Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Өліп-тірілген» жауынгер

СҰРАПЫЛ СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА ДА 80 ЖЫЛ ТОЛЫП ҚАЛЫПТЫ. ОСЫ МЕРЗІМ ІШІНДЕ МАЙДАНГЕРЛЕР ЖӨНІНДЕ БІРШАМА КІТАП ЖАЗЫЛЫП, КИНО ТҮСІРІЛІП, МАҚАЛАЛАР ЖАРЫҚ КӨРДІ. УАҚЫТ ӨТЕ ҚАН МАЙДАНДА ЗҰЛЫМ ЖАУМЕН ШАЙҚАСҚАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ ЕСКІРМЕЙ, ҚАЙТАДАН ЖАҢҒЫРЫП, ЖАРҚЫРАП ЖАС ҰРПАҚ ЖАДЫНДА ҰЗАҚ САҚТАЛАРЫ СӨЗСІЗ.

Осындай майдангерлердің бірі қызыл әскер Инамат Әмірғалиев еді. Ол 1909 жылы Өлеңді ауылында шаруа отбасында дүниеге келіп, әкесі Әмірғали Тілеуғалиевтің толымды тәрбиесін көріп өсті. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, кейін аудандық баспаханада баспашылыққа ауысты. Неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан шабуыл жасаған кезде жүрегі «Отаным, елім, жерім» деп соққан Инамат майданға сұранады. Бірақ оны тек 1941 жылдың қарашасында ғана әскерге шақырады. Әуелі Мәскеу маңында, кейін Сталинград түбінде шайқасқан Инамат үнемі алғы шептен көрініп, өзінің батыл да батыр екенін сан мәрте көрсете білді. Сондай бір кескілескен ұрыста ол қолынан ауыр жарақат алып, есінен танып қалады. Қаруластары «уралап» алға кетеді де санитарлар біраздан кейін оны медсанбатқа жеткізеді. Басшылары оны оққа ұшты деп санап, ауылға қара қағаз жібереді. Елдегі әке- шешесі, ағайын-туыстары бұл қаралы хабардан соң арулап көмбесе де жылап-сықтай жүріп қаделерін өткізеді. Ел үшін шейіт болған боздақтардың бірі болды ғой деп белді бекем буған тұста бір қолын дәкемен ораған Инамат ауылға келе қалады. Есі кеткен елдегілер мәселенің мән- жайына соңынан қанық болады. Бақса, жаралы жауынгерді өлдіге санап, қара қағазын ауылына жібере салған командирлер асығыстықтан туындаған қателіктерін мойындап, госпитальдан үйіне жіберіп алмаққа ұйғарады. Осылай «өліп-тірілген» Инамат ағамыз оншақты күн әке-шешесінің қасында болып, аунап-қунап, күш жинап, қайтадан әскерге кетеді. Жорық жолдарымен III Украин майданының 120-шы атқыштар дивизиясының құрамында байтақ елдің территориясынан күші басым жауды үдере қуды. Көптен күткен жеңісті Австрия жерінде, астанасы Венаны азат етумен қарсы алады. Мұнан кейін де Қызыл Армия сапында болып, туған ауылына 1945 жылдың қараша айында ғана оралады. Шинелін шешпестен соғысқа дейін жұмыс істеп кеткен орны – баспаханаға қайтадан орналасады. Бірнеше жыл осында нәтижелі еңбек еткен соң мемлекеттік сақтандыру мекемесінде, ал 1964-1983 жылдары аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары болып мінсіз қызмет атқарады. Қай жерде жұмыс жасаса да Инамат ағамыз өзін ұқыпты, тиянақты, іскер де алғыр азамат ретінде көрсете білді. Ақжарқын да ақкөңіл қалпымен үлкенге сенімді көмекші, кішіге қайырымды қамқор бола білді. Майдандағы ерлігі үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, бейбіт өмірде «Еңбек ардагері» медалімен, бірнеше мерекелік медальдармен, мақтау қағаздарымен ұлығыланды.

Инамат Әмірғалиұлы 1932 жылдың маусымында Нәсия Биәліқызымен отау тігіп, шаңырақ көтерді. Үлкен ұлдары Әдебиет соғыстан бұрын 1940 жылы дүниеге келсе, түз жолынан келгеннен кейін кейін Айболат, Жасқайрат, Балболсын, Сәдірбектер өмірге келіп, ізін жалғап, әулет көшін ұзартты. Ұлдар ұяға, қызы қияға қонып, шаңырақты шаттыққа бөлеп, немере-жиен сыйлады. Ұрпақтарының бәрі де әкелері сияқты елінің сыйлысы, халқының қадірлісі атанып, ортада үлкен беделге ие болды. Ұлы Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан ардақты азамат Инамат Әмірғалиұлы 1993 жылы қараша айында бақилыққа озды. Өзі ортамызда болмаса да ол кісінің жарқын бейнесі ұрпақтарының, ағайын-туыс, жұмыстастарының жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Асқар ҒҰМАРОВ,

ардагер журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT