Жазғы демалыстың аяқталар тұсы да келіп жетті. Жазғы демалыс аяқталса, демек жаңа оқу жылының да басталатын белгілі. Осы орайда, «биылғы оқу жылында өзгешеліктер бар ма, оқушылар қашықтан оқу жүйесімен оқиды ма?» деген сұрақтар ата-аналар мен оқушыларды, тіптен мұғалімдерді де мазалап тұрғаны анық. Әрине, еліміздегі карантин режиміне байланысты 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны қашықтан оқыту форматында жүзеге асқан болатын. Ал, биылғы оқу жылына енгізілген өзгерістер, соның ішінде қашықтан оқу жүйесі жөнінде сөз еткенді жөн көрдік.
Қауіпсіздік басты назарда
Иә, елімізді жайлаған індеттің ахуалы күн санап азайып келеді. Десек те, төніп тұрған қауіп жоқ деген сөз емес. Сондықтан да, ең алдымен биылғы оқу жылында қашықтан оқу жүйесін ата-аналар мен оқушыларға толығырақ түсіндірілуі қажет. Осы орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Қазір ахуал қиын. Денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Барлық мәселені қарастыра отырып, бүгін тиісті шешім қабылдадық. 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшеді. Әрине, бұл өте күрделі шешім. Қазіргі уақытта қоғамда осы мәселеге қатысты бірнеше ой, ұсыным бар. Осы шешімді қабылдамас бұрын сарапшылармен сөйлесіп, пікірлерін тыңдадық. Ата-аналардың да пікірін тыңдап, халықаралық тәжірибені зерделедік. Ең бастысы - бүгінгі күнгі ахуал. Бізге керегі - балалардың, ата-аналардың, педагогтардың денсаулығы, сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз. 1 қыркүйектен бастап 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқиды. Оларға барлық тиісті жағдайды жасап беруіміз керек» деген болатын.
Білім алатын оқушылардың қашықтан оқу жүйесіне мүмкіндіктері мен оларға берілетін компьтерлердің, мұғалімдердің цифрлық сауаттануы жөнінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтыгүл Нұғманова:
"Аудандық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін 14 мектеп және 4 бастауыш мектеп бар. Жаңа оқу жылына 510 оқушы электрондық негізде 1 сыныпқа қабылданды. Биылғы оқу жылында шамамен 6279 оқушы бар. Мектептердегі сынып комплект саны – 382. 1-4 сыныптағы оқушы саны – 2623. Қазіргі уақытта қашықтықтан оқитындықтан оқушыларды, мұғалімдерді компьютерлік техникамен қамту жұмыстары жүргізілуде. Облыстық білім беру басқармасына компьютерді қажет ететін 890 (аз қамтылған, жетім, ерекше білімді қажет ететін) оқушы және интернет желісіне қосылмаған 194 отбасы тізімдері жолданды. Барлық мектептерде 194 отбасынан басқа интернетке қосылмаған отбасы саны анықталып, аудандық Қазақтелеком мекемесіне ұсыныс берілді. Аудандағы 14 орта мектепте және 2 бастауыш мектептер интернет желісіне қосылған. Қалған 2 бастауыш мектепті (Т.Жанұзақов атындағы және Тасқұдық бастауыш мектеп) интернет желісіне қосу үшін аудандық Қазақтелеком мекемесіне ұсыныс хат жолданып, интернет желісіне қосу жұмыстары ұйымдастырылуда. Аудан бойынша 9 орта мектептер (Х.Досмұхамедұлы, Аманшин, Миялы, Жанашаруа, Қаракөл. Қарабау, Тасшағыл, Мұқыр, Сланов мектептері) талшықты оптикалық желіге қосылған. Келесі аптада №9 орта мектеп, Ш.Еркінов атындағы және Жамансор бастауыш мектептері талшықты оптикалық желіге қосылады. Сондай-ақ, биылғы жылы 1-11 сыныптардың барлығы да қашықтан оқытылады. Бірақ бір өзгешелігі, шағын жинақты мектептер штаттық режимде оқи алады. 2020-2021 оқу жылында Т.Жанұзақов атындағы бастауыш мектепті штаттық режимде оқиды деп жоспарлап отырмыз. Қалған 3 бастауыш мектептің оқушылары онлайн ретінде оқытылады. Одан басқалары қашықтан оқиды. Бастауыш сынып оқушыларына мүмкіндік бар. Жаңа әріп танып, сауатын ашатын бастауыш сынып оқушыларының ата-анасы өзі мектеп директорының атына өтініш беруі керек: «Баламды қашықтан емес, штаттық режимде оқытуды сұраймын» деп. Онда мектептерде кезекші сыныптар ашылады. Онда да бала саны 10-15-тен артпауы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, барлық санитарлық талаптар қатаң сақталады және баланың температурасы күнделікті өлшеніп барып, сыныпқа жіберіледі», - дейді.
