Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ХАЛЫҚ ПЕН БИЛІКТІҢ ДӘНЕКЕРІ

Биыл Тәуелсіздік алған еліміздің қоғамдық-саяси, өмірін жаңғырту, заман талабына сай өміршең де, тың реформалауды жүзеге асыру, елімізде демократиялық құндылықтарды терең енгізуге зор үлесін қосып келе жатқан жергілікті мәслихаттарға 30 жыл толып отыр.

10 желтоқсан 1993 жылғы «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңына сәйкес 1994 жылдың наурыз айында мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасында бірінші рет облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар құрылды.

Мәслихат - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы, жергілікті өкілді орган. Бүгінгі күні ауданымыздың қоғамдық өмірінің барлық саласындағы маңызды мәселелерді шешуде үлкен тәжірибе жинақтаған Қызылқоға аудандық мәслихатының І сессиясы 1994 жылдың 18 наурызында өткізілді. Бір жылдан кейін Республиканың жаңа Конституциясын қабылдау, қос палаталы Парламенттің Жоғарғы Палатасы – Сенат депутаттарын сайлап, қалыптастыру сияқты саяси маңызды жұмыстардан бастау алған аудандық мәслихат өзінің құзыреті шеңберінде ел дамуының барлық өткен кезеңде билік пен халық арасындағы берік дәнекер, берекелі байланыстың тетігі болып келеді. Сол уақыттан бері депутаттардың алты шақырылым сайлауы өтіп, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттілігі кеңейіп, жыл санап қоғамдағы рөлі артуда. Осының нәтижесінде, қазіргі таңда аудандық мәслихат депутаттары қызметі халық тарапынан лайықты бағаланып, тұрғындардың толық сеніміне ие болды.

Аудандық мәслихаттың І шақырылымы еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарына сәйкес келгендіктен, негізгі міндет – ел экономикасын көтеруге, соның ішінде шағын және орта бизнесті өрістетуге бағытталды.

Бұл ретте, Нұрлан Қабылов, Самиға Есқалиева, Мұратбек Асанғалиев, Аманбай Жұмашев, Мыңбай Жарылғаған, Аманқос Сабыров, Оңғар Жанықұлов, Абдол Ермұханов, Елтай Жұмағалиев, Оңдасын Ағырапов, Құлмағанбет Қоданов, Амангелді Сапаров, Әбдеш Бисенов, Жасан Есқайыров, Қуанғали Имашевтар I шақырылымның депутаты болды.. Алғашқы мәслихаттың хатшысы болып Аманқос Сабыров сайланды. Аудан халқы арасында беделді, көп жыл ауданның әлеуметтік салаларында басшылық қызмет атқарған Аманқос Сабырұлы алғашқы мәслихаттың жұмысын сара жолға қоя білді. Аудандық мәслихат жергілікті ауылдық, селолық округтер бойынша кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған кешенді бағдарламалар қабылдады.

Cондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, жергілікті бюджетті қалыптастыру мен шығындары, ауданның байланыс саласының дамуы, электр жүйесімен қамту және тағы да басқа мәселелер жөнінде маңызды құжаттар қабылдады. Еліміздегі саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістер, меншік жүйесі мен шаруашылық қатынастардың түбірімен өзгеруі, 1993 жылғы су тасқынының зардаптары халықтың әл-ауқатына қатты өзгерістер әкелді. Аудандағы әлеуметтік нысандардың жабылмай, сақталып қалуында да халық қалаулыларының еңбегі ерекше. Осы кезеңде елде алғашқы нарықтық қатынастарға негізделген 5 өндірістік кооператив, 1 толық серіктестік, 70 шаруа қожалығы құрылды. Өндіріс көлемін ұлғайтуда 1994 жылы ашылған «Қайнар» мұнай-газ өндіру басқармасы үлкен үлес қосты. Елімізге қиын кезеңдерде ел сеніміне ие болған, жұдырықтай жұмылып, халықтың жоғын жоқтаған, алауыздыққа жол бермей, елдегі демократияның өркендеуіне үлес қосқан алғашқы 15 депутаттың бірқатары бүгінгі күні арамызда жоқ.

