Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деп, педагог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, дамыту жөнінде атап өтті.
Осы орайда облыс әкімі С.Шәпкеновтің, облыстық Білім беру басқармасының басшысы М.Абуовтың қолдауымен, «EdCrunch Academy» заманауи білім беруді дамыту институтының негізін қалаушы және бас директоры Н.Қиасовтың басшылығымен Атырау облысының 50 мектебінің директоры «Атырау жаңа мектебі» мектептердің басқарушылық командаларын кәсіби қайта даярлау бағдарламасының 1-модулімен танысып, белгіленген бағдарламаға сәйкес тәжірибелерін толықтырған болатын.
Тағылымдама барысында PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижесі бойынша алдыңғы қатарда тұрған елдер Эстония мен Финляндияның білім беру жүйесімен танысты. Тағылымдаманың мақсаты- на сай қатысушылар екі елдегі үздік деп танылған 11 білім беру ұйымында болып, оқу бағдарламаларының ерекшеліктері, оқытуды басқару жүйесі, педагогтердің кәсіби даярлығы, адами ресурстарды басқару, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды оқуға тарту мәселелерін мектеп директорларының шеберлік сағаттарында бірлесе талқылады.
Бағдарламаға қатысушы мектеп басшыларының қатарында ауданымыздың Алға, Ақтоғай және Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорлары болды. Бағдарлама кәсіби қызмет үшін қажетті жаңа құзыреттілікті жетілдіру және білім беру ұйымында стратегиялық жоспарлау саласындағы кәсіби деңгейді арттыру, деректер негізінде мектепті дамыту бағдарламасын іске асыруды мақсат етті.
2-модуль «Шекарасыз білім беру» халықаралық тағылымдамасы болып бекітілген. Осы бағдарлама аясында Эстония мен Финляндия елдерінің Таллин және Хельсинки қалаларындағы мектептердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік берді. Ақтоғай орта мектебінің директоры Жоламан Ізғали дамыған елдердің білім беру жүйесімен танысқан, көріп-білген тәжірибе өзі басқаратын білім беру мекемесіндегі жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік сыйлағанын айтады.
– Ванта қаласының Каменкулан мектебі мен орталықтағы оқу және мәдениет министрлігі жанындағы Ұлттық білім беру агенттігінде болдық. 5,6 млн халқы бар Финляндия конституциясы бойынша білім беру жүйесі теңдікке бағытталған. Елде жеке меншік мектептер болмағандықтан, барлық бала мемлекеттік мектепте білім алады. Бірақ мемлекет есебінен қаржыландырылатын тәуелсіз мектеп бар. Елдегі 2000 мектептің тек 40-ы – тәуелсіз. Бұл мектеп балаларды іріктеп ала алады. Финляндияда рейтинг деген атымен жоқ. Сәйкесінше мектептер бір-бірімен жарыспайды. Мұғалімдерде санат деген де жоқ. Марапаттау бермейді. Сондықтан да оларда бір-бірімен жарыспайды. Баланы да жақсы немесе нашар оқиды деп бөліп, рейтингке салмайды. «Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары» деген лауазым жоқ. Тәрбие оқу үдерісіне кіріктірілген. Әр баланың ерекшелігіне қарай саралап оқытып, мықты жағын дамытады. Негізгі идея – елдегі барлық баланың жақсы оқуына жағдай жасау,- дейді Ж.Ізғали.
– Бүгінде мемлекет тарапынан шет ел балаларын елдің Жоғары оқу орындарына тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бір қызығы, бұл елде Жоғары оқу орындарында баланың әлеуметтік жағдайына, діні мен тегіне қарамастан барлығын тегін оқытады. Тек емтиханнан тиісті ұпай жинаса болғаны.
Тағылымдама бағдарламасында Эстония мен Финляндияның PISA халықаралық зерттеуінде табысқа жеткізген білім берудегі негізгі тенденциялары, Эстонияның мектепке дейінгі, негізгі және гимназиялық білім беру жүйесі, білім беру стратегиясы – 2030, негізгі тенденциялар мен басымдықтар, даму бағдарламасы тақырыптары қамтылды.
– Тағылымдамада білім беру сапасының еуропалық менеджменті, ата-аналармен жұмыс, АКТ технологиялары, білім беру мекемесіндегі жобалау қызметтерімен таныстық. Еуропалық мемлекетте мұғалімдердің бәрінде магистрлік дәреже бар, сапа үшін адал еңбек етеді. Мұғалімге деген сенім жоғары. 1-12 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толықтай қамтылған. Қай мектепке барсаңыз да материалдық-техникалық базасы толық қамтылған. Спорт кешендері мен жаттығу залдары оқушының қажеттілігін қанағаттандырады. Хельсинкидегі Одди кітапханасы, ерекше балаларға арналған кабинет, оқушыға арналған демалыс бөлмесі керемет. Жыл аяғында мектеп басшысы мен мұғалімдер арасында дамытушылық әңгіме жүргізіледі. Одан бөлек Финляндия мемлекетінің табиғаты, қаланың тазалығы ерекше ұнады,- дейді Алға орта мектебінің директоры Нұргүл Жұмағалиева.
Сонымен бірге тағылымдамадан өткен мектеп басшылары мектептегі зерттеу және шығармашылық жұмыстар, мектепте зерттеу жұмыстарын дайындау және жүргізу тәртібі мен халықаралық жобалармен танысты. Жұмыс барысында жоғары, гимназиялық және негізгі білім беру мекемелерінің, басшылардың, практик-мұғалім- дердің, инноваторлардың практи- калық жұмыс тәжірибесі, шеберлік сабақтары, «дөңгелек үстелдер» мен таныстырылымдар, сонымен бірге талқылаудың өзге де нысандары ұсынылды.
Табиғаттағы кіріктірілген сабақтар және мобильді оқыту, мектепте ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бағдарламалармен танысып, мектеп директорлары шағын топтарда жұмыс жасап, өз мектептеріне енгізетін идеялардан жобалар әзірлеп, таныстырылым жасады. Барлық қатысушыларға «Шекарасыз білім беру» халықаралық тағылымдамасынан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