Экологиялық сана дегеніміз – ағаш отырғызу мен қоқыс жинаудан әлдеқайда кең ұғым. Ол – қоғамның өзін-өзі тәрбиелеуі, болмысын байыптау, ұрпаққа қалдырар саф табиғат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы – осы тәрбиенің жарқын мысалы дер едік.
Осы жоба аясында «Жасыл аула» акциясы ұйымдастырылып, барлығы 17 мың ағаш отырғызылды. Сондай-ақ орындықтар мен гүлзарлар да тазартылды. Игі шара көппәтерлі үйлердің есік алдын көгалдандыруға әрі эстетикалық келбетін көркейтуге бағытталған. Абаттандыру жұмыстарына 50 мыңға жуық тұрғын атсалысқан.
Айта кетейік, былтыр басталған «Таза Қазақстан» акциясы бүгінге дейін ел көлемінде 6,2 миллион адам қатысып, ел тарихындағы ең ауқымды экологиялық іс-шара болып тарихта қалды. Нәтижесінде 1,1 миллион тонна қоқыс жиналып, 1,6 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ал заңсыз 4 800 қоқыс алаңының 91 пайызы жойылды. Telegram желісіндегі @TazaQazBot арқылы 10,7 мың өтініш түсіп, соның 9,7 мыңы шешімін тапты. Бұл – ел азаматтарының табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанының дәлелі.