Ауданның алғашқы мәслихат хатшысы Аманқос Сабыров, өз кезеңдерінде елге адал қызмет еткен, түрлі мінберлерден халықтың жоғын жоқтаған ардақты азаматтар Әбдеш Бисенов, Абдол Ермұқанов, Елтай Жұмағалиев, Аманбай Жұмашев сынды азаматтардың есімдері аудан тарихында мәңгі сақталмақ. Аудандық мәслихаттың ІІ кезеңі тәуелсіз еліміздің экономикасы дамып, инфляция тұрақтанған кезбен сәйкес келді. Аудандық мәслихат хатшысы болып, көп жыл ауданның партия органдарында басшылық қызмет атқарған Хамит Әубәкіров сайланды. Оның іскерлігі, құжаттармен жұмыс жасаудағы ұқыптылығы аудандық мәслихат жұмысына тың серпін берді. Аудандық мәслихат сессияларында сол кезеңнің өзекті мәселелері: мал шаруашылықтарын жекешелендіру, кәсіпорындарды оңтайландыру, тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсету, халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелерінде бірқатар шаралар жүзеге асты. Мәслихат жұмысында тұрақты комиссиялардың рөлі артты. Аудандық мәслихатқа аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясы штаты беріліп, жұмыстың ауқымы кеңи түсті. Осы шақырылымның депутаттары Мәлік Сүлейменов, Қуаныш Айтжан, Рысбике Байдәулетова, Ғапура Жанбосынова, Төлеген Жасимов сынды депутаттары өз округтерінің тыныс-тіршілігін жіті зерттеп, сессия мәжілістерінде тұжырымды пікірлерін ортаға салып отырды.

2000 жылдың шілде айында өткен аудандық мәслихаттың VІ сессиясында ІІ шақырылым депутаттары Мәлік Сүлейменов, Бақытжан Берікқали, Рысбике Байдәулетова, Құлмағанбет Қоданов, Елтай Жұмағалиев, Ғафура Жанбосынова, Хамит Әубәкіров, Абдол Ермұханов, Айтжан Қуаныш, Самал Жексенғалиева, Төлеген Жасимов, Оңғар Жанықұловтар болып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына Тайсойған сынақ алаңын жабу жөніндегі бастаманы қолдау жөнінде үндеу жариялап, ел тарихындағы тағы бір зардап алаңының жойылуына қозғау салды. ІІІ шақырылған аудандық мәслихат 2003-2007 жылдары жұмыс жасады. Еліміздің қарқынды дамуы, барлық саладағы үлкен реформалық өзгерістер, стратегиялық жоспарлармен тұспа-тұс келді. Сол тұста Елбасы өз жарлығымен «Ауыл жылдары» атты 3 жылдық бағдарламасын жариялады. Халық қалаулылары өз жұмыстарын ауданның барлық елді мекенін аралап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен танысудан бастады. «Жасыл ел», «Мәдени мұра» секілді мемлекеттік бағдарламалардың аудан көлемінде жүзеге асуы депутаттардың назарында болды.

Сондай-ақ аудандық мәслихат сессияларында «Жер туралы», «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңдардың аудан көлемінде жүзеге асуы туралы мәселелер тыңдалды. Жұмыссыздықты жою үшін ауылшаруашылық құрылымдарын қалпына келтіруге де осы шақырылым депутаттары зор ықпал етті. Осы кезеңде аудандық мәслихаттың ІІІ шақырылым депутаттығына Алтыбай Арыстанғалиев, Мәлік Сүлейменов, Қуанышқали Оразғали, Құлмағанбет Қоданов, Оңғар Жанықұлов, Толқын Бейсқали, Талғат Базарбаев, Мыңбай Жарылғаған, Елтай Жұмағалиев, Бақтыбай Әжіғалиев, Ғалымжан Имандосов, Ақылбек Тәжіғұлдар сайланды. Ақылбек Тәжіғұл басқаратын ауданның байланыс саласы үлкен жетістіктерге жетіп, елді мекендерінде соңғы технологиямен жабдықталған сандық телефон байланысы стансалары орнатылды. 2006 жылдың 17 ақпанында өткен аудандық мәслихат сессиясының шешімімен Тайсойған ауылдық округі құрылды. Осы жылдың 20 қазанында аудандық мәслихат депутаттары тұңғыш рет аудан әкiмін сайлады. ІV шақырылған аудандық мәслихат депутаттары Қуанышқали Оразғали, Оңғар Жанықұлов, Сафура Сарсенгалиева, Лес Жолдиев, Ақылбек Тәжіғұл, Дамеш Есқуатова, Тілекқабыл Ғұбайдуллин, Мәлік Сүлейменов, Саламат Есқайыров, Құлмағанбет Қоданов, Нұрлан Бекешов, Талғат Әбдуалиевтар ауданда жасалған үлкен істерде өз қолтаңбаларын қалдырды. Осы кезеңде ауданның елді мекендері газдандырылып, ауданда ауыз су мәселесі шешімін тапты, Сағыз-Миялы тас жолы іске қосылды, ауылішілік жолдар салынды.

