Дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде аудандық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов төрағалық еткен мәжіліске Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жаннат Досқалиева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Құлжанов, Махамбет ауданының қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, махамбет ауданы бойынша сарапшы Асқар Құрманбаев, аудандық, ауылдық округтердегі қоғамдық келісім кеңесінің және аналар кеңесінің төрайымдары, төрағалары мен мүшелері, медиаторлар қатысты.
Жиынды ашып жүргізген аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов қоғамдық келісім кеңесі жұмыстарының мақсаты мен міндеттерін қатысушылардың назарына ұсынды. Мәжілістің күн тәртібі бойынша ерлі-зайыптылардың ажырасуының себебі, оның алдын алу бағытында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Сәнімгүл Жұбаеваның хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, елімізде бір жылдың ішінде шаңырақ көтерген отбасылардың үштен бірі ажырасып кетеді екен. Мәселен, аудан бойынша өткен жылы тіркелген 181 некенің 36-сы некесін бұзған. Ал, биылғы жылдың тоғыз айында некеге отырған 124 жұптың 19-ы ажырасып отыр. Бұлардың төртеуі өзара ортақ бала болмауына байланысты ажырасса, он бесі мінездерінің келіспеушілігінен сот шешімімен осындай қадамға барып отыр. Қазіргі уақытта сот жанынан отбасылық құқықтық қатынастарды шешуге медиациялық келісім қолданылады. Медиациялық келісімнің жастарға тигізер көмегі өте көп. Медиаторлар қараған 59 істің 15-і неке, отбасы құқығына байланысты. Олардың берген кеңестерінің арқасында көптеген отбасылар татуласты.
– Жалпы отбасылардың жиі ажырасуына түрлі себептер бар. Көпшілік шаңырақтың шайқалуына ер мен әйелдің өзара түсінісе алмауы себеп болады дегенді алға тартады. Негізінде шаңырақтың шайқалуына басты себептері ауылдық жерлерде жұмыссыздық. Жұмыстың жоқтығынан ер азаматтар ішкілікке салынып, тұрмыстық хал-ахуалының төмендеуіне әкеледі де отбасында кикілжің көбейіп, ажырасуға әкеліп соғады. Ал, ажырасудан олардың балалары зардап шегеді. Баланың тәртібін қарауға жалғыз басты анасының уақыты бола бермейді де бұзақылық, тәртіпсіздік те осындай отбасылардан көп кездеседі. Осындай жайттарды болдырмау үшін алдағы уақытта ақыл-кеңес беру орталықтары немесе кабинеттері ашылса деген ұсынысым бар, – деді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Сәнімгүл Жұбаева.
Бұдан кейін аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бағытжамал Жұмабаева аудан әкімі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің атқарған жұмыстары туралы хабарламасы тыңдалды. Сондай-ақ, жиында сөз сөйлеген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Дүйсенбек Құлжанов, Махамбет ауданының қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Асқар Құрманбаев алдағы уақытта қоғамдық келісім жұмысын жандандыру мәселесі бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Кеңес отырысын қорытындылаған Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Жаннат Досқалиева: – Халықпен жұмыс жасау үшін қоғамдық келісім кеңесіне зиялы қауымды, яғни аузы дуалы ардагерлерді, жастар белсенділерін тарту қажет. Басты мақсат – кеңес жұмысы арқылы жергілікті атқарушы орган мен халық арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бірлікті, татулықты сақтау. Ал, қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын жандандыру үшін тұрғындарды қабылдайтын кабинет ашып, кеңес төрағалары халықтың мәселелерін шешу бағытында жұмыс жасау қажет. Бұл бізде кенже қалып келе жатыр. Сондай-ақ, ажырасудың алдын алу бағытында аудандағы аналар кеңесі жоғары сынып оқушыларымен, колледж студенттерімен, жас отбасылармен кездесулер ұйымдастырып, отбасы құндылығы жайлы аналардың ақыл-кеңестері айтылса игі. Осы бағытта жұмыстар жүргізсек бірқатар отбасы шаңырағының шайқалмауына қол жеткізетініміз сөзсіз, – деді.