Иә, солай! Халелдің ставкасы тек қызылқоға-лықтардың ғана емес, алыстан іздеп келгендердің де әдейілеп баратын киелі орнына айналды.
2017 жылғы мамырдың 22-23-інде облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова бастаған Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай «Алаш тағылымы және тәуелсіздік» атты Алаш партиясының белсенді қайраткері Халел Досмұхамедовтің туған жері Қызылқоға ауданындағы Халел ставкасына, оның ата-бабалары мен рухани ұстазы Ығылман Шөрековтің жерленген жері Сорқуыс маңына тарихи экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедиция құрамында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі Халелтану оқу-зертханасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, халелтанушы доцент Ғабит Базарғалиев, осы университеттің студенті, жас өлкетанушы Заманбек Шәкіров, Атырау облысы тарихи мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдаулетов, Халел Досмұхамедов туған жердің азаматы, ғалым-зоотехник, қазір Атырау қаласында тұратын шежіреші ардагер Аманжан Мұғалімов, «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редакторы Дина Құспанова, телеоператоры Медет Әдиетов, облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Амандық Абдолов, облыстық архивтің маманы Рима Каримова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ерлан Тілекқабылов, Айсана Бағытжанова, Қалыбек Өтешев, Айнұр Пернеқұлова және халелтанушы мен – Төлеген Жаңабайұлы болды. Қасымызда жер көрсін, ел көрсін деп ертіп шыққан Рашида Ерімқызының кішкене ұлы Бекарыс та бар.
Экспедиция құрамы әуелі Қызылқоға ауданының сол кездегі әкімі Мақсот Мұқановтың қабылдауында болып, келген мақсаттары туралы баян етті. Мақсот Сайполұлы өз кезегінде «Атырауда, әсіресе, қаймағы бұзылмаған қақпақты қара қазан атанған Тайсойған өңірінде, Қызылқоға ауданында тарихи орындар жеткілікті. Оның бәрін біліп ғана қоймай, сол күйінде зерттеп, зерделеп кейінгі ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Осындай мақсатпен келген әкспедиция мүшелеріне оң сапар тілеймін» деген тілегін жеткізді.
Аудан орталығынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жаубасар Мұқанбетов, аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеновтердің жол бастауымен мақсат еткен сапарымызды бастадық. Ойыл өзені суының Жарыпшыққанға құятын сағасына тосқауыл ретіндегі «Бес есік» көтерме бөгетінің (дамбаның) Тайсойған құмы бетіндегі көктемгі су тасқынынан кейін қалпына келтірілмеген құйылысындағы өткелектен әуелі машиналарымызды өткізіп, өзіміз де бір-бірлеп өтіп, жолымыздың бағытын түзеп алдық. Көбіміздің, әсіресе, жастар жағының бұл байтақ құмды алқапқа алғашқы аяқ басулары болғандықтан қызықтырмайтын нәрселері кемде-кем. Жападан жалғыз тұрған «Сорқуыс» мекені біздің бағдар тұтар бірден-бір нүктеміз. Негізінен осы қыстауға таяу жердегі Халелдің ата-бабалары мен ақын Ығылман Шөрековтің о дүниедегі мәңгілік мекеніне айналған қауым басында әңгіме қызулы өріс алды. Осы жерде сан қилы сұрақтар туындады.
– Бұл қауымда Халел атамыздың ең жақын тума-туыстарынан кімдер жатыр?
– Осы аймақтың негізгі тұрғындары кімдер болған?
– Олар қашан, қайда көшіп кеткен?
– Халыққа білім беретін қандай оқу орындары бар еді? Әрине, бұл сауалдардың барлығына тиянақты жауап қайтаратын көне көз қариялар, біздің құрамда Алдардан тараған тікелей туысқандары да жоққа тән. Біраз жылдан бері зерттеп жүрген мен де, шежіре ағамыз Аманжан Мұғалімұлы да, Ойыл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Алдар әулетіне жиен Мереке Айжарықов та, халелтанушы ғалым Ғабит Базарғалиев те, Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексенов те өз білгендерімізді хал-қадірімізше ортаға салдық. Құрамдағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Амандық Абдолов пен Дина Құспанова өз алдына, ал студент Заманбек Шәкіровтің білгісі келетіндері бастан асады. Сұрақ үстіне сұрақ балалатады. Білікті ғалымдар, тағылымды тәрбиешілер бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салып жіберсе, өзі ізденісін арттыра түссе келешегі кемел жігіт.