Осы жұмыстардың сапалы атқарылуын аудандық мәслихат депутаттары бақылауда ұстады. Сессия мәжілістерінде сол кездің өзекті мәселелері «Қызылқоға ауданында туберкулезбен күресті күшейту жөніндегі 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаның орындалысы», «Ауданда жұқпалы мал ауруларының алдын-алу», «Сағыз Петролеум Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аудандағы қызметі туралы» мәселелер қаралып, шешімдердің орындалысы бақылауда болды. Аудандық мәслихаттың ІІІ, ІV шақырылым депутаттары Мыңбай Жарылғаған, Ақылбек Тәжіғұл, Дәмеш Есқуатова, Саламат Есқайыров, Нұрлан Бекешов, марқұм Алтыбай Арыстанғалиев, Лес Жолдиев сынды халық қалаулылары өз кезеңдерінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосты, мәслихат сессияларында келелі пікірлерін ортаға салып, сессия шешімдерінің орындалуына атсалысып отырды.

Аудандық мәслихаттың V шақырылымында депутаттар қатары Батыл Қосжанов, Аслан Есенжанов, Алмас-болат Қарабалин, Мырзабай Борашев, Тілекқабыл Ғұбайдуллин, Альберт Аққайнанов, Абат Құтжанов, Ғабидолла Жақсы, Рашид Агиюев сияқты азаматтар мен жаңарды. V шақырылым депутаттары сессияларда «Аудан бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асуы», «Ауданда қоғамдық тәртіп сақтау және қылмыстың алдын-алу шараларының атқарылуы туралы», «Аудан көлемінде ветеринариялық жұмыстардың орындалысы туралы» және тағы да басқа мәселелерді қарап, кемшіліктерді жоюға бағытталған шешімдер қабылдады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес еліміздің тарихында алғаш рет 2013 жылдың тамыз айында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Мәслихат депутаттары арқылы аудан, ауылдық округ әкімдерінің сайлануы мәслихаттың рөлін одан әрі арттырды. Заң талаптарына сәйкес, аудандық мәслихат депутаттары содан бері жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы ауылдық округ әкімдерін сайлап келді. Аудандық мәслихаттың VI шақырылымының депутаттарын сайлаған кезеңнен бастап аудан өмірінде, жалпы елімізде де маңызы зор оқиғаларға толы болды. Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік, Парламент Сенатына және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттарды сайлау болып өтті. 2016 жылдың 29 наурызынан жұмыс жасап келе жатқан аудандық мәслихаттың VІ шақырылымына Альберт Аққайнанов, Сайлаубек Темірғалиев, Еркінбек Мырзашев, Алтынзер Баймұратова, Толқын Бейсқали, Гүлнар Каримова, Сафура Сарсенғалиева, Айбар Алтыбаев, Мәлік Сүлейменов, Қанат Әнеттер сайланды. 2021 жылғы 15 қаңтарда аудандық мәслихаттың VІІ шақырылымына Қуаныш Айтуғанов, Альберт Аққайнанов, Айбар Алтыбаев, Қайырбек Баймұратов, Нұрбол Бижанов, Сәндігүл Дауленова, Айдана Жетібаева, Бағытжамал Жұмабаева, Жәнібек Кенжин, Венера Мырзағали, Сайлаубек Темірғалиев, Беркін Сұлтанотар сайланған.Олардың біреуі ІІІ шақырылымға, үшеуі ІІ шақырылымға, сегізі алғаш рет сайланғандар. Депутаттардың бесеуі білім, екеуі заңгер, біреуі экономист, біреуі жергілікті мемлекеттік басқару, біреуі ауыл шаруашылығы мамандары, екеуі түрлі салада еңбек ететін инженерлер. Депутаттардың оны «Nur Otan» партиясының, біреуі «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының, біреуі «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері. Мәслихат хатшысы болып Альберт Аққайнанов сайланды. 2023 жылдың 19 наурызында ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 12 адам аудандық мәслихаттың депутаттық мандатына ие болды. Олар: Толқын Бейсқали, Есенбай Нұров, Ризабек Амантай, Айбар Алтыбаев, Альберт Аққайнанов, Сайлаубек Темірғалиев, Алтынзер Баймұратова, Жәнібек Кенжин, Бауыржан Кереев, Жанболат Көкембаев, Беркін Сұлтанов. Аудандық мәслихаттың депутаттар құрамы 50 пайызға жаңарды. Жаңадан сайланған депутаттардың тоғызы ер, үшеуі әйел адам, олардың орташа жасы 46-ны құрайды. Депутаттардың үшеуі білім, төртеуі заңгер, біреуі мемлекеттік басқару, екеуі ауыл шаруашылығы мамандары, екеуі түрлі салада еңбек ететін инженерлер. Осы депутаттар Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, экология, әлеуметтік және қоғамдық мәселелер, бюджет, экономика және кәсіпкерлікті дамыту және заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқық қорғау мәселелері жөніндегі 3 тұрақты комиссияға бөлінген.