«Бір мұғалім – бір сынып»
Осы мәселе турасында, ата-аналардың көкейінде сұрақтар толастар емес. Иә, білім және ғылым министрі шалғайдағы шағын жинақты мектептерде жұмыс штатты режимде істей беретінін айтты. Ал бастауыш сыныптарына қатысты түрлі жаңдайларды қарастыратындықтарын айтты. ол бағытта, «Егер ата-аналардың өтініштері болса, бастауыш сыныптары бойынша біз уақытша сыныптар ашып беруге дайынбыз. Барлық санитарлы нормаларға сай тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Соның ішінде бала таңертең сабаққа келгенде дене қызуын өлшеу мәселесі бойынша, оны залалсыздандыру мәселелерін қолға алу бойынша, жалпы сыныптарды бірнеше ауысымға бөлу мәселесін қарастыратын боламыз егер келетін болса, және де топтарда көп дегенде он-онбес қана бала болып, сыныптарды бірнеше топтарға бөліп оқытуды қарастыратын боламыз. Тағы да мәселелер қолға алынатын болады. Біз үшін ең басты мәселе балалардың қауіпсіздігі», – деді. Ал, бұл жөнінде аудан жасалған жұмыстарға тоқталсақ. Қашықтан оқыту форматын таңдалғанымен, бұл шешімнің кейбір ньюанстары да жоқ емес. Атап айтқанда, алыс ауылдардағы шағын жинақты мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі. Алайда, ол ауылдардың өзінде балалар мен педагогтардың өмірі мен денсаулығына мұқият қаралуы тиіс, ешқандай қауіп болмағаны қадағаланып отырады. Соның ішінде, бастауыш сыныптардың оқыту жұмысына тіреледі. Сол себепті «кезекші сыныптар» деген енгізілді. Аудан бойынша 14 орта мектептерде кезекшілік режимде (1-4 сынып аралығында) 79 сыныптан 1128 оқушыны оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда. Бастауыш сыныпта (1-4 сынып) оқитын баласы бар ата-ана баласын дәстүрлі түрде мектепте оқытуға өтініш бере алады. Онда оқушыларға ондай мүмкіндікті беріледі.
Алайда, біріншіден, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіпті үлкен қалаларда 40 балаға дейін отырады. Осыған байланысты ата-аналарының өтінішімен І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын сыныптағы кабинетте 10-15 баладан артық отырмауы керек. Яғни, бір сыныптың өзі топтарға бөлінеді. Екіншіден, осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады. Үшіншіден, дене қызуы тұрақты түрде өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынады. Ата-аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұғалім – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Әдетте, ағылшын пәнін оқытарда басқа мұғалім келеді. Алайда, бұл жерде ондай болмайды. Бастауыш сыныптың мұғалімі ғана сабақ өткізеді. Дәстүрлі форматта оқытуға болады деген күннің өзінде сабақтың жартысын біз қашықтан оқыту форматына ауыстырамыз. Ағылшын тілі мәселен қашықтан оқытылады және І тоқсанда дәстүрлі форматта оқитын балалар үшін мектептегі асхана жұмыс істемейтінін де жеткізді.
Педагогтарды цифрлық сауаттандыру
Қашықтан оқу форматына көшу басталғанымен, мұғалімдердің цифрлық сауаттануы туралы айтқанымыз жөн. Осы орайда, аудан бойынша 2020-2021 жаңа оқу жылында «қашықтықтан оқуды үйренейік» атты курстан 910 мұғалім қатысып, сертификаттарын алды. Қашықтан оқыту процесі өткен оқу жылының төртінші тоқсанында жүзеге асып, мұғалімдер ол кезде де түгел дайындықтан өткен болатын. Ол курстан мұғалімдер қашықтан оқыту формаларын меңгере отырып, қандай мүмкіндіктер бар, қалай оқытсақ, жақсы нәтижеге жетуге болады деген сауалдарға жауап іздеп, мүмкіндіктерін шыңдады. Сондай-ақ, белгіленген сайттар арқылы бүкіл қолда бар ресурстарды пайдаланып, тәжірибе алмасу арқылы қашықтан білім беру жолдарын қарастырады. Сайт синхронды түрде, яғни, мұғалім қай кезде қолы тисе, сол кезде сайтты ашып, білімі мен білігін көтереді екен. Бірақ, облысқа берілген 27 шілде мен 1 тамыз аралығы екенін ұмытпай, тиімді пайдаланған жөн.
Баланы қадағалау қажет
«Жұқтыру қаупіне, барлық қиындық мен тиісті тәжірибенің жоқтығына қарамастан, сіздер осы жұмыспен айналысуға келістіңіздер. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сырт көзбен қараған адамға бейнесабақтарды түсіру оңай болып көрінуі мүмкін. 20 жыл тәжірибесі бар мұғалім үшін телесабақ түсіруде қандай қиындық туындауы мүмкін дейтіндер де бар, бірақ бұл – мүлдем басқа жұмыс. Шын мәнінде, камера алдында сөйлегенге қарағанда, үйреншікті сыныпта 25 баланың алдында сабақ түсіндіру әлдеқайда оңайырақ, – деді өз сөзінде Асхат Қанатұлы. Иә, осы тұрғы да алып қарсақ, ұстаздарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп, мейлінше ата-аналардан көбірек қолдау болуы керек. Әсіресе, балаларының оқу барысын қадағалап, үй тапсырмасын жүйелі орындауына көмек қолын созуы тиіс. Балаға ең алдымен жауапты ата-ана екенін барлығымыз білеміз. Ал, жауапкершілік бар жерде жақсы нәтиже шығатыны белгілі. Осындай, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың болуы, баланың болашағына балта шаппауы тиіс. Сол себепті де үкімет мейлінше оқушыларға, мұғалімдерге қауіп төндірмейтін амалды қарастырып, қашықтан оқу жүйесін қолдануға көшті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі берген мәліметті қарайтын болсақ, қыркүйек, күз айларында жылда болатын ЖРВИ инфекциясы да таралады. Бүгінгі күнгі елдегі жағдайға қарағанда қарапайым тұмаудың өзі балалардың өсіп келе жатқан ағзасы үшін қауіпті болмақ. Ендеше, 1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептер қашықтан оқу форматына көшетіні айқын. Әрине, бұл өте күрделі шешім.
Сіз не дейсіз?
Ата-анамыздың қасында оқимыз
Біздің ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысатын болған соң қыр басында тұрады. Ал, біз Ойыл ауылдық округінің орталығында білім аламыз. Ата-анамызға демалыстарда барып, қолғабысымызды тигіземіз. Алайда, былтырғы оқу жылының төртінші тоқсанынан бастап ата-анамыздың қасында оқудамыз. Өйткені, барлық мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Ал, біз қыр басында мобильді байланыс арқылы сабақ оқимыз. Мұнда байланыс дұрыс шықпайды. Алдымен «Балапан», «Ел Арна» телеарналарынан жаңа сабақты түсініп, тапсырма аламыз. Содан соң орындалған жұмысты ватсап әлеуметтік желісі арқылы мұғалімдерімізге жібереміз. Кейде байланыстың нашарлығынан орындалған жұмыстарымызды жібере алмай жатамыз. Ондай жағдайда байланыстың жақсы ұстайтын жерлерін іздеп, үй тапсырмаларын жібереміз. Менен басқа да мектеп оқитын бауырларым бар. Олар да тапсырманы солай орындайды. Бірақ, бізге осы жаңа жүйе ұнайды. Өйткені, ата-анамыздың қасында, бауырларымызбен біргеміз. Сабақтан босай салысымызбен үй тірлігіне көмектесеміз. Әкемнің сыңарының қыздары да сабақты біз сияқты оқиды. Олар да қыр басында оқиды. қашықтан оқу жүйесінің тағы тиімділігі біздің денсаулығымыз үшін екенін ата-анамыз түсіндірді.
Асылжан АМАНҒАЛИ,
Ш.Еркінов атындағы орта мектептің оқушысы
Білім беруде көштен қалмайық!
Әлемдегі коронавирус пандемиясының жариялануына байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың наурыз айының 16 - сы мен сәуір айының 6 – сы аралығын бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Себебі бұл эпидемия біздің елімізді де теріс айналып өтпеді. Сондықтан ҚР БҒМ ІІІ -оқу тоқсанды ерте аяқтауға мәжбүр болды. Осы аралықта еліміздің бас ұстазы Асхат Айтмағанбетов мырза мен республиканың түпкір-түпкіріндегі педагогтер қашықтықтан оқыту бойынша бірнеше онлайн-конференциялар ұйымдастырды. Министріміз А.Айтмағанбетов мырза БАҚ өкілдерімен бірнеше мәрте онлайн-брифингтер ұйымдастырып елдегі жағдайды саралай отырып, интернет жүйесінің мүмкіндіктерін ескере отырып білім беру саласында әртүрлі платформаларды пайдалануды педагогтерге ұсынды. Оқушыларды қашықтықтан оқытуды қолға алған тұста біздің облыста өз мүмкіндіктерін қарастырып, облыстық білім беру басқармасы, облыстық әдістемелік орталықтың әдіскерлері аянбай өз еңбектерін сіңіруде. Қазақ елі қашанда ауызбіршілікпен әр қиындықты жеңіп отырған. Бізді тарихшылар қауымы облыстағы әдіскеріміз Орынтай Молдашқызының ұйымдастыруымен бірнеше рет онлайн-конференцияларға қосылып қашықтықтан оқытудың маңыздылығын талқылап, тәжірбие алмастық. Қашықтықтан оқытудың қиыншылықтарын бірге еңсеріп, тиімді тұстарының көп екендігін де байқадық. Осылайша оқу жылының ІҮ-тоқсаны да келіп жетті. Мен өз саламда 10 жылға жуық өтілім бар жас ұстазбын. Мен үшін интернет палтформаларының мүмкіндіктері өте тиімді. Себебі бүгінгі ұрпаққа білім беруде біз әлемдік көштен бір секундқа да артта қалмауымыз керек. Сондықтан да мен оқушыларыма сабақ беруде daryn.kz, bilimland тағы да басқа интернет платформаларды осы уақытқа дейін де пайдаланып келемін. Бұл платформалардағы бейнероликтер, тапсырмалар, тест сұрақтары оқушыларға нақты түсінікті әрі қолжетімді жағдайда құрастырылған. Бұндай сабақтарды мұғалімдердің өздерінің құрастырып оны әр түрлі сайттарға жүктеп тәжірбие алмасуына бүгінгі заманауи интернет жүйесі бар мүмкіндікпен қамтамасыз етіп отыр.
Төреш ҚОЗБАҚОВ,
Ғабдол Сланов атындағы орта мектептің тарих пәнінің сарапшы санатындағы мұғалімі
Интернеттің жоқтығы кедергі болмауы тиіс
Балаларымыздың білім алғаны олардың болашағы үшін керек. Ал, қазіргі уақытта еліміздегі карантин режиміне байланысты жаңа оқу жылының қашықтан оқу жүйесіне көшуін қолдаймын. Өйткені, үйімде мектеп жасындағы үш бала, бір студент бар. ең алдымен, қашықтан оқу олардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті деп білемін. Иә, рас қазір үйімде интернет желісі жоқ. Барлық балама компьютер, ноутбуг, телефондар алып беретін де жағдайым жоқ. Бірақ, кезекпен-кезек әке-шешесінің, студент ағасының телефондарын пайдаланады. Бұл жерде телефонға керегі интернет қой. Өзім «ALTEL 4G» модемін алып отырмын. Сол модемнің интернетін барлығы пайдалана алады. Қазіргі таңда білім жүйесіндегі жаңа өзгеріс балалардың сабақ оқуына қиындық туғызады деп қарап отырмауымыз керек. Біз баланың болашағы үшін жауаптымыз. Қазір тіпті, студенттер де онлайн оқиды. Қауіптің күші сейілгенімен, түбегейлі жойылған жоқ. Сондықтан да балаларымның қауіпсіздігі үшін үйде бар мүмкіндікті пайдаланып оқығанын қалаймын. Оқу жылының төртінші тоқсанында қашықтан оқыдық. Ол уақытта рас ешқандай дайын болмадық. Бірақ, теледидардағы «Балапан» телеарнасынан қарап, үй тапсырмасын жазып алып, көрші үйіміздің интернетінен кезек-кезек барып жіберетінбіз. Сондықтан да, ата-аналарға осындай өз ойымды айтқым келеді. Баланың бетінен қағып, «жоқ» деп қолын байлау дұрыс емес. «Жоқ» болса, басқа амалын іздеуге шақырамын. Бала – ата-анаға аманат. Ендеше, болашағымыздың айнасы балаларымыздың білім алуына өз мүмкіншілігімізді аямайық.
Ардақ ДҮЙСЕН,
ата-ана (аты-жөні өзгертілген)
Түйін. Жаңа оқу жылы таяған уақытта, ұстаздар мен ата-ана, оқушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алдық деген ойдамыз. Қалай болғанда да, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру білім беру саласындағы қызметкерлердің басты міндеті екендігі анық. Ендеше, елдегі ахуалды алдыға тартпай, керісінше оған қарсы тұруға, жеңуге, оқушыларға сапалы білім беруге жұмыла күш салуымыз қажет.
Бетті дайындаған: Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА
Сурет: ашық дереккөзден