Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Ойыл тасымай, ел тоғаймайды

Өткен аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімінің ұсынысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Ойыл өзені не себепті құрғап кетті?» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Zoom платформасы арқылы ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы, Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішов, Қ.Жұбанов атындағы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдары, аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, Ойыл өзенінің жанашырлары, сала мамандары, тиісті құзырлы орган өкілдері қатысты. Жиынды ашып, жүргізген аталмыш оқу орнының ректоры Саламат Ідірісов:

– Ақтөбе, Атырау облысына қарасты көптеген елді мекендерді өр суымен қамтып отырған Ойыл өзенінің көп бөлігінің құрғап қалуы бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан, бүгінгі мәжілісте аталмыш өзенді қалпына келтіру үшін нақты ұсыныстар, пікірлер айтуымыз қажет, - деп алғашқы сөзді дөңгелек үстелді өткізуге мұрындық болған Ойыл өзенінің жанашыры Есенбай Нұровқа берді.

Бұл қызылқоғалықтардың талабы

Оның хабарламасынан білгеніміз, 60-тан астам ірі және ұсақ өзендер келіп құятын Ойыл өзенінің төменгі сағасында отырған Қызылқоға ауданына көктемгі өр суының келмегеніне екі жыл болды. Соның салдарынан өзен арнасы құрғап, жерасты суы тартылып, тұщы су ашып барады. Ойыл өзені бассейінің тартылуы мәселесін жан-жақты зерделеу мақсатында аудан әкімдігі екі рет экспедиция ұйымдастырса, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегеновтің басшылығымен келген жұмысшы тобы Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір, Ойыл және Атырау облысының Қызылқоға ауданы тұрғындарымен кездесті. Осы экспедиця барысында Ойыл өзені бассейніне құятын шағын өзендерді, сай-салаларды, бұлақтарды бөгеген заңсыз, иесіз бөгеттер көп екені анықталды. Соның бірі – Мұғалжар ауданына қарасты «Арман-М» шаруа қожалығы орналасқан жердегі «Мұқа» бөгеті. Сонау Кеңес дәуірінде салынған бұл бөгет жоғарыдағы бұлақтардан аққан суларын, қардың суын және көктемгі өр суын өз бағытымен ағызбай, алдын бөгеп Ойыл өзеніне құюына кедергі келтіріп отыр.

– Ойыл өзені бассейінінде заңсыз бөгеттер көбейгені адами фактордың ықпалы табиғи фактордан да басым түсіп отырғанын көрсетеді. Ойыл өзені мен оның салаларындағы арналарына жақын орналасып алған шаруа қожалықтары «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтықтан» білгенін жасап, өзеннің фаунасы мен флорасына орасан зиян келтіріп жатыр. Олар осындай әрекеттерімен Қазақстан Республикасы Су Кодексінің 17 бабын өрескел бұзып отыр. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аталмыш заң талаптарының орындалуы үшін заңсыз бөгеттерді анықтап, өзен арналарын шаруашылық қалдықтарымен толтырған шаруа қожалықтарын тәртіпке шақыруы керек. Сондай-ақ, өзен арнасын қалпына келтіру бағытында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұлақ көздері мол Ақтөбе облысының Мұғалжар, Темір және Қобда өңірін экологиялық қауіпсіздігі болып табылатын су ресурстарына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды аймақ деп жариялап, жоғарыдағы кедергілерден яғни, адами факторлардан қорғауы тиіс. Бұл барша қызылқоғалықтардың талабы, - дейді табиғат жанашыры Есенбай Сәмекұлы.

Екінші рет экспедиция ұйымдастырылады

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов: – Ойыл өзенінің төменгі сағасында отырған қызылқоғалықтардың жанайқайын министрлік естіді. Енді министрліктің қолдауымен өзен бойына кешенді ғылыми зерттеу жүргізу мақсатында ғалымдарды, мамандарды, әр ауданның әкімдігін, қоғам белсенділерін қатыстыра отырып осы көктемде екінші рет экспедиция ұйымдастырылмақ. Жасыратыны жоқ Кеңес үкіметі кезінде де, қазір де Ойыл, Сағыз, Жем және Мұғалжар тауынан бастау алатын басқа да өзендерін зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Соның салдарынан Ойыл өзеніне құятын сай-жыраларда көптеген заңсыз бөгеттер салынып, өзенге құятын көптеген бұлақ көздері бітелсе, ағып тұрған бұлақ көздері тазартылмағандықтан өзенге құю мүмкіндігі шектелген. Бұл жағдай біздің елімізде бұлаққа жауапты мемлекеттік органның құрылмауынан орын алып отыр. Бүгінгі күні «Ойыл өзенінің бойында қанша бұлақ бар? Оның сапасы қандай?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмай тұр. Сондықтан, алдағы уақытта Су кодексіне өзгерістер енгізу қажет.

