Қашанда жақсылықтың жанынан табылып, мұқтаждың мұңына ортақтасып жүретін «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері бүгін ауданымызға келіп, жалғыз басты ана Бақыт Қабдуалиеваның отбасына үй сыйлады.
Тұрғын үйді табыстау рәсімі Миялы ауылында салтанатты түрде атап өтілді. Аталмыш салтанатқа ауыл ақсақалдары, «Бәйтерек» мешітінің жамағаты және Астана, Атырау, Құлсарыдан арнайы келген қонақтар қатысты. Салтанатты шараны ашқан «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов:
– Бүгін ауданымызда ерекше той, үлкен қуаныш. Өздеріңіз көргендей, «Харекет» қайырымдылық қоры мен аудан азаматтары бірігіп мұқтаж отбасыға үй алып беріп жатыр. Бұл жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған баба салтының жаңғыруы. Ел бойынша үлкен қолдауға ие болып отырған «Харекет» қорының жұмысына сәттілік. Алла разы болсын, – деді. Содан кейін сөз алған «Харекет» қайырымдылық қорының Атырау облысы бойынша басшысы Мақсат Есенбаев бұл баспана ел бойынша беріліп жатқан қырықыншы, облыс бойынша төртінші үй екенін айтып, осынау игі іске үлес қосқан аудан азаматтарына қор атынан алғысын айтты. Сондай-ақ, аталмыш шарада құттықтау сөз сөйлеген ауданның құрметті азаматы Сайпол Мұқанов пен Миялы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Бисенбай Қазиевтар жаңа қонысқа құтты болсын айтса, Атыраудан келген жеке кәсіпкер, «Харекет» қорының жанашыры Ақылбек Шарипов үй иесіне соңғы үлгідегі теледидар сыйлады. Ал, ақын Еркін Көптілеуұлы болса, жырдан шашу шашып, жүрекжарды лебізін арнаумен жеткізді.
Бұдан әрі «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтанов үй иесі Бақыт Қабдуалиеваға үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Өз кезегінде сөз алған үй иесі: – Мен алты жылдан бері не көгілдір отыны, не суы жоқ үйді паналап келдім. Оның өзін айына он мың теңгеге жалдап тұрдым. Шиеттей үш баламмен оңай болған жоқ. Әсіресе, қысты күндері өте қиын болатын. Өзге жұрт көгілдір отын жағып жатқанда біз қағаз, ағаш, қи жағып жылынып жүрдік. Суды тасып іштік. Бір күні үйге жеке кәсіпкер, ауыл жанашыры Медет Серікбаев келіп, тұрып жатқан баспананы көрген соң дереу үй алып беру керектігін айтты. Сөйтіп, «Харекет» қорына үйдің суреті мен бейнекөрінісін жібердік. Міне, бүгін үйдің кілтін алып, қуанып тұрмын. Осы іске ат салысқан барлық азаматтарға өзімнің, балаларымның атынан алғыс айтамын. – деген ізгі тілегін жеткізді. Содан кейін үйдің лентасы қиылып, жиналғандар ішке кірді. Төрт бөлмелі үйдің екі бөлмесіне қонақтарға арнайы дастархан жайылған екен. Сол жерде келген қонақтар мен ауыл үлкендері бас қосып, игі шара берекелі отырысқа ұласты.
Айта кетейік, мұқтаж отбасыға үй алуға ат салысқандардың ішінде «Харекет» қорынан бөлек аудан азаматтары Медет Серікбаев, Азамат Өтебаев, Азат Нұрмағамбетов, Талғат Ғалиев, Ардақ Әмірғалиев және тағы басқа да жанашыр жандар бар. Сөйтіп, аудан бойынша «Харекет» қорының алғашқы үйі де табысталды. Қор өкілдері мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғаса беретінін атап өтті.
Дулат БЕРІКҰЛЫ