнеше медальдарды омырауыма жарқырата тақтым. Әрдайым, халқыма айтар алғысым зор, - деп ағынан жарылып еді Қожық ақсақал бір кездескенімізде.

Расында да, жастайынан тылдың қара жұмысына жегіліп, жанқиярлықпен еңбек еткен Қожық Әлшенұлы ауданның «Қызыл тулы Қызылқоға» атануына зор үлес қосты. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, жастарға үлгі болды. Әйтсе де, Қожық ақсақал осыдан бір жыл бұрын 91 жасында өмірден өтті.

Ендеше, осындай табанды еңбек, мал шаруашылығын өркендетуге қажырлы қызметімен елдің қадірменді қариясына айналған Қожықтай тыл еңбеккерлерінің ерен ісі бүгінгі және кейінгі ұрпаққа өрісті өнеге екендігі ақиқат.

Бауыржан СИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521