Шілде айы туысымен ыстық аптап басталып, сынап бағанасы күрт көтерілді. Оның үстіне электр жүйесі жиі айырылып, тұрғындарды әбігерге салып қойды.
Осыған орай, аудан тұрғындары электр жүйесінің айырылу себебін сұрап редакцияға жиі телефон соғуда. Сондықтан, тұрғындардың сұрауына нақты түсінік беру үшін аудандық электр жүйесі мекемесіне хат жолданып, себебін түсіндіруді сұраған едік.
Бұл орайда аудандық электр жүйесінің бастығы Аманбек Әбділдиевтің түсіндіруінше, шілде айының бірінші онкүндігінде облыс бойынша ауа райы қатты ысып, ауа температурасы 45°С-тан жоғары болды. Сондықтан, облыс бойынша ток көзінің тұтыну көрсеткіші қалыпты деңгейден асып, электр қуаты жетіспейтін жағдай қалыптасты. Осы жағдайға байланысты «Атырау Жарық» АҚ басшылығының ұйғарымымен қала мен аудандарда ток көзін тұтынушыларға кесте бойынша шектеулер қойылды. Бүгінгі күні белгіленген кестеге орай ток қуаты тұтынушыларға жеткізілуде.Алайда, ауа райы ыстығының төмендемеуіне байланысты шілде айының аяғына дейін электр жүйесінің тағы да айырылу қаупі бар екенін есте ұстаған жөн. Егер алға қарай да электр жүйесі жиі айырылған жағдайда Қызылқоға ауданы ток көзін көршілес Ақтөбе облысы Ойыл ауданынан тұтынатын болады.
Ал, жарықтың сөнуіне байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахманов:
– Тұтынудың күрт өсуіне байланысты электр қуатының жетіспеушілігі орын алды. Күннің қатты ысуы салдарынан жабдықтар қажетінше суытылмай автоматика іске қосылып, салқындату кезінде жарықты сөндіріп жатыр. Егер жабдықтар салқындатылмаса істен шығуы мүмкін. Ауа райы осылай тұра берсе, ахуал жалғаса береді. Сондықтан, барлық желілерге шектеулер енгізіледі, – деді.
Міне, мамандардың айтуынша әлі де жарықтың жиі сөнуі ықтимал. Яғни, мұның барлығы ауа райының ысуына байланысты болып отыр. Күн ысыған сайын электр желісін тұтынушылар қатары көбейеді де, жабдықтарға қосымша күш түсіп, электр жүйесінің айырылуына әкеп соғады. Ендеше, жарықтың сөнуін болдырмау үшін электр қуатын тиімді пайдаланып, үнемдей білейік!
Өз тілшіміз.