Әрбір мемлекеттің дамуында шешуші тарихи кезеңдер орын алатыны сөзсіз. Сол кезеңде қабылданған шешімдер мен жасалған іс-қимылдар бүкіл елдің алдағы уақытта, болашақта қалай өмір сүретінін, қандай бағытта дамитынын айқындайды. Өткен отыз жылдықта тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінен өткен Қазақстан бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты ойластырылған, жүйеленген реформаларды қабылдауы арқылы шешуші кезеңге өту үстінде. Елімізді түбегейлі жаңғыртудың экономикалық-әлеуметтік бағыты мен бағдарын Президент өз Жолдауында жариялаған болатын. Ол жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, экономиканың нақты секторын дамыту мәселелеріне нақты тоқталған еді. Жаңа экономикалық саясаттың іске асуы экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытудан, импортқа тәуелділікті азайтудан, ауыл шаруашылығын алға қоюдан, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы ілгерілеуден көрініс табуы тиіс. Сондай-ақ, бүгінде шынайы нарықтық қатынастарға өту, олигархиялық монополияларды ауыздықтап, олигополияны жою; еркін бәсекелестікке жол ашу, арамза делдалдықпен айналысатын алыпсатарларды, кәсіпкерлікке тұсау болып отырған қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету шаралары қолға алынуда. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан даму банкінің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына арнайы тексеріс жүргізу, тиімсіз қызметтерді қысқарту; мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салуды тоқтату бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Сол сияқты, ауыл шаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру; кедендік қызметтің тазалығы мен ашықтығына, тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу, оның ішінде қазақ-қытай шекарасында орын алып отырған экономикалық-контрабандалық қылмыстарды жою; негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою (әсіресе үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және оны «ӨКМ Операторы» жүзеге асыруын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырды); халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі стихиялық көші-қонды реттеу және басқа да өзекті мәселелер шешімін табуда. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласы дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшірілуде. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілінің енгізілуі де – қажетті шаралардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижелерін өңірдің экономикалық даму көрсеткіштеріне қарап бағалауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жаңғыртудың ойдағыдай орындалуын қамтамасыз ету – баршамыздың міндетіміз. Райхан Мугауина, магистр, аға оқытушы