Әрі қарайғы еспе құмды, ойлы-қырлы жолдардан орғып-орғып асып, негізгі нысанаға алған жерімізге жеттік. «Халелдің ставкасы» аталған белгі төңірегі жатаған құм төбелерге толы. Әрбіреуінің өз атауы бар. Экспедиция құрамы ставка белгісінің қасында топтасып суретке түсіп, әрі қарай бірім-бірім болып маңайын аралауға кетті. Тайсойған құмында шөп біткеннің барлық түрі бар. Қыздар жағы әрбі-реуінен бір-бірден түптен үзіп алып, шоқ-шоқ гүл секілді уыстарына сыйғанша толтырып алған. Құдды гербарий үшін жинап жүргендей. Жәдігерлік заттар да іздестіреді. Оған, әсіресе, Рашида Ерімқызы бастаған музей қызметкерлерінің құлшынысы жоғары. Тайсойғаннан оралған күннің ертесіне экспедиция құрамы Миялыдағы Халел Досмұхамедов атындағы орта мектептің мұражайын аралап, Халелге қатысты жәдігерлерді көріп, мектептің кең залында оқушылар мен ұстаздар қауымының, ардагерлер мен ауыл тұрғындарының қатысуларымен бас қосу өткізді. Алашорданың құрылғанына ғасыр толуына орай және Халел Досмұхамедовтің қайраткерлік, ғалымдық, ағартушылық және дәрігерлік қызметтерін қамтыған бірсыдырғы әңгімелер қозғалды. Мектептегі кездесуге жал-ғас аудандық мұражайдың жәдігерлерімен танысуға да уақыт бөлінді. Экспедиция мүшелері, әсіресе, бұрын бұл аймақ топырағына аяқ баспағандары атын естіп, затын көрмеген Тайсойған құмының келбетін, шалғай ауданның тыныс-тіршілігін өз көздерімен көргендеріне, алаштың айтулы азаматы Халел Досмұхамедовтің табан іздері қалған өңірді аралап, мағлұматтарын кеңейткендеріне риза болысып, кері қарай Атырау қаласына маңдай түзедік. Бұдан төрт жылдай бұрын Халел Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай келіп, аралағанымды, аудан орталығында ғылыми-тәжірибелік көнференция өткізуге қатысып, баяндама жасағанымды есептемегенде, кейінгі екі жылдағы осы құйқалы атырапқа келген бірінші сапарым еді. Бұл келіске экспедиция құрамында болуымның ықпалы тиді. Қанша келіп-кетсем де тауыстырмайтын құпиясын қашан ашып бітер екенмін деймін. Әй, қайдам?!
Бір ескеретін жайт бар, ол Халел ставкасының орнының Ресей картографтары 1940 жылы жасақтаған картаға енгізілгендігі. Ставка деп анық көрсетілген. Ол картадағы нүкте қазіргі тұрған орнынан басқа, оңтүстік шығыс тұста, біз бұдан жиырма сегіз жыл бұрын көрген орнымызды нұсқап тұр. Екі арасы тікесінен есептегенде шамамен 1,5 шақырымдай қашықтыққа жетер-жетпестей. Сондықтан, Халел Досмұхамедовтің туғанына 110 жыл толу мерейтойын атап өту қарсаңында нақты білмейтін адамның көрсетуімен асығыс қойылған белгіні өзінің негізгі орнына көшіріп апару әрекеті басталды. Осы мақсатпен құрамында Атырау облысы тарихи мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұқанбетқали Қипиев, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Атырау облысының тарихы, этнографиясы және археологиясы ғылыми-зерттеу орталығының директоры (қазір облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры), тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар және мен – Төлеген Жаңабайұлы болып Қызылқоға ауданына барып, аудан әкімі Арман Баженов, аудан әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали, аудандағы «Нұрлы дала» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Сармановтармен бірге Тайсойған құмындағы Халел Досмұхамедұлының ата қонысын араладық. Қазіргі заманғы техникалық құралмен (GPS-пен) ставканың байырғы орнын табуға әрекет еттік. Құмды өңірдің кейпі бұрынғы біз көргендегіден едәуір өзгеріп кеткен. Айнала жыңғыл жынысына толы. Ставканың қазіргі белгісі тұрған жерде алдымыздан шығып, киелі орынды қосыла іздескен Ойыл ауылдық округінің бас маманы Абат Ақбалашұлы мен ауыл тұрғыны Кенесары Ортановпен бірлесіп көп жайттың ұшығын шығарысып, анық-қанығына жеттік. Шын мәнінде, ставка белгісінің қазіргі тұрған орны кейіннен салынған малшының жаздық мекенінің табаны болып шықты. Мен техникалық құралдың (GPS-тың) бастап бара жатқан жағы емес, оңтүстік шығыс жаққа бағыт ұстауымызды нұсқаған едім. Бірақ, техникалық құралға еруді жөн санаушылар басым болды да біршама бұрыстау бағытқа кетіп, уақыт оздырып алдық. Барған ізімізбен кері оралып келе жатқанымызда Мұқанбетқали Қуанышқалиұлы:
– Дұрысы, Сіз ұстаған бағыт болып шықты, - деп мойындап алдыңғы түспеген жолымызды көрсетті.
– Анау тұрған жасыл жапырақты терек түбінде Шәріп қыстауы бар, оның оңтүстік батыс бетінде Байділданың мекені. Іргесінде Халел ставкасы, беріректе Айнакөлдің табаны, әрілеуде Жарыпшыққан өзені,– деп өз білетінімді айттым. Шындығы да солай болып шықты. Бұл келесі экспедиция құрамымен бірге осы өңірге былтырғы жылдан бергі екінші сапарым еді.
Енді үшінші сапарымды да қалдырмай айта кетейін. Жыл басы қашанда қызық-думанға, сан алуан шараларға толы болады ғой. Кейде тосын оқиғалар да кездесіп қалатыны бар. Сондай жайттардың біріне Алматыдан әдейілеп келген жерлесіміз, белгілі жазушы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Президент сыйлығының лауреаты, қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын Мереке Құлкенов 2018 жылғы ақпанның 22-сінде бізге – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбілхан Төлеуішев және «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Баязи Әбдешев үшеумізге Қызылқоға ауданына, Халел Досмұхамедұлының ата қонысына бірге барып қайтуға қолқа салды. Халел туралы көлемді шығарма жазып жүрген жазушының бұл өтінішін сол тұстағы денсаулығымдағы кінәратты сылтау ете алмай мен де тәуекелге басып алыс сапарға шығушылар қатарына ілестім. Бұдан ширек ғасырдан астам бұрын да осы өңірге Мереке Әбдешұлымен бірге келіп, Халелдің табан ізі қалған жерлерді көзбен көріп қайтқанбыз. Бұйра-бұйра құмдарға, арналы ашықтарға, жазира жазықтарға жанарымызды қанықтырғанбыз. Жазушы, сірә, сол аймақты тағы да бір аралап, жазу үстіндегі романын тың деректермен, уәжді дәйектермен толықтыра түсуді, табиғаты мен атырабын қайталай көз сүзгісінен өткізіп, шолып шығуды мақсат еткен, бұрынғы көргендерін, ойға тоқығандарын тағы да бір пысықтап алғысы келген тәрізді.
Екі жеңіл автомашинамен Атырау қаласынан шығып Индер ауданының орталығы арқылы Мереке Құлкеновтың туған жері Қарабау ауылына соғып, оның арғы жағындағы бір кезде Тайсойған құмына сұғына орналасып, қоныс еткен ескі Қызылқоға қалашығының ізін, баяғы аты шулы Көкжар жәрмеңкесінен кейінгі ірі сауда-саттық орталығы болған Қызылқоға жәрмеңкесінің табанын көріп, Қызылқоға ауылдық округінің әкімі Қанат Қайруллиннің бастауымен оңды-солды араладық. Қасымыздағы қаладан бірге шыққан аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов бізді қоса ала отырып, жер бедерін суретке түсірді. Баяғы ескі Қызылқоға қалашығы мен аты шулы жәрмеңкенің орындарын бүгінде шағыл басып, ойқыл-шойқылды төбешіктерге айналдырған.