Тағы бір мәселе – мыңдаған жыл бойы ағып жатқан Ойыл өзені тазартылмағандықтан арнаны қамыс, қоға және басқа да заттар басып, судың ағынына кедергі келтіруде. Ал, мұны кім тазартады? Міне, осы мәселе заңда нақты жазылып көрсетілуі керек. Бұл ретте, Ақтөбе облысы әкімдігі тарапынан Ойыл өзенінің жай-күйін зерттеу мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме дайындау үшін қаржы қарастырса, Атырау облысы әзірге мұндай шара қабылдамай отыр. Яғни, екі облыс арасында бірлескен жұмыс жоқ. Ал, бірлескен жұмысты республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдар ұйымдастыруы қажет, - деді.

Заңсыз бөгеттер бұзылуы тиіс

Ал, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдаланды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов Ойыл өзенінде қалыптасқан жағдайды зерделеу бағытында атқарылатын жұмыстармен таныстыра келе, өзен бойына және оның салаларына салынған заңсыз гидротехникалық құрылыстарға, су қорғау аймағының шекарасындағы заңсыз орналасқан мал шаруашылығы және басқа да шаруашылық құрылыстарына талдау жүргізіп, тиісінше әрбір салынған құрылыстың заңдастырылуы тиіс екендігін жеткізді.

– Бұл ретте осы айдың ішінде «Мұқа» бөгеті де заңдастырылып, аудандық коммуналдық меншікке қабылданады, - деді ол. Басқарма басшысының бұл уәжіне наразылық білдірген Ойыл өзенінің жанашыры Оралбай Ғалымжанов: «Ойыл өзені жанашырлары заңсыз салынған бөгеттерді бұздыруға жұмыстанып жүрсе, Жақсығали Иманқұлов бұл бөгеттерді бұздыртпай заңдастырғысы келеді. Біз бұған қарсымыз. Қайткенде де заңсыз бөгеттер бұзылуы тиіс» деген пікірін білдірді. Сонымен бірге Ойыл өзенін экологиялық апаттан құтқару шаралары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндаған С.Бәйішов атындағы жоғары медициналық колледжінің арнайы пән оқытушысы Нұрлан Ізденұлы облыстағы Ойыл өзені жанашырларының ұсыныстарын жеткізді. Яғни, Ойыл өзенін ғылыми тұрғыда зерделеу, зерттеу, өзеннің өсімдіктерін, суының құрамын, сапасын тексеру, ғылыми институттармен келісім шартқа отыру, өзендегі балықтарды, айналасындағы төрт түлік малдарды инфекциялық, паразиттік құрт ауруларына тексеру, өзен бойындағы суармалы егіс, бау-бақшаларды егуді, суаруды уақытша тоқтатып, өзенге құятын шағын өзендер мен бұлақтарды жылына екі рет тазарту, қорғау және есепке алу үшін жауапты мекеме мамандарын дайындау, картаға түсіру қажет.

Сондай-ақ, өзен бойындағы бұлақтарды бөгеп алғандарды және ластап тастағандарды тәртіпке шақыру, өзеннің екі жағына тал егу, алма бағын өсіру, өзенге құятын шағын өзендер мен бұлақтарды күтіп ұстауды ауыл әкімдерінің құзырына беріп, сол ауылдың материалдық ресурсы ретінде қорғалуын жүктеп, өзенге құятын шағын өзендер мен бұлақтарды бүлдіргендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту керек.

