«Қызылқоға» газетінде жарияланған бұл оқиғаны сол кездегі облыс орталығы Орал қаласында жұмыс істеген (ОГПУ) милиция капитаны Ахмет Көпішев баяндап берген.
Әйелдің қолы артына байлаулы, оны алға жаяу түсіріп, соңында біз атпен кешке қарай ауылға келдік. Ауылға жақындағанда адамдар, алдымыздан атып-атып шықты да, жалмауызды көріп, кейін қарай қашты. Іштерінде кәрісі бар, жасы бар. Әлгі келіншек бесігін көтеріп қашып бара жатыр. Бір уақытта қолдарына біреуі балта, біреуі күрек, айырын көтерген топ, бізге қарсы шауып екпіндеп келе жатты. Оларды мылтық атып тоқтатуға тура келді.
– Міне, сендердің қорқып жүрген «жалмауыз кемпірлерің!». Бір әйел. Осыдан шошып жүрсіңдер, сендер! Иә, бұл шын бала жейді екен. Мұны енді сендердің қолдарыңа бермейміз, облыс орталығына алып кетеміз, -деп бөлектеп, бос тұрған жертөлеге кіргіздім де, өзім анадай жерге барып жаттым. Ұйқым келмеді, әйелге түнде аздап тамақ беріп, сөйлесейін десем, сөйлесе алмайды. Жауап алайын, деп сұрақ қоямын, айта алмайды. Денесінде діріл бар. Үстінде ұзын жыртық көйлек, бұтында дамбалы да жоқ. Отырған жеріне сиіп қоя береді екен. Мал болып кеткен. Жаңағы үйдің келіншегінен іш киім сұрап алып кигіздік. Ертеңіне түске дейін сол жерде болып, аттанудың қамына кірістік. Әйелді атқа мінгізіп, екі аяғын ат бауырына қарай байладық та, атты жетекке алып жүріп кеттік. Ауыл адамдары улап-шулап, өлтіреміз де, өлтіреміз, - деп, бізді жүргізбей, тағы да аспанға оқ атуға тура келді. Жол ұзақ, екі күн бойына әйелден: – Қалай адам жейсің, қашаннан бері, неше бала жедің? – деп сұрай бердім.
Әйелдің үшінші күні кеште аздап тілі шықты. Адаммен тілдеспей, айуан болып кеткен ғой.
– Осылай да, осылай, келін аштан өлді, ол өлген соң, алты жастағы немереміз өлді, жалғыз баламыз жоқ болып кетті, қайда кеткенін білмейміз, далада өліп қалған болуы керек. Шал ауру. Содан, өлген баланы сойып, қазанға салып, қайнаттым. Шал сорпасын ішті де, жатып қалды, бір жарым күннен кейін қайтыс болды. Ұшынған болу керек, немересінің сорпасынан.
Өлерінің алдында шал ықылық атып:
– Сен өл, өл, тез өлуің керек, - деді маған.
Мен өлгім келмеді, адамның етінен тәтті ет жоқ екен, үлкендерге әлім келмейтін болған соң, бала ұрлап жеуді машық қылдым. Арық едім, саудырап сүйегім қалған, ет жинадым. Бала ұрлайтын, неше түрлі әдіс үйреніп алдым. Тіпті үйдегілер ұйықтап жатқанда жертөленің төбесіндегі терезесіне опоңай сыйып кетемін. Қолым өзінен-өзі жүгіреді, әбден ыңғайланып алдым. Бесіктегі баланың дыбысын шығармау үшін сол жерден тұншықтырып, не болмаса, кеңірдегін бармағыммен қиып жіберемін, - деді.
Осы уақытқа дейін отыз шақты бала жепті. Оны анықтауға әйелдің саусақтарын бүгіп, қайта-қайта ернін жыбырлатқаны септігін тигізді. Балаларды әр жерден әкелген, он бес-жиырма шақырым жерге дейін барыпты. Бірақ, тұрағы біз өртеген жер кепе екен.
– Осындай күйге түстім, - деді әйел. Сөзін аратұра үзіп айтады, дегенмен толық түсінуге болады. Аяқ-қолының тырнақтары өсіп кеткен, бәрін қидық.
– Жасың нешеде, - деп едім,
– Ит жылғымын, - деді.
Санап қарасақ, елу төртте екен.
– Есімің кім, есімің кім? - деп сұрап едік, ол ойланып-ойланып отырып:
– Нә-си, Нә-сипа Садық-қызы, - деді.
Сонымен, Оралға жетіп, әйелді бізге тапсырма берген жауапты қызметкерлердің қолына ұстаттық. Олар «Жалмауызды» екі-үш күн жауаптады.
Әйел:
– Маған, ажал, ажал, - деген сөзді қайталай беріпті. Үшінші күні түс қайта, үкім шығарып, оны атып тастады. Әйелдің өлімімен бірге қайғы-қасіретті оқиға да тәмәм болды...
Айгүл ЕРМЕК
Материалдың толық нұсқасын газеттің №30 санынан оқи аласыздар
фото ашық дереккөзден алынды