Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ – АУДАНДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына сай биыл жазғы демалысқа шыққан Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары өздері сайланған аймақтарға барып, жергілікті тұрғындармен кездесуде.

Бұл ретте өткен аптада ауданымызға Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов табан тіреп, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ауданда жүріп жатқан құрылыс нысандарын аралады.

Теміржол өткелі салына ма?

Алдымен Сағыз ауылына келген Мәжіліс депутатын аудан әкімі Қанат Әзмұханов пен аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали күтіп алды. Халық қалаулысы алдымен Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің жағалауында жүргізіліп жатқан жаға бекіту жұмыстарымен танысты. Көктемгі су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған бұл жоба бойынша 4,5 шақырымдық аумақ арнайы техникамен тазартылып, нығайтылып жатыр екен. Құрылыс жұмысымен танысқан депутат мердігер мекеме өкіліне халық үшін аса қажетті бұл жоба сапалы әрі уақытылы аяқталу тиіс екендігін баса айтты. Бұдан соң ол Сағыз ауылында жаңадан ашылған жастар ресурстық орталығында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуді аудан әкімі Қанат Әзмұханов ашып, жүргізіп отырды.

Жиын барысында сөз алған жергілікті қоғамдастық мүшесі Серік Сағынов:

– Соңғы жылдары ауылымызда жүйелі жұмыстар қолға алынып, түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Алайда, шешімі табылмай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – ауылдың арғы беті мен бергі бетін жалғайтын теміржол өткелі. Яғни, теміржолды кесіп өтетін автомобиль жолы қажет. Себебі, қазір арғы бетке бару үшін республикалық «Атырау-Ақтөбе» тасжолына шығу керек. Ол біріншіден – алыс, екіншіден – қауіпті. Үлкен жолдың бойында көлік қатынасы көп болғандықтан арғы бетке аман-есеп барып келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Жалпы теміржол өткелі бұған дейін ауыл ішінде болған. Енді сол бұрынғы орнына салу жайлы ұсыныс айтсақ, «Қазақстан теміржолы» компаниясы рұқсат бермей отыр. Бірақ, дәл сондай теміржол өткелі Мұқыр, Қандыағаш сияқты стансаларда бар. Сонымен қатар, Президент тапсырмасына орай ауылымыздан «Жайлы мектеп» салынады деп еді. Жері белгіленіп тұр. Бірақ, құрылысы әлі басталған жоқ. Бұл «Жайлы мектеп» ауылға өте қажет. Себебі, сайдың арғы бетіндегі оқушыларға №9 орта мектеп те, Кенбай орта мектебі де алыс. Әрі ол мектептерде бала саны көп. Жаңа мектеп салынса балалар бөлініп, өзге мектептердің жүктемесі азаяр еді. Үшінші мәселе – теміржол вокзалы. Жалпы оны да салынады деп естідік. Бірақ, жүзеге асып жатқан жұмыс көрінбейді. Басқа мәселелер аудан, облыс деңгейінде шешімін тауып жатыр. Тек осы мәселелерді назарға алсаңыз, - деген өтінішін жеткізді.

Ауыл тұрғынының сөзін қуаттаған аудан әкімі Сағыз ауылына жаңа вокзал салынатындығын айтып, алайда теміржол өткелі күрделі мәселе болып тұрғандығын тілге тиек етті. Бұдан басқа жиында жастар тәрбиесі, ауылды көтеру, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері сөз болды. Жиын соңында қоғамдастық кеңестің мүшесі Дәрігүл Басшиева мәжіліс депутатына жоғарыда айтылған мәселелер қамтылған өтініш хатты табыстады. Жиыннан соң халық қалаулысы бастаған топ ауыл ішіндегі ескі теміржол өткелінің (переезд) орнына барып, танысты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын Кеңес үкіметі заманында ауыл ішімен күніне тоқсанға жуық пойыз өтсе де аталмыш өткел екі ауылды жалғап, жұмыс жасап тұрған. Ал, қазір күніне онға жетер-жетпес пойыз өтеді, соның өзінде қауіпсіздік мәселесін алға тартып «Қазақстан теміржолы» компаниясы рұқсат бермей отыр. Тұрғындарды мұқият тыңдаған халық қалаулысы бұл мәселені Парламент қабырғасында міндетті түрде көтеретіндігін жеткізді. Құрылысқа – қатаң қадағалау Бұдан соң Мәжіліс депутаты бастаған топ Сағыз ауылындағы орталық стадионның құрылысымен танысты. Ауыл үшін аса қажетті бұл нысанның да құрылысы көптен бері жүріп жатқаны белгілі. Десе де, мердігер компания өкілі аталмыш жобаны жыл аяғына дейін бітіретіндігін, қазіргі таңда жанкүйер отыратын орындықтар мен жасыл алаңды төсеу жұмыстары қалғандығын тілек тиек етті. Содан кейін Мұқыр ауылына ат басын бұрған халық қалаулысы аталмыш ауылда салынып жатқан 400 орындық мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Бұл мәдениет үйі де жауапсыз мердігердің салдарынан «сақалды құрылысқа» айналған еді. Аудан әкімінің айтуынша, мәдениет үйінің құрылысы негізінен 2017 жылы басталған.

Алайда, жобаны жүзеге асырушы мекеме тек жартылай қабырғасын ғана қалап қойып, әрі қарай жұмысты жалғастырмаған. Әрі қалап қойған қабырғасы да сапасыз жасалған. Ақыры бұл мердігермен келісімшарт бұзылып, былтыр қайтадан конкурс жарияланып, тың жерден мәдениет үйінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмысымен мұқият танысқан Мәжіліс депутаты мердігер компания өкіліне былтыр басталған құрылыс үшін қазіргі жасалған жұмыстар аз екендігін ескертті. Өзін Дмитрий деп таныстырған учаске басшысы қысқы ауа райы қолайсыз болғандықтан негізгі жұмыстар көктем шыға жасалғандығын атап өтті. Алайда, Әділ Жұбанов: «Мұндай құрылыстар қырық градус аяз болатын Астана қаласында да жүріп жатыр. Қысқы құрылыстың өзіндік ережелері мен ерекшеліктері бар. Соны қолданып жасағанда қазір бұдан да көп жұмыстар жасап тастаған болар едіңіздер. Бұл нысанның тезірек аяқталып, ашылуын мұқырлықтар асыға күтіп отыр. Сондықтан барынша тез әрі сапалы жасап, құрылысты уақытында аяқтаңыздар» деді. Мәжіліс депутатының жұмыс сапары Жамансор ауылында құрылысы жүріп жатқан 80 орындық мектеп-интернат базасында жалғасын тапты. Бұл мектептің ерекшелігі – елімізден заңсыз шығарылып, кейін қайтарылған қаржы есебінен салынып жатыр. Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған бұл жоба наурыз айында басталды. Соған қарамастан қазірдің өзінде бірнеше қатар қабырғасы қаланып, жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен осы мектеп-интернат пен жоғарыда айтқан Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің де мердігері бір компания екендігіне назар аударған Мәжіліс депутаты: «Бір уақытта екі жобаны қатар жасап жатырсыздар. Бұл – оңай емес. «Қалай да бітіремін» деп асыққанда құрылыс жұмыстары сапасыз болып шықпасын. Бірақ уақыттан да қалуға болмайды» деп қатаң ескертті. Осылайша ауданға жасаған іссапарын қорытындылаған Мәжіліс депутаты алдағы жұмыс барысында артылған міндет, айтылған ұсыныстар басты назарда болатынын айтып, әрі қарай өзге аудандарға сапарға шығып кетті. Айтпақшы, ертеңіне ауданға «Ақ Жол» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев ат басын бұрып, Сағыз ауылында жергілікті тұрғындармен кездесті. Аталмыш кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, халық қалаулысына ұсыныс-тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Парламентте атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтындығын жеткізді.

Дулат ҒҰБАЙДОЛЛА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT