Өткен аптаның жексенбісі күні қыркүйек айынан бастап көрерменді дәстүрлі ән мен күйге бөлеген «Мен қазақпын» мега жобасының финалы болып өтті.
Халықаралық байқауға 54 өнерпаз телевизиялық жолдамаға ие болса, соның ішінен 9 үміткер топ жарып, финалға шықты. Осы сайыста «Күй» номинациясы бойынша бақ сынаған, сағыздық Жәнібек Жәмиев финалдық бәсекеде сахнаға алғашқы болып шығып өнер көрсетті. Ол Құрманғазының «Кішкентай» күйін көрерменге паш етіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл ретте, қазылар алқасының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков:
- Осыны көптен күтіп жүр едім. «Бұлбұл» және басқа да күйлер шығып жүрді. Ал, Жәнібек орындаған «Кішкентай» күйі үлкен әсерге бөледі. Бұл тартысқа мен өте риза болдым. Негізінен бұл күйді сары майдай сақтаған Жәнібекте қу екен өзі. Мынадай ұлы шығарманы өте әдемі тартып берді, - деді.
Сөйтіп, Атырау облысының намысын қорғаған Жәнібек Жәмиев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында «Қазақстан» телерадио корпорациясы ұйымдастырған «Мен қазақпын» мега жобасының «Үздік күйші» номинациясына ие болды. Қазіргі таңда Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка колледжінің оқытушысы болып қызмет ететін Жәнібек Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің әртісі болып қызмет атқарады. Ендеше, «Жарайсың, Жәнібек» дегеннен басқа лажымыз жоқ.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА.