Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АСЫЛ АНА

Біз бір бабадан тараған үш атаның ұрпағымыз.

Әке-шешеміз кенже ұл Ақсереннің қолында тұрады. Сол үлкен үйдің келіні, Сағида анамыз 90 жасқа толып отыр. Біз бала күнімізден «Ағайын тату болса ат көп, Абысын тату болса ас көпті» көріп, сол дәстүрге қанығып өстік. Ол үлкеннің алдын кесіп өтпеген, мінезі жібектей жұмсақ, абысын-ажынмен «ищай» деспеген, ақиық ақын Мұқағалиша айтсам «Су сұрасам сүт берген, айран берген» менің асыл жеңешем.

Тоқсан жасқа толған ананың балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келіп балалық балдәуренді бастан кешпеді десе де болады. Жастайынан еңбекке араласып, үлкендерге қолғабыс етті. Ауыр еңбекпен бойжетті. Бұл күнде тыл ардагері. Ағам мен жеңгем бір ұл, бір қызды дүниеге әкелді. 1965 жылы абысыны Ағиіс (менің шешем) егіз қызды босанады. Алдымен дүние есігін мен ашыппын. Ал екінші қызды босанарда әбден қиналыпты. Ауылда акушер жоқ, көпті көрген «дала дәрігерлері» әжелердің арқасында екінші қыз да дүниеге келіпті. Бұл 14-15 наурыз «Көрісу» күні, әрі Қуаныштың отбасында егіз қыз дүниеге келді деп ел құлақтанып, сүйіншілеп жатады. Менен 9 жас үлкен Айжан әпкем менің әжеме: «Балжанда екі бөпе бар, мен де біреуі де жоқ» дегеніне әжем «Ой, айналайын. Балжан екеуіңді бөлмейін. Біреуін сен ала ғой» деп қолына ұстатып жіберіпті. Айжан әпкем ол қызға өз есіміне ұқсатып Айман деп есім беріпті. Ал әжем келінінің егіз табатынын алдын ала болжап ұл болар ма екен деп дәметіп мені Дәмелі қойыпты. Айман өзі дүниеге қиындықпен келгеннен соң шығар, 1 айға жетпей шетінеп кетеді. Сол күннен бастап екі үйлі жан менің бетіме қара шыбын қондырмай, тал бесікте емес, аспалы бесікте өсіреді.

Әлі есімде 5-6 жасымда радиодан естіген «Мұңайма» деген әнді жаттап алып, қайырмасындағы «Жаралғандай сағыныштан» деген сөздерін өзімше өңдеп «Жаралғандай Сағидаштан» деп жеңешеме айтып берсем, ол мәз болатын.

Жеңешем өте ісмер, қазақ қыздарына тән қолөнерден кенде емес еді. Анасы Ұлмекен әжеміз киіз басу, ши тоқу, өрмек тоқудың хас шебері болған. «Ана көрген тон пішеді» демекші жеңгемде өте шебер. Көйлек, костюмдерді өзі тігіп алатын. Оюлы киіз басу сол кездегі аналарға тән қасиет. Абысын-ажын болып кезек-кезек киіз басатын. Әлі есімде жаңа жылдық шыршада әр ұлт болып киінетінбіз. Анам «Сағидашқа тіктіріңдер» деп матамызды қолымызға ұстатып жіберетін. Сол кездегі сыйластық татулық қандай еді. Біздің көңілімізді қалдырмай жағасы мен жеңін шілтерлеп, етегін бүрмелеп би көйлек, оюлап кеудеше, күміс теңгелерді тізіп сәукеле тігіп беретін. Менің 8 жасымда қызы Айжан қалаға оқуға, ұлы Мереке әскерге кетті. Қожағали көкем совхоздың шаруасымен үйде жиі болмайтындықтан жалғыз қонуға қорқып, мені әжемнен сұрап алады. Құнан көрпені жамылып, қойнында өстім. Ол әрі жеңешем, әрі екі ананы тел еміп өскендіктен, шешем десем де болады. Мен Целиноградтан техникумды бітіріп келгенімде қызыл дипломның көрімдігіне құлағыма алтын сырға таққан да Сағидаш жеңешем.

Өзі аңғалдау, сенгіш. Бірде қой сойып, етін аулада жіпке іліп жатқанын түнгі кинодан шығып, жеңгесінің күрең шәйін ішіп кетуге келе жатқан қайнылары Аманжан мен Тынышбай байқап қалып, тасада тығылып, бақылап тұрыпты. Етті жіпке іліп, табағын астына қойып, үйге кіріп кеткен бойда екі қайнысы етті алып кетіп қалады. 10 минуттан кейін сыртқа шықса іліп кеткен еті табағымен жоқ. Есінен танып қала жаздайды. Есін жиып абысынына келіп болған жағдайды баяндайды. Күдік көрші келіншек Ақбөпеге түседі. Себебі, ол мал сойылап жатқан кезде бір нәрсе сұрап келіп «Мына еттің семізін-ай. Ұрлап кететін екен» депті. Екі абысын бірдеңені сылтауратып Ақбөпенің үйіне келеді. Ойында ештеңе жоқ ол төрге көрпе жайып, шәй қайнатады. Сағидаш Ақбөпені әңгімеге тартып, абысыны сыртқа шығып, етті іздеп, сарай мен қораны түгел тінтіп шығады. Абысыны үйге кіріп еттің жоқ екенін ымдап, шәйді асығыс ішіп үйге қайтып келсе, аулада жоғалған еті ілулі тұр. Табағы да орнында. Өз көзіне өзі сенбей, тағы біреу ұрлап кете ме деп тездетіп етін жинап алып, есікті құлыптап алады. Бұның бәрін тасада тамашалап тұрған қайнылары абыр-сабыр басылған кезде есікті қағады. Жеңгелері қайныларына жоғалып-табылған еттің тарихын баяндайды. Олар түк білмегендей тыңдап, өздері істеген іске іштей мәз. Жеңгелеріне:

– Бұл істі бұлай жылы жауып қоюға болмайды. Ауылымызда бұрын-соңды ұрлық болған емес. Милицияға ұрлық туралы хабар беру керек,-деп ескертіп қояды. Қайнылары сыбағаларын жеп кетеді. Жеңгелері етті ұрлаған өз қайнылары екенін кейін біледі.

Халқымызда «Жапырағың жайылсын» деген жақсы тілек бар. Сол бата осы әулетке дарыған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, құдандалы болып өрісі кеңейді. Бүгінде мәуелі бәйтерекеке айналған ананың жанында немере-жиендері, шөберелері қаумалап жүр. Ана үшін бұдан асқан бақыт барма десеңізші?!

Негізі бұл мақаланы жазудағы мақсатым жеңешемнің абысын-ажынмен татулығын баса айтқым келді. Бұрын-соңды әжем мен шешемнің аузынан «Өй, соны қойшы» деген сөздер естіген болсам, Сағидаш туралы естелік те жазбас та, үш мың шақырым жерден тойына келмес те едім. Өткен жылы елге барғанымда мені бауырына қысып «Сені енді көрерме екенмін» деп жылап қалып еді. Асыл жеңешем «Жүзге жетіп, ғасыр тойын тойлауды нәсіп етсін» деп ақжарма тілегімді білдіремін.

Дәмелі ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

қайынсіңлісі

Нұр-Сұлтан қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521