Бұрын 25 қазан – «Республика күні» болып атап өтілетін. Мемлекеттік мереке болғасын халық бұл күні жұмыс істемейтін. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» заңы түзетіліп, аталмыш мейрам мерекелер күнтізбесінен алынып тасталды.
Жалпы, еліміздің бүгінгі ахуалы көз қуанарлық. Ұрпағымыз білім алып, еңбек етіп, әртүрлі салада өз бақтарын сынап, шет елдермен жарыса қарыштап жатқаны жүректі елжіретеді. Ал, ұмыт болуға айналған бұл мерекенің маңызы тіптен ерек. Бұл мереке ұлттық мереке болып саналады. Өйткені, қазақ халқының өз алдына мемлекет боп бет бұруының алғашқы қадамы болатын. Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланса, ол жарлыққа Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған еді. Сол күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің No307-XII Жарлығымен «Қазақстан Республикасының егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Онда еліміздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Бұрын қандай ма мереке болмасын, алдын ала қызу дайындық бастап, барлық іс-шараны өз қолымызбен дайындап, ерекше көңіл-күйде болатын едік. Мерекенің мән-маңызын жете түсіну үшін оны кеңінен насихаттау керек. Өйткені, сонда ғана біз ұрпағымызға өз тарихымызды, болмысымызды, ұлттық құндылықтарымызды дарыта аламыз.
Құмар Хасанов,
Білім саласының ардагері