Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласы аз ғана уақыттың ішінде әрбір қазақстандықтардың жүрегінен орын алып үлгерді.
Сонау замандардағы Ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызға, мәдениетімізді терең тануға, жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер берді. Қазақ елінің тарихы – тағылымға, дәстүрі – өнеге бай. Бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны қалдырған. Сан ғасырлар бойы ерлік пен елдікке, адамгершілік пен ізетке тәрбиелеп келген. Олай болса осындай рухани мұрамыз келер ұрпаққа мыңжылға жететін рухани азық болатын белгілі.
Еліміздің ұлан байтақ жері мол қазынаға толы әрі бастау бұлағы десек асыра айтқандық емес. Мақалада келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орынын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам. Өткенімізді білмей, болашаққа бір қадам аттай алмайтынымызды меңзеп, тарихи сананы қайта жаңғырту туралы пікірін айтып, сол бойынша ауқымды жобалардың жолын нұсқап, тарихымыз бен өркениетіміздегі орны үңірейіп тұрған олқылықтарымыздың орнын толтыруды тапсырды. Ұлттық өнерге ән, би, күйден басқа қолөнерімізде жатады. Оны да дамыту, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
Менің ойымша өткенге көз жүгіртіп, тарихымызды білу барлығымыз үшін де маңызды. Мен өзім ұлттық өнерді ұлықтау керек деген ұстанымды құптаймын. Өйткені, қазіргі ұрпақ шетелге еліктеп оның қаңсық дүниесіне қызығады. Ал, өзіміздің құндылығымызды кейінге шегереді. Бізде де басқалар қызығатын дүниелер көп-ақ. Қазір мектеп жанынан ашылған үйірмеде оқушыларыма қамшы өру, ағаштан қазақы бұйымдар жасау, тері илеп оны кәдеге жарату керектігін үйретіп келемін. Қамшы өру сырттай қараған адамға оңай көрінуі мүмкін ғой. Бірақ, теріні илеу, өрімдерді білу барлығыныңда қиындығы өз алдына. Оқушылардың қызығушылығы жоғары. Барлығы да білуге құштар. Оқушыларым республикалық, облыстық жарыстарға да қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттап жүр. Аудан көлемінде ұйымдастырылатын қолөнер көрмесіне де қойылады. Жалпы, бұл жұмыстарды мектеп көлемінде ғана емес одан да ауқымды түрде дамытуымыз қажет.
Жеңісбек ҚОЖАҒАЛИ,
Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектептің технология пәнінің мұғалімі.