Экологиялық төтенше жағдайға әкеледі

Дөңгелек үстелде «Ойыл өзенінің жерасты суларымен байланысы» тақырыбында хабарлама жасаған «Атыраугидрогеология» ЖШС-нің бас директоры Нұргүл Сабурова бірқатар деректерді жиынға қатысушылардың назарына ұсынды. Нұргүл Едігеқызының мәлімдеуінше, табиғи жағдайының күрделілігіне байланысты Тайсойған жерасты су қоры Шығыс, Батыс, Оңтүстік және Солтүстік болып төртке бөлінеді. 1983 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесінде Шығыс Тайсойған бөлігі тәулігіне 11,016 мың текше метр су беріп тұрса, Оңтүстік және Батыс бөлігінен тәулігіне 19 мың текше метр су алуға мүмкіндік болды. 1990 жылдан бастап Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл және Тайсойған ауылдық округіне ауыз су Шығыс Тайсойған жерасты суынан өндірілуде. Ал, «Қарасу» жерасты су қоры Миялы, Жангелдин, Ойыл ауылдық округтерін қамтамасыз етіп келеді. 1969 жылы жүргізілген зерттеу бойынша «Қарасу» жерасты су қоры тәулігіне 2700 текше метр су берсе, 2010 жылы қайта бағалау мақсатында жүргізілген барлау жұмыстары нәтижесіде аталмыш су қоры тәулігіне 345 шаршы метр су беріп тұрғаны анықталды.

– Атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су тасқынының болмауы Миялы кен орнының жерасты суларының сапасына үлкен әсері етеді. Соңғы жылдардағы режимдік зерттеулер, кен орнын пайдалану нәтижелері, сондай-ақ қосымша барлау және қорларды бағалау шеңберінде жүргізілген жұмыстар жерасты тұщы суларының, су тұтқыш жиектің таралу алаңының күрт қысқарғанын көрсетті. Егер 1969 жылы тұщы суы бар сулы қабаттың ауданы 10 шаршы шақырым болса, 2010 жылғы ақпарат бойынша бұл аймақ 2,75 шаршы шақырымға дейін азайып, жерасты суларының тұздылығы айтарлықтай өсті.

Ойыл өзенінің тасымауы Тайсойғандағы жерасты су кеніші мен Миялы маңындағы «Қарасу» жерасты су кенішінің тартылуына әкеліп, соңында экологиялық төтенше жағдайға соқтыратыны сөзсіз. Мұндай төтенше жағдайдың қанша жылда орын алатынын болжау қиын, бірақ та бір шара қолданбаса бұл түбінде Қызылқоға ауданында орналасқан өзен бойындағы елді мекен тұрғындары ол жерде орнығып отыру мүмкіндігінен айырылады, - деді ол.

Сонымен бірге, бұлақ мәселесіне тоқталып, ұсынысын жеткізген Нұргүл Сабурованың айтуынша, Солтүстік Каспий артезиан бассейініндегі мақсатсыз, қайтарымсыз шығындалып жатқан ұңғымалардың (скважина) барлығын бітеп, жоғары жақтағы бассейндер суының қысымын, өзенге құйылатын бұлақ көздерінің өнімділігін арттыру керек. Атырау өңірінің Оңтүстік Ембі бассейінінде 102-дан астам иесіз өздігінен атқылап жатқан ұңғымалардан шамамен тәулігіне 60 мың тонна су далаға кетіп жатыр. Өйткені жердің бетіне атқылап шыққан жерасты суы жерге қайтып сіңбей, буланып ұшып кетеді. Ал, ұңғымалардан атқан су далаға кете беретін болса, қысым түсе береді де жоғарыдағы бұлаққа баратын қысым азаяды.

Биыл 40 миллион текше метр су келеді

Жиынға қатысқан «Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясы» РММ басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, Ойыл өзені бойына шыққан экспедиция барысында арна бойында заңсыз салынған бөгеттер анықталмады. Бірақ, өзен арнасында қоға-қамыстың көптеп өсуіне байланысты орын алған табиғи бөгеттер бар. Қазіргі таңда Ойыл өзені және оған құятын шағын өзендер бойында орналасқан шаруа қожалықтарына берілген жер телімдерінің заңдылығын анықтау жұмыстары жүруде. Ал, жер аяғы кеңіген соң Ақтөбе, Атырау облысының ғалымдарын қатыстыра отырып, өзенге құятын сай-жыралардағы заңсыз бөгеттерді анықтау мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Ойыл өзені негізінен қардың, жауынның түсу көлеміне тікелей байланысты. Гидромет орталығының берген мәліметі бойынша өткен жылы Ойыл өзеніне келген судың көлемі 14 миллион текше метр шамасында болды. Бұл қолдағы көпжылдық мәлімтермен салыстырғанда ең төменгі деңгей. Ал, гидромет мамандардың болжауынша биылғы жылы келетін су 40 миллион текше метр шамасында. Егер орташа көпжылдық су көлемі 127 миллион текше метр болса, 40 миллион текше метр судың аздық ететіні белгілі. Алайда, қазіргі жерге түскен қар көлемі еріп, арты жауын-шашынмен ұласатын болса бұл көрсеткіш көтерілетіні аян, - дейді ол.

