Ел тарихының жарқын көрінісі – еліміздің егемендігінің жария болғандығы екені даусыз. Өйткені, халқымыздың басынан көптеген зұлмат жылдар, ашаршылық, тоқырау, соғыс, бодандық қамыты барлығы өте шықты. Осылай айтуға жеңіл болғанымен, қазақ халқының көрген қиыншылығы жүректі қан жылатады.
резидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «25 қазан – Республика күні» бекітуі көпті таңғалдырды. Тіпті, бұл күн мереке ретінде көпшіліктің есінде жоқ екендігін көрсетті. Көбі Тәуелсіздік күнімен шатастырып жатты. Бұл дұрыс емес. Себебі, 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация елдің болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді.
Елдің егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет Қазақстан Республикасының негізі қаланды.
Иә, шынымен де қазір жаңа Қазақстанның көркіне көз тоймайды. Елдің де әлеуметтік әлеуеті көтеріліп, кәсіпкерлік саласы дамып, әртүрлі нысандар бой көтеріп ерекше рең беруде. Демек, ұлттық мерекенің әсері де ерекше болмақ деп ойлаймын.
Тасқынбай БАҚ,
Жангелдин мәдениет үйінің директоры