Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

«Мен дайынмын!» – Жылыой ауданында мүгедектігі бар жандар жаңа кәсіп үйренуде

«Мен дайынмын!» – бұл «Біз де адамбыз» қорының «Тиімді оңалту» жобасы аясында «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асыратын қысқамерзімді курстар бағдарламасы. Бағдарлама арқылы Атырау облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар жаңа мамандықты ақысыз меңгеріп, өмірін жаңа арнаға бұра алады.

Бағдарлама қатысушыларға тек кәсіби білім беріп қана қоймай, тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған жандарға өз күшіне сенім ұялатып, қоғамдағы белсенділігін арттыруға көмектеседі. Курсты аяқтаған көптеген адамдардың жаңа мақсаттары пайда болып, кәсіби және жеке өмірінде үлкен өзгерістер орын алды.

Құлсарылық Жайнаргүл Баймешова массаж мамандығын меңгерді

 Жайнаргүл Баймешова 38жаста.  Бірінші топ көз мүгедектігіне қарамастан, Жайнаргүл Тұрғанқызы өзінің қыздарына өмірде ешқандай шектеу жоқ екенінің дәлелі болу үшін жан-жақты өмір сүруге тырысады. Жылыой ауданында өтетін концерттік шараларда ән салып, өнерімен танылса, сонымен қатар аудандық “Қазақ соқырлар қоғамының» белсенді мүшелерінің бірі болып қоғамдық өмірге де араласады. Биыл Жайнаргүл ханым осы белсенділіктерімен қатар жаңа мамандық үйренуге бел буады.

- «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры туралы «Тиімді оңалту» жобасының Жылыой ауданындағы координаторы болған бақилық Еңсепов Қайрат Байжанұлынан естідім. Қайрат ағамыз Жылыой ауданындағы мүгедектігі бар жандарды қамқорлап, әрдайым шектеусіз, белсенді өмір сүруге шақыратын. Сол ағамыздың кеңесімен қордың шараларына қатыса бастадым. Ауданда өткізген концерттерде ән шырқап, «Талшын» инклюзивті театрының ұжымымен бірге өнер көрсеттім. Кейін «Мен дайынмын» курсы туралы біліп, массаж саласын таңдап, осы бағытта оқуды сәтті аяқтадым. Бізге классикалық массаж, нүктелі және вакуумды массаж түрлерін үйреткен Кенжебаева Гүлжанат ханымға алғысым шексіз, - деп айтады ол.

Гүлжанат ханымның айтуынша, еңбек нарығында массажға сұраныс жоғары болғандықтан осы саланы таңдаған. Соның ішінде, мүгедектігі бар жандарға массаждың пайдасы зор. Мамандардың айтуынша зағип жандардың қолдары сезімтал келеді екен, сонымен қатар энергетикалық қуаты жоғары болады.

- Бұл мамандық адамдардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Сол үшін қатты ұнайды. Біреуге пайдалы болудың да өз қуанышы бар. Болашақта ем алушы пациенттеріме алған білімімді қолданып, дерттерінен құлан таза айығуына себепші болып, шипа мен тыныштық сыйласам деген арманым бар..

Жайнаргүл ханым жаңа білім пен оқу процесі өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады. Бұл мамандық өз күшіне сенуді, адамдарға пайда келтірудің қуанышын сезінуді үйретті дейді.

- Барлық мүгедектігі бар жандарға осы қысқамерзімді қатысып, жаңа мамандық меңгеруді ұсынамын. Себебі бұл мүмкіндік өзіне деген сенімді арттырады, өмірге жаңа көзқарас береді және қоғамда өз орныңды табуға көмектеседі. Бағдарламаны ұйымдастырушылар мен оқытушыларға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздер бізге тек білім беріп қана қоймай, үміт пен сенім сыйладыңыздар. Осындай қамқорлық пен қолдау бізге алға ұмтылуға, жаңа өмір бастауға күш береді.

Өткен жылдан бері «Мен дайынмын!» қысқамерзімді курстары аясында Атырау қаласы, Жылыой және Махамбет ауданынан 20-дан астам қатысушы жеке әңгімелесу мен кәсіби бағдар тестінен өтіп, өздеріне ұнайтын бағытты таңдады. Олар SMM, таргетинг, мобилография, кондитерлік іс, массаж және былғары өңдеу сынды түрлі салаларда жаңа мамандықты меңгеріп шықты. Бүгінде көптеген түлектер алған білімін іс жүзінде қолданып, таңдаған кәсібінде жұмыс істеп жүр. «Біз де адамбыз» қоры барлық мүмкіндігі шектеулі жандарды жаңа өмірге қадам жасап, өз мамандығын игеруге шақырады. Ол үшін қордың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы хабарласып, курсқа жазылуға болады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT