Тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру идеясын жүзеге асыру бағытында көптеген жобалар іске асуда. Соның ішінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін биыл 97 тармақтан тұратын жоспар жасалғандығын және соған сәйкес атқарылатын іс-шаралар – тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту сияқты 3 бағытқа бөлінгендігін мәлімдеген еді.
Соған орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 4 арнайы жобаның ішінде «Дәстүр мен ғұрып» атты жобаға арнайы тоқталып отырмыз. Жалпы, 4 жобаның да әрқайсысына жеке концепциялар жасалып қойған. Осы орайда, «Дәстүр мен ғұрып» жобасының бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтуында үлкен мән бар. Айталық, ұлттық дәстүріміз бен ұлттық қолөнер бұйымдарының, әдет-ғұрыптардың бүгінгі қоғамда өмір сүріп, қайта жаңғыруы маңызды.
Мәселен,
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау» деп есік алдында ән салған әжелеріміздің арнайы түзу талдан жасалған сабаумен қойдың қырқылған жүнін іріктеп, жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді.
Міне, бұл қазақы ұлттық қолөнеріміз киіз басудың өзіндік көрінісі. Бұл ретте, «әттең-ай», дейтін тұсымызда жоқ емес. Себебі, киіз басу өнерінің жойылып, текеметтің түрін басатын әжелердің де саны азайып барады. Десек те, ұлттық құндылықты ұлықтап жүрген ақжаулықты аналарымыз әлі де болса бар. Солардың бірі – ардагер ұстаз, жангелдиндік Жаңылған Сұлтанғалиева. Біз осынау ақжаулықты анамен ұлттық өнерді дамыту бағытында пікір алмасқанды жөн көрдік.
- Жаңылған Мәмбетжанқызы, алдымен бүгінгі таңда қозғалып жатқан «Дәстүр мен ғұрып» жобасына деген көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз?
- Адам баласы кез келген дүниені көру, білу, есту арқылы өз биігінде дамыта алады. Біздің көрген тәрбиемізде қазақтың ұлттық бояуы сіңген дүниелер болатын. Бұл ретте, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасақталған жобасы дұрыс деп есептеймін. Себебі, жастардың ұлттық дәстүрімізді дәріптеп, әдет-ғұрпымызға, ұлттық қолөнер туындыларын насихаттауға көңіл бөлуі құптарлық дүние. Мен осыдан 73 жыл бұрын Жангелдин ауылдық округінде дүниеге келгенмін. Миялы орта мектебінде еңбек жолымды бастап, сол мектепте табан аудармастан 32 жыл қызмет еттім. Баламен жұмыс жасау үлкен күшті қажет етеді. Өйткені, әр баланың психологиясы, оқу зеректігі әртүрлі болады. Сондықтан, оқушы мен мұғалім байланысының нәтижесі арқасында көрсеткіш көтеріледі. Өзім биология, еңбек пәндерінен сабақ бердім. Еңбек пәнінде оқушы қыздарға көптеген дүниені үйреттім. Атап айтсам, құрақ тігу, ұршық иіру, тіпті, киіз басу, алаша тоқуды қолға алдық. 1999 жылы зейнеткерлікке шықтым. Әрине, одан кейін де баламен байланысымызды үзген жоқпын. Себебі, өзімнің немерелерім, шөберелерім бар. Менің зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі тәрбиелеп, ақыл-кеңесімді, өмірлік тәжірибемді, бар білгенімді үйретіп отыратын немерелерім болды. Адам баласы еңбек етуді сүю керек. Сонда ғана оның қоршаған ортаға тигізетін пайдасы мол болады. - Ұмытылып бара жатқан қандай қолөнер түрлерін білесіз? Оларға жеке-жеке тоқтала кетсеңіз? - Қай халықтың болмасын сан ғасырдан бері келе жатқан ұлттық мұрасы мен рухани қазынасы ұлттық нақыштағы өзіндік қолөнері болады. Халық шеберлері мен ұсталары ұлттық қолөнер бұйымдары арқылы халқымыздың дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін көрсете білген. Халқымыздың сан ғасырлық тарихында ою, тігу, құрастыру, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты ұлттық қолөнер түрлері бар. Дегенмен, қазіргі заман ағымына сай кейбір өзгерістерге ұшырап келе жатқан қолөнер түрлері де жоқ емес. Қазіргі таңда, қарапайым киіздің өзін табу некен саяқ. Тіпті, әртүрлі ою бейнеленген киізді көргенде таңырқап қарайтын жағдайға жеттік. Әрине, өмірлік тәжірибемізден біздер киіз бастық, ұршық иірдік, қолғап, шұлық тоқыдық. Бұлардың барлығының шикізаты өзіміздің қолымызда болды. Әсте, ол уақытта жаппай сондай үрдістің уақыты ма деп те ойлаймын. Себебі, қазір барлығы қолжетімді. Мен мектепте өтетін тәрбие сағаттарына қатысып жүрдім. Сондағы ойым, осындай ұлттық қолөнер ұмыт қалмаса екен деген ой болатын.
- Киіз басу өнерінің өзіндік сыры мен оған қажет бұйымдарға тоқтала кетсеңіз?