Осы маң Жанша мен Халел Досмұхамедовтер жетекшілік еткен Күнбатыс Алашорда әскерінің ақтардың Елек корпусының генерал-лейтенант В.И.Акутин басқарған армиясын талқандап, 1500 солдатын тұтқынға алған, қиян-кескі ұрыс болған өңір екендігін, алаштықтардың әскерін басқарғандар ескі Қарабаудан 12 шақырым қашықтықтағы Арыстанның қыстауын бірер күндік уақытша штаб еткендігін еске алыстық. Бұдан әрі байтақ құмды алқапты қақ жарып, ирек-ирек кезген сар жолмен Тайсойған ауылына ат басын бұрғанымызда жолшыбай түсі көкшіл, қайқайған ұзын құйрықты, үлкен мысыққа ұқсас аң көрдік. Нендей мақұлық? Біле алмадық. Жол жиегімен маң-маң басып кетіп барады. Машинадан тіпті де сескенбейді, кісіден де қыңбайтын сыңайлы. Бұл туралы осы Тайсойғанның төл баласы, облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сейілхан Мирашевқа телефон соғып айтқанымда ол:
– Жабайы мысық қой. Ол біздің құмда көп-ақ. Ауыл иттеріне жау. Желкесіне мініп алып, тамағынан тістеп өлтіре береді,- деп мән-жайды түсіндірді. Тайсойған орталығынан әрмен қарай ауылдық округтің әкімі Әділет Шаймарданов, бытқылды өңірдің ұңғыл-шұңғылын жетік білетін жол бастаушы жігіттер Теміржан Исаев, Төлеген Шманов, Асылбек Серікбаевтар Сұлтануәйіс әулиенің ежелгі мекенінің іргесінен жанай өтіп, андыздаған жыңғыл мен өркеш-өркеш құм төбелер арасымен Халел ставкасының белгісі тұрған жерге жеткізді. Ставка белгісінің басында тұрып бұрынғы Энгельс атындағы кеңшардың атақты шопаны, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, қазіргі жасы 80-нен асқан құрметті зейнеткер Аяш Исаевтың ұлы Теміржан: – Біз осы өңірде мал жайладық. Мына Шәріптің, Байділдәнің қыстауларын жақсы білеміз. Жеке меншік малдарымыз қазір де осы төңіректегі отты алқапқа келіп жайылады. Бұл араға малымызды іздеп жиі келіп тұрамыз, - деп иек астында тұрған оңтүстік шығыс беттегі ауылдардың орындарын нұсқады. Шәріп талы айқын көрініп тұр. Есіме бұдан ширек ғасырдан астам бұрынғы келгендігі көргендеріміз, ставка орнында болған сәтіміз, Шәріп қыстауының орнынан тоттанған қақпан тапқаным түсті. Әрідегі Сағат терегі, Итекі құмы, Еркінғали, Кемерсай мешіттері, Дәріқожа, Шүйіншәлі мекендері, берідегі Мәкеннің көк шоқысы, Байділдә шағылы, Жарыпшыққан өзені бойындағы Жақия шүңейті көңілде сайрап жатыр еді. Уақыт өте бәрі көмескіленіп, ойдан шығып бара жатқан сияқты. Сар миялы тепсеңдер де өз өңдерін өзгерте бастағандай.
Ставка белгісінен шығып көш жердегі Халелдің ата-бабалары мен ақын Ығылман Шөрекұлының зираттары бар Сорқуыс қауымына ат басын бұрдық. Ойыл ауылдық округінің әкімі Мағжан Жексенов бұл араның жай-жапсарымен таныстырды. Қауымда ескі құлпытастар бірен-саран ғана емес, жеткілікті-ақ. Өткен дәуірлердің куәгерлеріндей соқайып-соқайып, құпияларын іштеріне бүгіп маңқиып тұрғандарын қайтерсің. Қабірлердің өздері жермен-жексен. Болмашы іздері жатыр. Ескерткіш тастағы жазулар баяғы араб, шағатай қаріптерімен жазылған. Қайсылары Халелдің ата-бабалары екендіктері айыртпайды. Көне жазуларды оқитын білікті кісіні күтіп, тілі жоқ жәдігерлер момақан күй кешулі. Күндері жеткенде олар да құлап тынатын шығар. Обал-ақ. Келіп жеткен түн қараңғысын жамылып, артымызға қарайлай-қарайлай аудан орталығы Миялы ауылына қарай бастаған ескі сүрлеуге түстік. Маған соңымыздан манағы қаптаған ескерткіш тастар мұңдана қарап тұрған сияқтанды.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
жазушы, өлкетанушы,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.
Суреттерді түсірген: Бауыржан Сисенов