Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Заңсыз таксилерге тосқауыл бар ма?

Ел экономикасының қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.

Ауданымызда сауда, халыққа қызмет көрсету нысандары жаңадан бой көтеріп, халықтың тұрмысы да түзеліп қалды. Алайда, шешілмеген түйіткілдер де жоқ емес. Соның бірі – заңсыз кәсіпкерлік. Көлеңкелі бизнестің кәсіпкерлік саласына да, салық органдарына да тигізіп отырған зияны орасан. Сондықтан, заңсыз кәсіпкерлікпен күрес күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жалпы, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындар арасында заңсыз жолаушы тасымалы көп болып тұр. Себебі, қазір көлігі бар кез келген адам такси қызметін көрсете береді. Олардың көпшілігі такси қызметін өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті пайда көзіне айналдырған. Осы орайда, «заңсыз таксилерге тосқауыл бар ма?» деген сауал туындайды. Біз бүгін сол сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік.

Заңды түрде тіркелгені алпыс жеті

Қызылқоға аудандық кірістер басқармасы мамандарының түсіндіруінше, такси жүргізушісі жалдамалы жұмысшысы жоқ дара кәсіпкер болып саналады. Сондықтан да әр такси жүргізушісі құзырлы органдарда кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салықтарын төлеуі тиіс. Аудандық кірістер басқармасының салықты әкімшілендіру бөлімнің бас маманы Бекзат Сүйіновтың айтуынша, аудан бойынша такси қызметімен тіркелген 67 дара кәсіпкер бар. Олардың барлығы патент және оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс жасайды. Патент негізіндегі арнайы салық режимін қолданатындар кіріске бір пайыз мөлшерінде, ал оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатындар кіріске үш пайыз мөлшерінде салық төлейді.

Дара кәсіпкер ретінде тіркелу үшін жеке тұлғалар мемлекеттік кірістер органына дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталуы туралы хабарлама тапсырады. Хабарлама «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электрондық нысанда немесе өзі келіп ұсыну тәртібімен қағаз түрінде беріледі. Бұл ретте жеке басты куәландыратын құжаттың хабарламада көрсетілген деректері сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде қамтылған мәліметтерге сәйкес келуі және дара кәсіпкер ретінде орналасқан орны нақты болуы тиіс. Әдетте бұл кәсіппен айналысатындардың басым көпшілігі тұрақты жұмысы жоқ азаматтар мен зейнеткерлер.

– Такси қызметімен айналысатындар, ең алдымен, біздің басқармаға келіп жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Себебі салық төлемей, еш жерде тіркеусіз жүргендердің әрекеті – заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі. Ал заңдастырылған такси жүргізушілері белгіленген мерзімде салық төлеп тұруы керек. Қазір жолаушы тасымалымен айналысатындардың дені патент алады. Егер заңды түрде тіркелмеген жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтар болса, біз оларға ескерту жасап, шақырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркейміз. Жалпы такси қызметін реттеуде де шешімін күткен мәселелер жетерлік. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп, «Такси» акциясы ұйымдастырылады. Одан бөлек, жуық арада бас прокуратураның құқықтық статистика басқармасына рейдтік тексеру жүргізудің нұсқамасы жолданды. Егер ол жақтан рұқсат болса аудан көлемінде заңсыз кәсіпкерлікке ауқымды рейдттік тексерулер жүргізілгелі отыр. Тексеру кезінде тіркелмеген кәсіп иелері анықталса, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 463-бабына сәйкес, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (яғни 34035 теңге) айыппұл салынады. Және әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы болып табылатын құқық бұзушының меншігіндегі (автокөлік т.б құралдар) сот шешімімен тәркіленеді,– дейді әлгінде айтқан аудандық кірістер басқармасының салықты әкімшілендіру бөлімнің бас маманы Бекзат Сүйінов.

Такси қызметі талапқа сай ма?

Несін жасырайық, «Жол мұраты – жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Қазір такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Әйтсе де, ол талапқа сай ма? Кейде осы сауалға жауап таба алмай дал болатынымыз бар. Себебі, барар жеріңе тез жету үшін такси шақыратынымыз рас. Бірақ, сол таксиде жолай мінген жолаушы да отырады. Жүргізуші асықпай өзіне ыңғайлы бағытпен жүріп, оны діттеген жеріне жеткізеді. Содан соң ғана асығып отырған сізге төрт-бес минуттың айырмасы қайсы деген сыңаймен қарайтынын қайтерсің. Қыстың қарлы, күздің жаңбырлы күндерінде «Шақыртқан жеріңе келе алмаймыз. Жолға шығып тұрсаңыз жақсы болар еді» деген өтінішін білдіреді. Оған да көнген жолаушы жүргізушінің айтқанын екі етпейді. Өйткені, баратын жеріне міндетті түрде жету керек. Сондай-ақ, жүргізуші жолақы бағасын да өзі белгілеп алған. Ауыл арасында күндіз 200 теңгеге, түнгі сағат он екіден кейін 400 теңге болып бағасын өсіреді. Бағаны өсіруде қандай заңдылықты басшылыққа алатыныны да белгісіз. Сонда халықтың қамын ойлау деген түсінік санада жоқ па?

Әлеуметтік желідегі «Такси группа»

Осы тақырыпты зерттеу мақсатында әдейі әлеуметтік желідегі такси группаның барлығына тіркелдім. Мұнда қайнап жатқан өмір. Бірі қаладан ауылға, бірі ауылдан қалаға, енді бірі ауыл арасына такси іздеп әуре. Әлеуметтік желіге такси жүргізушісі де қарапайым халықта тіркелген. Әр минут сайын телефоныма хабарлама келіп, жолаушы мен жүргізушіден хабар алып отырдым. «Заманның дамығаны осы болар»,– деп ойлап қоямын кейде. Рас бұрын қалаға бару үшін маршрутқа бір-екі күн бұрын тіркелуің керек. Олай болмаса орын болмай қалуы да ғажап емес еді. Ал, қазір әлеуметтік желі пайдаланушылары әп сәтте қажетіне қарай такси жүргізушісіне хабарласып, барар жеріне оңай жетеді. Иә, желіге тіркелгендердің барлығын заңды қызмет көрсетіп жатыр деп айта алмайсың. Тек күн көріс қамымен өз қажетіне қызмет етіп жатқандар да жетерлік. Өйткені, заңды қызмет етушілер жолаушыға жолақысын көрсетіп, билет береді. Осыны тексеру үшін әлеуметтік желіге «Атырауға барам бірақ, билет керек» деген едім. Жолаушы шықса таласа кететін жүргізушілердің үні шықпады. Бұл дегеніміз заңсыз қызмет етушілердің көп екенін байқатса керек. Бұл салықтан жалтарудың бір көрінісі іспетті емес пе?! Осы орайда, ашық алаңда табыс тауып отырғандарға құзырлы органдар тосқауыл қойып, заң аясында қызмет етсе дейсің.

Таксопарк құрсақ қайтеді?

Ауданда жолаушы тасымалымен айналысатын жеке адамдар көп болғанымен ортақ құрылым жоқ. Арнайы құрылым құрылса заңсыздықпен күресіп, жолаушы тасымалын ретке келтірері сөзсіз. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес ақпараттық-диспетчерлік такси қызметтеріне қойылатын арнайы талаптар бар. Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сай, елімізде жолаушылар тасымалымен айналысатындардың салонында міндетті түрде таксометр мен бақылау-кассалық аппараты болуы қажет. Ережеге сәйкес, такси қызметіндегі автокөліктер бірыңғай түсте болып, басқалардан ерекшеленіп тұруға тиіс. Сондай-ақ такси қызметіндегі көліктер жүргенге дейін техникалық бақылаудан, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өткені абзал. Әрине, заңдылыққа сәйкес, жұмыс жүргізілсе жолаушы да жүргізуші де ұтылмасы анық. Қауіпсіздікте сақталып, жүргінші өміріне қауіп төнбес еді. Демек «Ауданда белең алған заңсыз жолаушы тасымалдаушыларға тосқауыл бар ма? Оларға қандай шаралар қолданылады?» деген сауалдар қылаң беретіні белгілі. Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп, оқырмандар пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік.

