Қызылорда қааласында өткен Ұлттық құрылтайдың басты жаңалығы елімізде орын алатын саяси реформалар екендігі түсінікті. Соның ішінде баса назар аударатын дүние – еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарған Қазақстан Халық Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай бірігіп, Қазақстанның Халық Кеңесін құрамына кіруі.
Бұл хақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын» деді. Сонымен бірге, Халық Кеңесі басқа елдердегі консультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді. Құрылтайдан түйген тағы бір дүниеміз еліміздің Парламентіне қатысты да біраз өзгеріс орын алады. Атап айтқанда, бұдан былай Парламентті Құрылтай деп атап, бір палаталы қылу жайлы мәселе көтерілді. Онда депутаттар саны 145 болып, олар сайлауда басым дауыс алған партиялардың тізімі арқылы халық қалаулысы бола алады. Сонымен қатар, мемлекеттік хатшы лауазымы алынып, вице-президент деген жаңа қызмет іске қосылады. Бұдан басқа болашақта Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша да бірқатар өзгеріс болады. Бұл саяси реформалардың бәрі заман талабынан туындап отырған мәселе. Себебі, әлем бір орында тұрмайды. Күн сайын құбылып жатқан әлемдік саясатқа біз де ілесіп, заманға сай жаңғырып отырғанымыз абзал. Осы ретте, аталмыш ұсыныстарды жүйелеп, зерттеп, бір ізге түсіретін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған комиссия құрамына елімізге белгілі заңгерлер, ғалымдар, түрлі саланың өкілдері енгізілді. Ендеше, алдағы уақытта орын алатын саяси реформалар дамудың жаңа сатысын айқындайды деп есептеймін.
Альберт АҚҚАЙНАНОВ,
«Аmanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы



