Бүгінде мемлекеттік қызметті жеке басына пайдаланып, үкімет қаржысын оңды-солды шашып жүрген жемқорлар туралы күн сайын баспасөз беттерінен оқып, теледидардан көріп жүрміз.
Өз қызметін адал атқара алмай қалың ел алдында беделі түсіп, өмірінен ақшаны жоғары бағалайтын аға-апаларымыз өз келешегіне, балаларының болашағына балта шауып, орны толмас қылмыс жасап отырғандығын бір сәт болса да ойлана ма екен? Жемқорлықтың және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңдары және Елбасы Жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексі қолданылып келеді.
Бұл заңдардың басты құндылығы: ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқық бұзушылығының алдын алу және ұлтымыздың қауіпсіздігін сақтау. Мен күн сайын үлкендерден «бұл күн ақша билеген заман» деген пікірді жиі естимін. Әрине, ақша керек. Бірақ ақшаны адал жолмен «ащы тер» төгіп табуға болады ғой. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген емес пе дана қазақ? Менің ойымша, жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстық соңы жемқорлыққа ұласады. Біреуге жақсылық жасаймын деп жүріп өзі парақор атанғанын білмей қалады. Міне, елімізде осылайша сыбайлас жемқорлар көбейіп, ел қазынасы азайып, ортаюда. Қоғамдағы әрбір адам жемқорлықтың қай түріне де саналы түрде қарсы тұрып, қолыңнан келген азды-көпті қызметіңді халық алдында адал атқарсаң, алған білімің мен тәжірибеңді жастарға, өз отбасың мен ұрпағыңа үйретсең, оларды адалдық пен шыншылдыққа, жақсыны үйренуге, жаманнан жиренуге баулысаң бұл да сенің жемқорлыққа қарсы қосқан үлесің деп ойлаймын.
Әрбір мемлекеттік қызметші өзіне тапсырылған лауазымдық міндеттерді мінсіз атқаруға, күнделікті қызмет этикасын сақтауға, күнделікті жұмысын жоспарлап, өз жұмысының қай деңгейде жасалып жатқандығына есеп беріп отыруы қажет деп есептеймін. «Қазақ халқының өз ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекетіміздің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес», - деп Елбасы айтқандай, сыбайлас жемқорлықты біріксек қана жеңе аламыз. Біз мүлде жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш жігерін біріктіріп осы індетке қарсы тұруымыз керек. Барша жанға ел мүддесі үшін адал еңбек етейік деген перзенттік тілегімді арнаймын.
Бақыт МҰРАТОВА,
Тасшағыл орта мектебінің оқушысы
Сурет: ашық дереккөзден