Атырау қаласында 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық және кәсіптік білім берудің үздік үлгісін көрсетіп келе жатқан APEC PetroTechnic Жоғары колледжінде баспасөз туры ұйымдастырылды.
Шара барысында БАҚ өкілдеріоқу орнының заманауи инфрақұрылымымен және өндірістік оқыту жүйесімен танысты. Колледждің оқу үдерісі халықаралық және ұлттық стандарттарға сай жүргізіледі.
Студенттер мұнай ісі полигонында, цифрлық прототиптеу зертханасында (Fablab), электромонтаж және КИП шеберханаларында, дәнекерлеу цехында, химия және физика зертханаларында тәжірибеден өтеді.
Колледж OPITO, IWCF, Certiport сияқты халықаралық ұйымдардың аккредитациясы мен сертификаттарына ие. Бұл студенттердің әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие болуына жол ашады. Баспасөз туры барысында колледждің оқу-өндірістік базасы, студенттік медиаорталық, EuroSkills чемпионатындағы студенттік жобалар, сондай-ақ табысты түлектердің тәжірибелері көрсетілді. APEC PetroTechnic колледжі Испания, Швейцария, Қытай сынды елдердің оқу орындарымен серіктестік орнатып, білім алушыларға шетелдік тағылымдамалар мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынады. Айта кетейік, қазіргі таңда колледжде 350-ге жуық студент білім алуда, олардың арасында техникалық және инженерлік мамандықтарға қызығушылық танытқан жастар саны артып келеді.
APEC PetroTechnic – өңірдегі техникалық және инженерлік мамандарды даярлайтын жетекші оқу орны. Биыл колледжге 1000-ға жуық талапкер құжат тапсырған. Нәтижесінде 350 студент оқуға қабылданды: 225-і грант негізінде, ал 125-і ақылы бөлімге түскен.