Аудандық мәслихат өз жұмысын 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес іске асырады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші бюджет болып табылатындықтан, депутаттық корпус атқарушы билік органдарымен бірлесіп, әр жылға арналған бюджетті қалыптастыруға қатынасты және есепті мерзімдегі аудандық бюджеттің орындалысы туралы экономика және қаржы бөлімінің есебін тыңдады. Қазақстан Республикасы Президентінің 18.01.2006 жылғы №19 «Әкімдердің маслихат алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, жыл сайын кезекті сессияларда «Аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы» есебі тыңдалып, аудан көлемінде әр жылдары атқарылған барлық жұмыстар сараланып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша депутаттар өз ұсыныстарын берді.

Аудандық мәслихат ұйымдастыруымен округтің тыныс-тіршілігімен танысып, жұртшылықпен, сайлаушылармен кездесіп, туындаған мәселелерді бірлесіп, ақылдасып шешу мақсатында дәстүрлі «Депутат күні» өткізіліп келеді. Алғыс айту күніне орай Сағыз ауылдық округінде, «Халыққа көмек» айдарымен, Қызылқоға, Мұқыр ауылдық округтерінде, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы-жаңғыру жолындағы батыл қадам» тақырыбымен ұйымдастырылған «Депутат күні» Жамансор елді мекеніндегі «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында басталды. Соңынан аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді Egov.kz веб-порталы арқылы алу туралы елдімекен тұрғындарына түсінік жұмыстарын жүргізді. Депутаттар Жамансор елді мекенінің бастауыш мектебінде тұрғындармен кездесіп, көшпелі қоғамдық қабылдау жасады. Мұқыр орта мектебінде «Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Аудандық мәслихат аппаратында қызметтік құжаттардың қаралуы мен өтуі, ақпарат алмасулар тиісті заң талабына сәйкес жүзеге асырылады. Мәслихат аппараты депутаттардың жұмысын ұйымдастыруда, оларға әдістемелік көмек беруде, нормативтік құқықтық актілерді қабылдауда заңдылықтарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарады. Халық қалаулыларының депутаттық міндеттерін жүзеге асыруына ұйтқы болып, оларға әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсетіп келе жатқан аудандық мәслихат аппараты заң талаптарына сәйкес өз жұмысын жетілдіруде. Аппараттың қызметтік міндетіне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарымен ақпараттар алмасу, тұрақты комиссиялардың жұмысын, депутаттардың сайлаушылармен кездесуін ұйымдастыру, оларды қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз ету, сессия құжаттарын әзірлеу жұмыстарында өзіндік іс-тәжірибелерін қалдырған зейнеткерлер Андрей Бисембаевты, Рита Қарасаеваны, Гүлзада Ермұқамбетқызының және аппараттың әр жылдардағы қызметкерлері Мұратбек Асанғалиев, Құмар Хасан, Райлым Досанова, Сағытжан Досымбаев, Нұрлыгүл Ерғалиева, Данияр Алтыбай, Ринат Сүйінов, Майра Мажитованың еңбектерін атап өткеніміз жөн. Депутаттар халықтың сенімді өкілі болғандықтан бұл істе елдің де таңдауы жатыр деген сөз. Өзінің қалыптасқан 30 жыл ішінде мүмкіндіктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы - қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүргізуде өз белсенділіктерін танытып келеді.

Бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін!

Толқын БЕЙСҚАЛИ,

аудандық мәслихат төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521