- Көшпелі қазақ халқының баспанасы көшіп-қонуға ыңғайлы, әрі қыста да, жазда да тұрмысқа қолайлы болған киіз үй екені белгілі. Ал, аты айтып тұрған сол киіз үйдің негізі киіз болған. Қазіргі кезде, киіз басу өнері мүлдем жоқ деп те айта алмаймын. Анасының көзі ретінде қолға алып, оған заманауи рең беріп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жастар бар. Киіз басу деген оңай орындала салатын іс емес. Ауа райына ыңғайлы, мезгілі жаз айларында осы машақаты көп жұмысты әйелдер атқарады. Ең алдымен, күш пен шыдамдылықты талап ететін жұмысқа үлкен дайындық керек. Негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады және уақыты келгенде қойды суға тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылады. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады. Әрине, киіз басуға шебер болудың қажеті жоқ. Десек те, киіз басу кезінде, қыз балаларды жинап, қалай басу жолдарын, әдісін үйреткен жөн. Мұны не себепті айтып отырмын? Өйткені, біздің өзіміз кезінде шешелеріміздің жасағанын көріп, жүн сабағанда бір сабауын ұстап үйренгенбіз. Сондықтан, жалпы киіз басу емес, құрақ құрау, ұршық иіріп, тоқуыш тоқу сынды іске қыз баланы баулыған жөн.
- Жалпы, қолөнерді ауылда дамыту үшін не жасалу қажет?
- Қолөнер дегеніміздің өзі өнерлі адамның бойындағы тұнып жатқан қабілет. Әсіресе, қыз балаларды қолөнерге баулу оның болашағы үшін де таптырмас дүние. Атап айтсам, қазір қолдан киім тоқудың орнына дүкеннен ала салуға дайын тұрамыз. Ал, сол үйдегі күнделікті бағып отырған қой мен ешкінің жүні көптеген жылы киімдерге шикізат болады ғой. Тіпті пайда көзіне де айналдыруға болады. Қазір «Жастарға ауылда жұмыс жоқ», «Жастар жұмыссыз жүр» деген сөздерді жиі естиміз. Қазақтың қолөнері, ұлттық тағамдары тұрғанда жұмыссызбын деуді қолдамаймын. Өйткені, қарапайым құрақ көрпесін әдемі етіп тігіп, өзіңіздің кәсібіңізді ашыңыз. Сол арқылы тағы екі-үш адамды жұмыспын қамтыңыз. Мұны айтып отырған себебім, өзімде бүгінде құрақ көрпені тігіп, әртүрлі дүниелер тоқимын. Құрақ көрпелерді саттыққа шығармасам да, әдемі етіп тігіп, өз балаларыма жасап беремін. Бұған қоса, мен зейнеткерлікке шыққаннан бері ұлттық киімнің нақышы бар киімдерді киіп жүремін. Әсіресе, қыздардың шашына тағылатын шашбауларды жасап, олардың иығында сыңғырлап жүргенін жақсы көремін. Бүгінде қазақ халқының қос етекті көйлегін, кәжекейін киіп жүремін. Осының өзі үлкен үлгі деп ойлаймын.
- Сіз, қазіргі таңда бидай қуырып, талқан түйеді екенсіз? Осы жайында айта кетсеңіз?
- Жоғарыда айтқанымдай, «Еңбек етемін» деген адамға жұмыс табылады. Бұл сөзіме нақтырақ дәлел болсын. Мен өзім көп жылдардан бері бидай қуырып саттыққа шығарамын. Күрең шайдың дәмін кіргізетін бидай мен талқанның иісі де, дәмі де ерекше. Әрине, балаларымның барлығы жұмыс жасап, еңбек етіп, мені бағуға шамалары жетеді. Десек те, адам еңбек етпесе түрлі ауруға тап болып, жалқаулық дендеп алады. Сол себепті, өз басым барынша денсаулығым бар кезде еңбек еткенді қолдаймын. Өз еңбегіммен қуырылған бидайды дүкендерге өткізіп, немерелеріме тәттілерімді аламын. Сондай-ақ, қазір ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдар жент, кісенан, жаужүрек және де шұбат, қымыздар дастарқанымыздан табыла бермейді. Осы тұста, сол тағамдарға тоқталсам, жаужүректі мал сойған бойда құйрықты шыжғырып, бауырды тұздап, бұрыштап, майға қуырып алса дəмі тіл үйіретін тойымды тамақ болады. Ал, женттің жасалу жолы тары мен бидайды талқандап, майға мейіз, өріктерді қосып, араластырып түрлі формаларға салып дастарқанға қояды.
- Сіздің ойыңызша, жалпы ұлттық өнерді дәріптеуге мүмкіндігіміз қаншалықты бар?
- Жалпы қоғамдағы жастардың жаңа өзгерістер мен өз халқының тарихы, дәстүрі мен тіршілік ету, ойлау жүйесі туралы рухани негізін дамыта отырып, білім алуға, еңбек етуге үйрету қажет. Осы орайда, қазақ халқының қолөнерін дәріптеу, оған мектеп оқушыларын баули отырып, шеберлігін дамытудың маңызы ерекше. Халқымыздың тұрмыста жиі қолданатын өру, тігу, тоқу сияқты қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Міне, сол себепті, әр отбасында халқымыздың ежелден тұтынатын қолөнер түрлерінің дәріптелуі әжелер мен аналардың күнделікті тұрмыста қолдануы үлкен көмегін тигізеді. Сонда ғана халық өнерін қастерлеп, үлгі тұтуға үйретіп, эстетикалық ой өрісін дамытып, адамгершілікке тәрбиелей аламыз.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан, Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА