Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жауапкершілік неге төмен?

Жақында аудан әкімдігінде биылғы жылдың І жартыжылдығы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жөнінде аудан әкімі Арман Баженовтің төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді.

Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Сылтау жұмысты алға бастырмайды

Алдымен атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев хабарлама жасады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айындағы көрсеткіштері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда үш көрсеткіш бойынша төмендеп отыр. Негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 94,7 пайыз болды. Бұл көрсеткіш құрылыс жұмыстарының азаюынан төмендеген. Ал, жұмыссыздар саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 511 адамға өсті. Өсу себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүргізілуіне байланысты аудан бойынша тіркелмеген жұмыссыздарды және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған адамдардың жұмыссыздар есебіне тіркелуі болып отыр. Сондай-ақ, жыл басынан бері аудан бюджетінің кірістер жағы 108,2 пайызға орындалып, негізінен табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, басқа да күтілмеген салық, жер сату бойынша жоспардан артық түскен. Жангелдин, Көздіғара, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған ауылдық округтерінің кірістері толық орындалса, Мұқыр, Сағыз, Миялы, Ойыл, Тасшағыл ауылдық округтерінің жылдық жоспарды орындауы мардымсыз. Ауылдық округтерде кірістердің жоспарлануы мен түсіміне ай сайын талдау жасалмағандықтан, кейбір салықтар түспеген. Егер де жыл аяғына дейін жоспарланған салық толық түспейтін болса, онда жоспарланған шығыстар игерілмей қалады. Айта кетерлігі, осы кезге дейін бірде-бір округ артық мүліктерін сатуды, сенімгерлік, өтеусіз басқаруды жасамай отыр. Ауданның коммуналдық меншігіндегі жылжымайтын объектілердің әлі күнге дейін құжаттарын Әділет басқармасына тіркетпеген. Ондай 18 объекті бар.

Өкініштісі сол айтылған мәселелер бойынша округ әкімдерінің берген жауаптары көңіл көншітпеді. Бұл ретте, аудан әкімі Арман Баженов:

– Әлі де болса жұмысқа жауапсыздық, жауапкершіліктің аздығы болып отыр. Бұлай жалғаса берсе жүйесіз жұмыстан қандай нәтиже күтеміз? Мемлекеттік қызметте отырған соң халық үшін жұмыс жасап, ел болашағын ойлауымыз керек. Қазір сіздердің айтып отырғандарыңыз болмашы ғана сылтау. Қандайма мәселе болмасын оның шешу жолы бар. Соған қарай жұмыс жасап, мәселенің шешілу жолын қарастыруымыз керек. Сылтаумен ешқашан мәселе шешілмейді, жұмыс та алға баспайды, – деді.

Мердігерлерді жауапқа тарту керек

Баяндамадан білгеніміздей, білім, мәдениет салалары және тұрғын үймен қамту бойынша жеті нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар Сағыз ауылынан 424 орындық мектеп пен 290 орындық балабақша құрылысы. Аталған нысандар жаңа оқу жылына дейін аяқталуға тиіс. Ал, Қарабау ауылында 100 орындық балабақша, фельдшерлік акушерлік пункті мен Мұқыр ауылынан 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы салынуда. Сондай-ақ, Қарабау ауылынан екі пәтерлі 2 тұрғын үй және Жасқайрат ауылынан екі пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Тұрғын үй бюджеттік мекеме қызметкерлеріне беріледі. Жангелдин ауылдық округі әкімі әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын.

Аудан бойынша жалпы ұзындығы 722,08 километр автокөлік жолдары тіркелген. Жол жөндеу жұмыстарына 2017 жылы 1 289 821,8 мың теңге қаржы қаралып, оған Тасшағыл, Қаракөл, Қызылқоға ауылдық округтеріне кірме және ауылішілік жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілсе, биыл Сағыз, Мұқыр ауылдарының кірме және ауылішілік жолын, тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

– Ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының кейбірі мердігер компанияның салғырттығынан тоқтап, жұмысты кешеуілдетіп отыр. Мұның барлығы біздің жұмысымызға кедергі. Сондықтан, алдағы уақытта сол мердігерлерге ескерту беріп, одан нәтиже шықпаса шартты бұзуға мәжбүрміз. Округ әкімдері де осы жұмысқа баса назар аударып, жұмысты талап етуі қажет. Бірлесе атқарған жұмыста ғана нәтиже болады, – деді аудан басшысы.

Сапаға мән беру керек

Түстен кейін қайта жалғасқан мәжіліс отырысында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің өз саласы бойынша хабарламасы тыңдалды.

Хабарламадан ұққанымыздай, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіп өкілдерінің саны биылғы жылдың 5 айында 1503-ті құрап, өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 11 пайызға жоғарылады. Осы тіркелген кәсіпкерлердің 1126 белсенді болып, барлық қолданыстағы тіркелгендердің 74,9 пайызын құрап тұр. Қай істі бастау үшін де алғашқы капитал қажет, сондықтан ауданның кәсіпкерлік субъектілері есепті жылы 32 жобаға 134970,0 мың теңгеге қаржыландырылса, осы қаржыландыруда ауданның тоғыз ауылдық округі қамтылды, тек Тайсойған ауылдық округі болған жоқ. Ауданда 70 заңды тұлға тіркелсе, оның 29-ы несие серіктестіктері. Соның 21-і несие алып, 8 несие серіктестігі несие алмады. Осы несие серіктестіктері ауданның белсенді емес кә-сіпкерлік субъектілерінің қатарында болып, тіркелген жалпы көлемдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен, қолданыстағы субъектілерінің үлес көрсеткіштеріне кері әсерін тигізіп, пайыздық үлесін азайтып тұр, сол себепті жабылуы тиіс. Сонымен қатар, Миялы ауылдық округінен заңды тұлғалар “Барсай” ЖШС, “Қамыскөл” ЖШС, Сағыз ауылдық округінен “Сағыз мұнай өнімдері” АҚ статистика басқармасының есебінен, яғни әділеттен тіркеуден шықпай отыр.

–Ауылдық округтердің 2018-2020 жылдарға арналған даму жоспарларының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде биылғы жылға жоспарланған жобалары жарты жыл өтсе де қозғалыссыз отыр. Атап айтсақ, Қызылқоға ауылдық округі тойхана, шайхана, өрнек тас шығаратын цех, дөңгелек жөндеу орнын ашу жұмыстарынан қазіргі таңда той-хананың іргетасы ғана құйылған. Жамбыл ауылдық округі фото салон орнын, Тасшағыл ауылдық округі машина жөндеу шеберханасын, Көздіғара ауылдық округінен тойхана құрылысын қайта салу жобасы жүзеге асқанмен шаштараз, дәріхана ашу жұмыстары әлі басталған жоқ. Сол сияқты Ойыл, Жангелдин ауылдық округтерінен дүкен, сүт цехын іске қосып, 5 жұмыс орнын ашу мен моншаны іске қосу, шаруашылық дүкенін ашу секілді жұмыстар кенже қалып, Мұқыр ауылдық округі азық-түлік дүкені, жанар-жағар май стансасы, шайхана, қонақ үй салу жұмыстары орындалмай, тек жоспар күйінде қалып тұр. Ал, Тайсойған ауылдық округінен бірде-бір жоба жоспарланбаған. Сағыз ауылдық округінің кешенді даму жоспары жоқ, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев.

Бұл ретте аудан басшысы:

– Алдағы уақытта санда бар, сапада жоқ жұмысты бастап, көрсеткішті көбейтем деп ойлау қате түсінік. Сондықтан, нақты жоспары бар, іске икемді азаматтарды қолдау арқылы жұмыс жасауымыз керек. Ал, олай болмаған жағдайда біздің атқарған жұмысымыздың барлығы құр сөз болып қалмақ. Сондай-ақ, ашылған кәсіпкер жұмысына да бақылау жасап, қандай көмек қажет, нендей мәселелері бар деп оларға да құлақ асып отыру керек. Жыл басында жасалған жоспар неге орындалмайды? Оған қандай кедергі бар? Осыған округ әкімдері талдау жасадыңыздар ма? Әлде, тағы да құр сылтау ма? Қағаз жүзінде ғана жұмыс жасамай, неге сапаға мән бермеске? – деді.

Бірлескен жұмыс қажет

Аудан басшысы Арман Баженов:

– Бруцеллез – қазір біздің ауданда өзекті тақырыптардың бірі. Бірақ, осы бағытта қанша жұмыстар жасалып жатса да нәтижені көре алмай отырмыз. Округ әкімдері өз ауылдарыңыз бойынша талдау жасап көрдіңіздер ме? Неге ауру мал азаймай жыл сайынғы көрсеткіш көбейіп отыр. Барлығыңыз «Атқаратын сала бар» дегендей ветеринария бөліміне ысырып тастап отырасыздар. Бұлай болмайды. Әр тұрғынмен жеке-жеке сөйлесіп, мән-жайды анықтау қажет. Әлі де болса тұрғындар ауру малды жасырып отыр. Оған біз неге көз жұма қараймыз? Соның салдарынан бруцеллезге шалдыққан мал саны азаймай көбейіп кеткен. Оның ақырғысы адамға жұғып отыр. Сондықтан, бірлескен жұмыс қажет, – деді.

Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің мәлімдеуінше, тұрғындарға бруцеллез болып анықталған малдарын белгіленген мерзім ішінде жою бағытында 941 нұсқама толтырылып отыр. Көздіғара ауылдық округінен 12, Ойылдан 1, Жангелдиннен 9, Миялы ауылынан 3 тұрғынға әртүрлі құқық бұзушылықтар бойынша акттер жасақталып, шара алуға аудандық аумақтық инспекциясына ұсынылды. Сондай-ақ, округтер көлемінен 657 иесіз қаңғыбас ит, 58 мысық атылып, өртеліп жойылды. Кәсіпорын ит атуға арналған 5 мылтықпен (пнев.винтовка) қамтылған. Әрбір округті дербес мылтықпен қамтуды ұйымдастыру туралы тапсырма берілгенімен, бөлім тарапынан бұл жұмыс әлі ұйымдастырылмай отыр. Батыс Қазақстан облысы Жәңгірхан атындағы аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен және облыстағы уәкілетті мекемелермен бірлесіп аудан бойынша, қой-ешкі малын бруцеллез ауруынан сауықтыру бағытында бруцеллезге қарсы вакцина қолдануға зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Округ әкімдері неге құлықсыз?

Биылғы жылы аудан бойынша 994 ауыл шаруашылығы техникалары есепте тұрған болса, олардың 599 әртүрлі маркадағы тракторлар, 395-і жүк көтергіштігі әртүрлі тіркемелер. Қазіргі таңда 182 трактор, 104 тіркеме техникалық байқаудан өткізіліп, 29 пайызды құрап отыр. Ал, аудан бойынша 124802 тонна мал азығы қажет. Өткен жылдан 20650 тонна қалдық шөп бар. Қазіргі таңда 4780 тонна мал азығы дайындалды. Науқан жалғасуда.

Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің түсіндіруінше, округтерде мал өнімдерін (ет, сүт) өңдейтін шағын цехтар жоқ. Шаруагерлер мен шаруа қожалықтары төрт түлік малды көктем, жаз, күз мезгілдерінде қыстақ басынан көшіріп, жайлауларды пайдалану керек. Қыстақ бастары, яғни, Аяпберген, Төбеқұдық, Жамибұлақ, Нұрпейіс, Қожақұм, Тұяққали қыстақтары шағылға айналуда. Сондай-ақ, елдімекендердегі бойдақ ірі-қара, қой-ешкілерді, жылқыларды далаға шығарып, жайлауларда бақтыру қажет. Бұл жөнінде халық арасында көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Тұрғындар тарапынан бірлесіп, келісіліп шешілетін мәселе. Алайда, бұл жұмыстар округ әкімдері тарапынан дұрыс ұйымдастырылмай отыр. Мұқыр ауылының тұрғындарының төрт түлік малдарына су жетпейді. Бұрын ауыл шетінен сква-жиналық құдық қазылған. Қазір көміліп қалған. Жаңадан скважиналы құдық қазып, цистерна, астаулар қою қажет.

–Төрт түлік біздің басты байлығымыз. Ал, бұл салада да күрмеуі шешілмей отырған кейбір мәселелер бар. Десек те оны шешуге ешкім құлшынып отырмаған сияқты. Осындай жиналыстарда өздеріңіз бастап ұсыныс тастап, жол көрсеткендей боласыздар. Бірақ, ол ұсыныстар айтылғанымен аяқсыз қалады. Неге? – деген аудан әкімінің сауалына барлығы үнсіздікпен жауап қатты.

Жұмыссыздық азаймай тұр

Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші азаймай тұр. Бұған себеп аудандағы жұмыссыздардың көп болуы және де оларға тұрақты жұмыстың болмауы, шетелдік компаниялардың талаптарынан көп жұмыссыздар өте алмай жұмысқа қабылданбауы салдарынан орын алып отыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанболат Нығметовтың түсіндіруінше, бүгінгі таңда жұмыссыздар санын азайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, жұмыс беруші шетелдік компаниялар қарапайым жұмысшы болсын басқа қызмет болсын еңбек өтілінің үш жылдан кем болмауын сұрайды. Ал, талапқа сай келмесе жұмысқа қабылдамайды.

Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиевтің айтуынша, кыркүйек айында ауылдық жерде тұратын нәтижесіз өзін-өзі қамтушылар мен тіркелмеген жұмыссыздар болып анықталған азаматтар өз қаражат есебінен ай сайын міндетті әлеуметтік төлем жасайтын болады. Осыған байланысты округтерде осы категориядағы азаматтар есебін нақтылау қажет. Сондай-ақ, күні бүгінге барлық ауылдық округ әкімдеріне бірнеше рет хаттар жолданғанымен, «Е-халық» ақпараттық жүйесіне қосылмай отыр. Барлық осы ақпараттық жүйемен айналысатын мамандарға логин, парольдер алынып берілді. Қазіргі таңда осы жүйеге толықтай қосылу үшін барлық округ әкімдері жұмыстануы керек. Жүйеге байланыс арналары келіп тұрып, әрі қарай қосылмай тұрған жағдайда облыс әкімі аппаратында осы салаға жауапты бөлімдегі мамандармен хабарласа отырып, жұмыстар ұйымдастыру керек. «Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясының жүзеге асырылуы туралы барлық ауылдық округ әкімдеріне биылғы жылдың 30 наурызында хат жолданды. Бұл жұмыстар Миялы ауылдық округінен басқа округтерде өз деңгейінде орындалмай отыр. Жангелдин, Қызылқоға, Тайсойған, Жамбыл ауылдық округтері мүлдем кәсіпкерлермен жұмыс жүргізбеген. Қазіргі уақытта күндізгі бөлімшеге баратын балаларды тасымалдау үшін әлеуметтік тапсырыс арқылы әлеуметтік такси қызметі бар. Алайда, бұл арнайы жабдықталмаған автокөлік. Арнайы инватакси алу қажет. 2016 жылы облысқа сұраныс берілгенімен аяқсыз қалды. Жаңадан қаржы сұрап, сұраныс бе-ру қажет.

– Қазіргі уақытта ең күрделі мәселе жұмыссыздық жайы. Сол себепті, оның шешілу жолы да қиын. Мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылданып, жұмыс жасалуда. Оның бірі – әр адам кәсіп ашып, еңбек ету және халықты жұмыспен қамту. Бірақ, қазіргі таңда кәсіпкер ретінде несие алғанымен жұмысын оңынан жүргізіп жатқаны аз. Өзге түгел өзін әрең жұмыспен қамтып отыр. Бұдан басқа да мәселелер көп. Сондай-ақ, «Е-халық» ақпараттық жүйесінің де мән-жайын анықтап, жұмысты қолға алу керек. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты тұрғындардың санаттарын анықтауда біраз қиындықтар бар екендігі шындық. Сол себепті округ әкімдері бөлім мамандарымен бірлесе жұмыс жасаңыздар, – деген аудан басшысы жиынды қорытындылап сала басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, орынбасарларына бақылауда ұстауын тапсырды.

Жарты жылдық есеп тыңдалған мәжілісте біраз мәселе қозғалып, оның шешілу жолдары да айтылды. Алдағы атқарылар жұмыстар да пысықталды. Ұққанымыз, әлі алда атқарар шаруа көп. Қай саланы алып қарасақ та күрмеуі шешілмеген мәселе жетерлік. Сондықтан, округ әкімдері мен бөлім басшыларына артылар жүк ауыр. Неге десеңіз, қозғалған әр мәселенің артында қарапайым халықтың қамы жатыр. Осыны, әр басшы түсінсе екен дейсің.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT