Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Би түзу, билік әділ болсын

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар.

Бұл, Қазақстан Республикасында әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы дегенді білдіреді. Осылайша, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына заңмен кепілдік берілуін, сондай-ақ, еліміздің Сот билігінің тәуелсіз болуын тәуелсіз мемлекеттің басты белгілері деуге болады. Халқымыздың біртуар ұлы Әлихан Бөкейханның «Би түзу, билік әділ болсын» деген сөзі осы заңдылықты одан әрі айқындап тұрғандай. Сондықтан, баба өсиетінің үдесінен шығу жолында тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде жаңа бастамалар үздіксіз қолға алынуда.

Мәселен, Сот жүйесінде жүргізілген үздіксіз реформалар, еліміздің сот билігін жаңа биікке көтерді. Озық елдер тәжірибесін ескере отырып енгізілген жаңашылдықтардың халық көңілінен шыққанына уақыт дәлел деп айтуға болады. Ал жыл басында Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Қ.Асанов, еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, алдағы уақытта орындалар мақсат ретінде «Сот жүйесін дамытудың жеті түйіні» бағдарламасын ұсынып, бүгінге дейін Соттармен атқарылған нәтижелі жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырған еді. Сот жүйесінде осы жеті түйіннің негізінде бүгінде қыруар жұмыс атқарылуда. Айталық, «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді жеті топқа біріктірілген мақсатты жұмыстар бүгінде сот саласының одан әрі дамып, азаматтардың құқықтарының қорғалуы жолындағы сот төрелігіне деген сенімді арттырып отыр.

Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынып отырған жеті тапсырманың бастысы – мінсіз судья. Халық сенімі мен құрметіне ие болуда сот жүйесі, судья жұмысына тікелей тәуелді. Яғни, сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен өлшенеді. Тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру қашан да өзекті. Бұл тұрғыда Ұлт жоспарының 17, 19 қадамдарын, яғни, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу механизмін, Сот төрелігі академиясы, судьялардың есептілігі мен жауапкершілігі институтын одан әрі жетілдіру шаралары жан­жақты саралануда. Ал «әділ процесс» аясында соттың әділдігі мен объективтілігіне қоғамның қанағаттанбау себебін анықтау, сол арқылы халықтың сот төрелігін нақты бағалау механизмін дайындау жоспарланған. Мысалы, істерді уақытылы қарау, сот процесі қатысушыларының шынайы тең құқықтарын қамтамасыз ету секілді оң шаралар арқылы бірізді әділ сот тәжірибесін қалыптастыру көзделуде. Үшінші басымдық «үлгілі сот» деп аталды. Оның басты мақсаты – 2020 жылға дейін сот төрелігі жүйесіне халық сенімін арттырып, соттарды басқарудың тиімді жүйесін құру.

Сот төрелігінің тиімділігі де өзекті мәселе. «Жеті түйіннің» бір тармағында белгіленген бұл меже, яғни «сотсыз татуласу орталығы» елдегі даулардың санын азайтып, жүктемені төмендетуге, сотқа дейінгі балама әдістердің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Әкімшілік әділетті көздейтін бұл түйін – әкімшілік юстиция, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға, соттағы тең құқылықты кеңейтуге негізделген. Сондай-ақ, «Е-СОТ» жобасының негізінде сот саласында дыбыс-бейне тіркеу жүйесін қолданып, қағаз айналымын барынша азайту мақсат етіліп отыр. Қылмыстық іс бойынша да электронды сот ісін жүргізу кеңінен қолданылуда. Жоба бойынша азаматтық және әкімшілік істер бойынша тараптардың сотқа келмей-ақ процеске қатысу мүмкіндігі артуда. Адамдар үйінде, жұмысында, көлігінде немесе шетелде жүріп-ақ сот процесіне гаджет арқылы қатысуы үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда Қазақстандағы барлық соттар 100 пайыз деңгейде ғаламторға қосылған. Сондықтан, сот саласын жаңа бір сапалық деңгейге көтеріп жатқан «7 түйін» жобасынан әлі де күтер үміт мол. Қазіргі күні «Сот жүйесінің жеті түйіні» жобасымен ел соттарының ғимараттарында арнайы татуласу орталықтары ашылуда. Онда азаматтарға медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, сот орындаушылар біріге көмек көрсетеді. Мұның бәрі ел азаматтарының игілігі үшін, олардың құқықтарын қорғау үшін жүзеге асуда. Сондықтан, аталған жобалардың негізгі ортақ міндеті – қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға және азаматтардың құқықтарының сот арқылы тиімді қорғалуына негізделгенін біле жүргеніміз артық болмас.

Айтжан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

Қызылқоға аудандық сотының төрағасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521