«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті һәм тәртіпті ұстаса, мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен әрбір азаматтың құқықтық санасы мен мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Бұл ретте, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында:
“Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ, бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек” деді.
Сондықтан да барша азаматты еліміздің дамуы жолында адал болып, заң талаптарын қатаң сақтап, әділетті қоғам орнатуға үлес қосуға шақырамын.
Айдын БАЙНАЗАРОВ
Қызылқоға аудандық сотының төрағасы