Заңды бұзғандар жауапқа тартылсын!

Баяндамалардан соң кезек ұсыныс-пікірлерге берілді. Бұл орайда, Атырау қаласының тұрғыны, гидрогеология өндірісінің ардагері Едіге Сабуровтың айтуынша, Ойыл өзенінін зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылдардың аяғында басталғанымен, аяқталмай қалды. Негізінде аталмыш өзенді зерттеу облыстың емес, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзіретінде. Ойыл өзенінің тартылуы салдарынан бүгінгі күні Қызылқоға ауданында төтенше жағдай қалыптасып отыр. Жерасты суы деңгейінің түсуі құм көшкініне алып келеді де елді мекендерді құм басу қаупі жоғарылайды. Ал, өзеннің қалыпты деңгейде тасымауына қоғам белсенділерінің айтып жүрген бөгеттері кедергі келтіруде. Негізінде Ойыл өзені бассейініне оған құятын сай-жыралар да кіреді. Яғни, сол жыраларға салынған бөгеттер өзеннің табиғи ресурсын өзгертеді. Сондықтан, бөгеттердің барлығын түгендеп, бұзу керек. Ал, еліміздің заңдарын бұзып отырған нысан иелеріне және солардың заңды бұзуына жол беріп отырғандар Жайық-Каспий бассейіндік инспекциясы арқылы жауапқа тартылатын болса, айтылып келе жатқан бөгеттер биылғы жылы су тасуына дейін бұзылары сөзсіз.

– Қазіргі таңда Қызылқоғаның халқы судан қақсып отыр. Ал, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдаланды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов заңсыз бөгеттерді заңдастырғысы келеді. Бұл ретте, өзен бойындағы заңсыз бөгеттерді заңдастыруды, лимандық жүйе бойынша жайылымдық жерлерді суландыруды тоқтатып, алдымен төтенше жағдайды жөндеп алу керек деген ұсынысым бар. Қайткенде де биыл Қызылқоға ауданын сумен қамтамасыз ету керек, - деді Едіге Сабуров.

Ойыл өзенінің паспорты жасалса игі

Келесі сөз алған Ойыл өзенінің жанашыры Марат Жалдекенов заңсыз бөгеттерді заңдастыруға мораторий жариялап, Ойыл өзенінің паспорты жасалса деген ұсынысын білдірсе, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы Ақылбек Дадин: «Өр суы тасымаған жылдары жерасты суы деңгейін ұстап тұру үшін су қоймасын салу қажет» деді. Ал, Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдаланды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстанов экология министрлігі көршілес Ресей мемлекетімен келісімге қол қойылып, ғылыми зерттеу өткізулердің бірыңғай жол картасын жасалғандығын тілге тиек етіп, Ойыл өзенін зерттеуге министрлік тікелей кірісуі керектігін жеткізді.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел отырысында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Салтанат Алмурзаева мен Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университетінің доценті Ғалия Омарова сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.

Кездесуді қорытындылаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Саламат Ідірісов:

– Бүгінгі кездесудің мақсаты – Ойыл өзенін қалай қалпына келтіру бағытында болғанымен, артында халықтың тұрақтануы, демографиялық мәселесі тұр. Әрине мынадай күрделі мәселені екі сағаттық жиында шешу мүмкін емес. Бірақ бүгінгі мәжілісте атқаратын жұмыстардың негізгі бағыты анықталды деген ойдамын. Мемлекет басшысы саясатының басым бағытының бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру болса, бүгінгі көтерілген су мәселесі халықтың болашағына тікелей қатысы бар. Сондықтан жиында айтылған әңгімелерді, ұсыныс-пікірлерді аяқсыз қалдырмай, іске асыру үшін бәріміз бірге жұмыстанайық, - деді.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521