Иә, сәулеті мен дәулеті келіскен Астананың тұрғыны атану– кім-кімнің де арманы.
Осы арман талай адамды елордамен қауыштырып, өміріне өзіндік өрнегін салып та үлгерді. Бұл сөзімізге "Менің өмірімде Астананың орны ерек. Өйткені, менің бар ғұмырым осында өтіп жатыр", деп бізбен әңгімесін бастаған жерлесіміз, Астана қаласының тұрғыны Қылышбай Сарбупиев Аққұлұлы дәлел бола алады.
Ол 1975 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтынан инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдап, жоғары білім алып шығады. Еңбек жолын туып-өскен жерінен бастаған кейіпкеріміз, құрылыс мекемесінде учаске шебері болып жұмыс жасайды. Кейін «Комсомол», «Қызыл ту» кеңшарында прараб болады. Осылайша, тәжірибе жинақтаған ол 1998 жылы Астана қаласына қоныс аударып, өз саласы бойынша қызметке тұрады. Біраз өмір белесінен өткен ол, кезінде оқып, білім алған құрылыс саласында білек сыбана еңбек етеді.
Иә, құрылысшы болу оңай шаруа еместігі анық. Дәлме-дәл өлшем, геометриялық сызбадан қате жібермей айна-қатесіз алып ғимараттарды тұрғызуға жүректілік қажет. Бұл қасиет Қылышбай Аққұлұлының бойынан табылары хақ. Өйткені, Астананың символына айналған «Бәйтерек» монументінде оның қолтаңбасы жатыр. Сондай-ақ, «Барыс Арена», «Саранда» тұрғын үй комплексін салуға атсалысқан жерлес-құрылысшы 240 орынды балабақша, жаңа теміржол вокзалын, 40 қабатты әкімшілік ғимаратын салып, Қазақстанның «Құрметті құрылысшы» медалін омырауына тағынады.
– Институт қабырғасында оқып жүрген кезден бастап, үлкен қалаларда еңбек етіп, тарихи құрылыс алаңында жұмыс жасауды ойлайтынмын. Міне, бүгін сол арманыма жеткендеймін. Отбасымызбен Астана қаласына келгенімізде кішкене ғана қалашық болатын. Ал, қазір 20 жылда өте шығып, елордамыз әлем көз тіккен алып державаға айналды. Көз алдымызда бой көтерген елорда болашақтың қаласы деуге болады. Еліміздің ең биік әрі көрнекі ғимараты саналатын осы «Бәйтерек» құрылысында қолтаңбам бар екенін әркез мақтан тұтамын. Мен үшін қолтаңбам қалған әр ғимарат ыстық. Өйткені, ұрпағым «Астана төрінде атамның қолтаңбасы бар» деп марқайып жүреді. Бұның өзі бір бақыт емес пе?!– дейді Қылышбай Сарбупиев.
Болашағына өшпес із қалдырып, елінің даму жолында аянбай тер төгіп еңбек еткен Қылышбай Аққұлұлы бүгін де еңбектен қол үзбей теміржол саласында еңбек етіп жүр. Ал, балалары әке жолын қуып құрылысшы болмаса да өз жолдарын тауып, бір-бір үйдің егесі атанды.
Иә, Қызылқоғада балалық шағы өтіп, топырағында аунап өскен жерлесіміздің бұл ісі ұрпағы үшін ғана емес біз үшін де үлкен мәртебе. Өйткені, Астанаға жолы түсіп, «Бәйтерекке» табаны тиген әрбір қызылқоғалық бұны зор мақтанышпен айтары анық.
Гүлмира Тілегенова.