«Заңсыз такси жоқ дей алмаймыз»

Заңсыздықты жою мақсатында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Аудандық кірістер басқармасының мамандары да келіп тұрғындармен, жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тауып жүргендерге ескертулерде берілді. Бірақ, заңсыздық тоқтар емес. Қазіргі уақытта ауылда жолаушы тасымалымен айналысып отырған төрт-бес кәсіп иесі болса, заңсыз жүргендерде бар. Атырау қаласына 3500 теңгеге, Миялыға 500 теңгеге жолаушы тасиды. Бұрын қалаға «Уаз» автокөліктерімен қатынайтынбыз. Халық сұранысы жеңіл автокөліктерге түсіп олар өз жұмысын тоқтатып отыр. Себебі, маршруттарға сұраныс азайды. Баға тұрақтылығын бақылауда ұстап отырмыз.

Болат ҚАБЕСОВ,

Көздіғара ауылдық округінің әкімі

Тұрғындар сенімінен шығып келемін

Бұл кәсіппен үш жылдан бері айналысып келемін. Кірістер басқармасына патент алып тіркеліп ауыл арасына жолаушыларға қызмет көрсетемін. Тапқан табысымның көрсетілген мөлшерінде салығын төлеп, заңдылық бойынша жұмыс жасап жүрмін. Бастапқыда тіркелмей қызмет көрсеткенім рас. Бірақ, салық мамандарының түсіндіруімен кәсібімді заңдастырып алдым. Халық сұранысы жоғары. Жұмысым таңертеңгі сағат сегізде басталып кешкі сегізге дейін. Кейде тіпті түскі ас ішуге уақыт болмай жатады. Тұрақты тұтынушылар ұялы телефоныма соғып, шақырту береді. Уақыттан кешікпеуге, діттеген жеріне тез жеткізуге тырысамын. Біздің басты мақсатымызда осы. Үнемі шақырту беретіндер балабақшаға бала апаратындар. Күнделікті табыс жүрген шығынды өтейді.

Нұрлан ЖҰМАҒАЛИЕВ,

такси жүргізушісі

Көлігі бардың барлығы такси

Қазіргі уақытта астында көлігі бардың барлығы такси болып алған. Көбісі жастар. Жолда жарыса жүріп, ережені де сақтамай жатады. Барлығына бірдей күйе жағып жатқаным жоқ. Бірақ, кездеседі. Бұрындары аудан орталығына барудың өзі үлкен мәселе болатын. Ал, қазір жол сайрап жатыр, көліктер жүйіткіп жүр. Ауылдан аудан орталығына қатынағаны былай тұрсын қалаға да жолаушы тасиды. Қай кезде тапсырыс берсең де әйтеуір көлік дайын. Бұл әрине, жақсы. Десекте, қауіпсіздікті ойлаған дұрыс. Сондай-ақ, жаңа айтқанымдай көлігі бардың барлығы такси. Заңды тіркелгені де заңсыз табыс тауып жүргендері де бар. Бұлай деп жүргізушіні кінәлап жатқаным жоқ. Тек табыс тапқан соң барлығы заңды болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Бұрыш ҚАРАҒОЙШИНА,

Жасқайрат ауылының тұрғыны

Күнделікті әдетімізге айналды

Қазіргідей дамыған заманда барлығына үйреніп алдық. Бұрын сабаққа баратын бала да, жұмысқа асыққан үлкендер де жаяу жүретін. Сонда да жұмыстан кешікпей, сабаққа уақытында бару үшін кей кездері ауа райының қолайсыздығына қарамастан орталыққа қарай ағылатынбыз. Ал, қазір жаяу жүргіншіні сирек кездестіреміз. Кішкентай балалардың өзі такси шақыршы деп тұрып алады. Балаларды балабақшаға апару үшін ертемен такси шақыртамыз. Бұл күнделікті әдетімізге айналды. Негізі, тұтынушы үшін такси жүргізушісінің заңды не заңсыз екені алаңдатпайды. Өйткені, бізге келіп кетер пайда жоқ. Бірақ, такси жүргізушісі заңдылыққа бағынып жүруі керек.

Асыл БЕКМҰРАТОВА,

Миялы ауылының тұрғыны

Заңды жұмысымызға кедергі келтіреді

Сағыз-Миялы бағытында тасжол салынғалы жеңіл көлікке деген халық сұранысы көбейді. Бірақ, жолақысы кейбірінің қалтасына келе бермейді ғой. Сондықтанда өткен жылдан бері осы кәсіпті қолға алып жолаушы тасымалымен айналысып келемін. Арнайы уақыт белгілеп, екі бағытта да халыққа ыңғайлысын ойластырдық. Жалпы, жол шығынын өтеу, керекті май суын ауыстыру жолаушының жолақысы есебінен болады. Алайда, шығынды ойлап, бағаны көтерсек тұтынушыға қиынға соғады. Ол жағында ойлауымыз керек. Сол себепті, баға тұрақтылығы біз үшін де маңызды. Бірақ, қазіргі таңда заңсыз таксилер қаптап кетті. Олардың жымысқы әрекеті біздің табысымызға зиянын тигізуде. Осы бағытта екі көлік жүреміз. Жолақысы 1000 теңге. Түсте 500 теңгеге түсіреміз. Таңертеңгі сағат жеті жиырмадан Сағыздан қозғалсақ, түсте бірінші маршрут, түстен кейін екінші маршрут жолға шығады. Негізі, заңсыздыққа тосқауыл қойған дұрыс.

Бауыржан АБЖЕТОВ,

Сағыз-Миялы бағытында жолаушы тасымалдаушы

 

Бес көлік иесіне айыппұл салынды

Заңсыздықтың жолын кесу мақсатында рейдтік тексерулер жүргізіліп тұрады. Көптеген такси жүргізушілері жеке тасымалмен айналысып, табыс тауып жүрсе де заңға жүгінгенде «Таксист емеспін, өз автокөлігім, туысқанымды немесе досымды жеткізіп салуға бара жатырмын», – деп, жауапкершіліктен жалтарады. Бұл жағдайға халықтың да кінәсі бар деп білемін. Өйткені, ақысын беріп, жалданып тұрған көлік иелерін жақтап ағайыным, досым сол үшін маған көмек беріп жатыр деп шығады. Ал, шын мәнісінде олай емес екенін біз де, оларда біліп тұрады. Бірақ, солай сөйлейді. Жыл басынан бері тексеріс кезінде бес көлік иесінің заңсыз жүргенін анықтадық. Оларға айыппұл салынып, шарасы алынды. Алдағы уақытта да тексеру жұмыстары жалғаса береді.

Руслан БЕКНАЗАРОВ,

аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция бөлімшесі қызметінің аға инспекторы.

Қағазбастылық қинайды

Кәсіпкер ретінде тіркелмей жүргендердің бірі мен. Әрине, заңсыздықты менде қолдамаймын. Табыс тауып, бала-шағаның қамы үшін жүрген соң барлығының заң аясында болғаны дұрыс. Салығын төлеп тұрудан қашпаймыз. Бірақ, кәсіпкер ретінде тіркелуге келгенде қағазбастылық көп. Тіркеліп алған соң ай сайын оның салықтық есептілігі бар. Оны уақытынан кешіктірмеу қажет. Алайда, есеп-қисап, қағазбен жұмыс жасап көрмеген соң мұндай жұмыстар бізге мүлдем жат. Осы тұста, ыңғайлы жүйе қолданысқа еніп біз секілді кәсіпкерлерге есебін жүргізіп тұратын арнайы маман қарастырылса немесе терминал арқылы жүргізсек деген ұсынысым бар.

Асылхан ЖҰМАТАЙ, (аты-жөні өзгертілген)

Түйін:Қалай болғанда да , заңсыздықтың аты заңсыздық. Сондықтан, заңсыз таксилерге тосқауыл қойылу керектігі анық. Осы тұрғыда, нақты жұмыстардың жүргізілгені дұрыс. Әлбетте, такси қызметін көрсету арқылы нәпақасын тауып жүргендер де бар. Оларға «Былай істе, былай болады» деп айту да қиын. Дегенмен, құзырлы органдар «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмағаны» абзал деп есептейміз.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521