Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда.
Бұл ретте, «Ауыл аманатының» аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі - «Тауарлы несие»бағдарламасына ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтті.
Онда “ Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысының Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек» деген болатын. “Тауарлы несие” арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігерін, табыс табуға деген қызығушылығын арттыра аламыз. Ендеше, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын аталмыш шаралар ел игіліне қызмет еткені халықтың әл-ауқатын арттыра түсетіні сөзсіз.
Алтынзер БАЙМҰРАТОВА, Қызылқоға ауданы бойынша “Атамекен“ кәсіпкерлік палатасының филиал директоры